Өнер • 27 Шілде, 2018

Жамбыл облысында Астана күндері өтті

369 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы еліміздің барлық өңірінде жоғары деңгейде аталып өтті. Күн санап қарыштап дамып келе жатқан елорда елдігіміздің айғағы, мемлекеттігіміздің көрінісі екені анық. Бүгінгі таңда бас қалаға қарап еліміздің өзге облыстары мен қалалары бой түзеп келеді. Сондықтан да аймақтар үшін Астананың алатын орны ерекше.

Жамбыл облысында Астана күндері өтті

Айтулы мерейтойға орай Жамбыл облысында Астана күндері өтті. Осыған орай Әулиеата өңіріне Астана қаласынан қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев бастаған арнайы делегация келіп, жамбылдықтармен жүздесті. Әуелі елордалық делегация бірқатар өндіріс орындарын аралап, өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуын оң бағалап, өздерінің пікірлерін білдірді.

Бұдан кейін олар М.Х.Дулати атын­дағы Тараз мемлекеттік универ­си­тетінде өткен «Аймақаралық ынты­мақ­тастық биз­нес-форумына» қатысты. Мұнда өз салалары бойынша тәжірибе алмасты. Жиынды ашып, жүргізіп отырған Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов Астана  барлық өңірдің, соны­мен қатар әрбір қазақстандықтың мақ­танышы екенін айтып өтті. Сондай-ақ ол Әулиеата өңіріндегі Астана күн­де­рі аясында ұйымдастырылған бұл биз­нес-кездесу өзара ынтымақтастықты дамытуға және тәжірибе алмасуға таптырмас мүмкіндік екенін жеткізді.

Өз сөзінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев тарихы терең Тараз жерінің, әлеуеті артқан Әулие­ата өңірінің қонақжайлылығына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Астана қаласының әлем шаһарлары ара­сын­­дағы абыройы мен беделін қалып­тас­тырудағы Елбасының ерен еңбегін атап өтіп, бас қаланың гүлденуі жолында Жамбыл облысының да үлесі мол еке­нін айтты. «Бұл кездесу аймақтардың ара­сындағы сауда-экономикалық қарым-қа­ты­настардың одан әрі дамуына серпін береді» деп атап өтті Ермек Әмірханұлы.

Кездесу барысында Астана қалалық ин­вестиция және кәсіпкерлікті дамыту бас­қармасы басшысының орынбасары Ерлан Бекмұрзаев, «Астана» ӘКК» ҰК» акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары Досбол Күшербаев, «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Серік Құсайынов, «Смарт­нет» жеке кәсіпкерлігінің директоры Таир Қожахметов және «Лед Солюшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қаныбек Айтақов сөз алып, Астана қаласында атқарылып жатқан келелі жобалар мен жарқын істерге тоқ­талды. Сондай-ақ бүгінде даму­дың даңғыл жолына түскен Тараз қала­сын­да да түрлі игі жобаларды бірлесе ат­­қаруға ниет білдірді. Аталған форум ая­сында қос тараптың өкілдері ара­сын­да ынтымақтастық жөніндегі ме­мо­рандумға қол қойылды.

Бұдан кейін астаналық делегацияның қаты­суымен облыстық өлкетану музей­ін­де «Ақ тілекпен, Астана!» атты көр­менің ашылу салтанаты өтті. Мұнда қо­нақ­тар Астананың және Әулиеатаның та­ри­хына қатысты дүниелерді тамаша­лады. Бас қаланың байтақ мерейтой­ына орай Жамбыл облысындағы Астана күндері аясында «Баласағұн» орта­лық концерт залында Астана қаласы әкім­ді­гінің Мемлекеттік академиялық филар­мониясы әулиеаталық көпшілікке «Астанадан ақ тілек...» атты концерттік бағ­дарламасын ұсынды. Концерт барысында Астана қаласы филармониясының «Шалқыма» би ансамблі, Эстрада би ансамблі, Қазақ оркестрімен қатар, Гүлмира Ақүрпекова, Клара Төленбаева, Алмас Кішкенбаев сынды танымал әншілер өнер көрсетті.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»