Спорт • Кеше

Әлем чемпионатына көлеңке түсті: АҚШ-тағы тексерістер халықаралық сынға ұшырады

3 мин
оқу үшін

Футболдан Ресей мен Катарда өткен соңғы екі әлем чемпионаты әлем халықын біріктіретін күш екенін айқын көрсетті. Алайда 2026 жылғы доп додасы жақындаған сайын АҚШ-тағы визалық шектеулер мен күшейтілген қауіпсіздік тексерістері халықаралық футбол қауымдастығында алаңдаушылық туғызуда, деп хабарлайды Egemen.kz

Әлем чемпионатына көлеңке түсті: АҚШ-тағы тексерістер халықаралық сынға ұшырады

Соңғы айларда бірқатар елдердің футболшылары, төрешілері мен делегация мүшелері АҚШ аумағына кіру кезінде түрлі кедергілерге тап болғаны туралы ақпараттар жазылып, көрсетіліп жатыр. Бұл жағдай футбол жанкүйерлері мен сарапшылар арасында спортты саясиландыру деген пікірталас тудырып отыр.

Мәселен, Өзбекстан құрамасы Нидерландқа қарсы ойын алдында полицияның арнайы тексеруінен өтті. Тексеру барысында қызметтік иттер де пайдаланылды.

Ирак құрамасының көшбасшысы Айман Хусейн АҚШ әуежайында шамамен жеті сағат бойы «күдікті» ретінде жауап берген. Ал команданың фотографы он сағатқа созылған тексеруден кейін ел аумағынан кетуге мәжбүр болған.

Африканың үздік төрешілерінің бірі саналатын сомалилік Омар Артан дипломатиялық төлқұжаты бола тұра АҚШ-қа кіре алмаған.

Иран құрамасының 15 қызметкеріне америкалық виза берілмеген. Соның салдарынан команда дайындық базасын Мексикада орналастыруға мәжбүр болды. Тіпті топтық кезеңдегі барлық кездесулерін АҚШ-та өткізсе де, әр ойыннан кейін ел аумағынан шығып, қайта кіру тәртібін сақтауға тура келіп отыр.

Ал Сенегал құрамасы ұшақтан түспей тұрып-ақ ұшу-қону жолағында тексеруден өткені хабарланды.

Сарапшылардың пікірінше, қауіпсіздік талаптарын күшейту кез келген мемлекет үшін заңды қадам болғанымен, мұндай жағдайлар әлем чемпионатының негізгі құндылықтарына көлеңке түсіруі мүмкін. Өйткені футболдың басты миссиясы – ұлттар мен мәдениеттерді жақындастыру. Ал қатысушылардың төлқұжаты немесе шыққан еліне байланысты шектеулер турнирдің ашықтығы мен қолжетімділігі туралы сұрақтар туындатады.

Әзірге 2026 жылғы әлем чемпионаты басталған жоқ. Сондықтан оның «тарихтағы ең нашар әлем чемпионаты» болатынын айту ерте. Дегенмен турнир қарсаңында туындаған визалық және шекаралық мәселелер ұйымдастырушылар үшін маңызды сын-қатерге айналып отыр. Егер мұндай жағдайлар жалғаса берсе, жанкүйерлер мен қатысушылардың көңіл-күйіне әсер етуі әбден мүмкін.

Айтпақшы, әлем чемпионатын тікелей эфирден көрсетілетін уақыт белдеуі біздің ел үшін қолайлы деп айтуға келмейді. Кездесулердің басым бөлігі түн жарымда, таңға жақын немесе жұрт жұмысқа баратын таңертеңгі уақытқа сәйкес келіп тұр. Сондықтан, осы жолғы әлем чемпионаты футбол жанкүйерлерінің шыдамын шыңдайтын сынақ болмақ.

Әлем чемпионатының топтық кезеңінде доп тебетін барлық командалардың кестесі мен уақытын осы жерден көруге болады.

Айта кетейік, футболдан әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада  өтеді.

Футболдан Әлем чемпионатын қайдан көруге болады?

 

Соңғы жаңалықтар