Медицина • 31 Шілде, 2018

Сот шешімімен еңбек өтілі қайтарылады

349 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында редакцияға хабарлас­қан Қ.Арманбаева атты азамат өзінің еңбек кітапшасының даулы болған парағын жіберіп, төмендегі мән-жайды түсіндіріп беруді сұрады. Онда еңбек парақшасының 5 жазбасында хат жолдаушы 24.05.1989 жылы Алматы «Құрылыс» бірлес­тігіне қаржыгер болып қабылданған екен. Ал ол жұмыстан 10.06.1993 жы­лы өз еркімен босаған. Бірақ осы жылдар аралығында, яғни 1991 жы­лы Қазақстан өз тәуелсіздігін жария­лағаны белгілі. Міне, осыны желеу еткен Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі: «Сіз 10.06.1993 жылы жұмыстан шыққанда параққа бұрынғы, яғни ескі мөр басылған, сондықтан бұл үш жыл сіздің зейнетақы жылдарыңызға енбейді», депті. Мұндай жағдайда мен не істеуім керек деп сұрайды хат иесі. Жалпы, мұндай сипаттағы мәсе­лелердің көптеген адамдарды толғандырып жүргені де рас. Сон­дықтан біз бұл жағдайда не істеу қажеттігін білу үшін адвокат Сейфулла ШЫҢҒЫСҚА  жолығып, заңгерлік кеңес беруін сұрадық.

Сот шешімімен еңбек өтілі қайтарылады

– Қазақстан Респуб­лика­сының бұрынғы Денсау­лық сақтау және әлеу­меттік да­му министрінің 2015 жыл­ғы 30 қарашадағы «Ең­бек кітапшаларының нысанын, олар­­ды жүргізу және сақтау қағида­ларын бекіту туралы» № 929 бұйры­ғының 11-тар­мағында: «Еңбек кі­тап­шасында қызметкердің еңбек қызметі туралы жаңсақ немесе нақ­ты емес жазбалар анықталған жағ­дайда, өзгерістерді тиісті жазбаны енгізген жұмыс беруші жүзеге асырады», деп жазылған. Оған қоса 12-тармағында: «Егер жаңсақ немесе нақты емес жазбаларды енгізген жұ­мыс беруші – заңды тұлға қайта ұйымдастырылса, өз­геріс­терді оның құқықтық мирасқоры енгізеді», деп тайға таңба басқандай көр­сеткен.

Демек, Қ.Арманбаеваға осы бұй­рықтың негізінде, алдымен, 1989-1993 жылдар аралығында жұмыс жасап кеткен мекеменің құ­қықтық мирасқорын табу керек. Яғни атауы басқа мем­лекеттік орган. Егер ол мекеменің құқықтық мирас­қорлары анықталмаған жағ­дай­да сотқа еңбек өтілін есептеу үшін белгілі бір кәсіп­орында немесе басқа тұлғада жұмыс істеу фактісін анықтау туралы арызбен жүгінуге құқығы бар. Талап арызға ең­бек кітапшасынан бөлек, мем­лекеттік мұрағаттың анық­та­масы, зейнетақы таға­йын­дай­тын мекеменің ресми жауабы, жұмыс орнынан алған марапаттау қағаздар және бас­қа­ да құжат­тарды тіркеу қажет, соны­мен қатар сол уақытта бірге жұ­мыс істеген әріптестерді куә ретін­­де сот­қа шақыруға болады. Сот шешімімен бұл кісінің сол мем­лекеттік мекемеде жұмыс жаса­­ғандығын анықтап берген жағдайда, зейнетақы та­ғайындайтын мекеме заңдық кү­шіне енген сот шешімінің не­гі­зінде есепке алынбай қал­ған жылдарды еңбек өтіліне жатқызады.

Жазып алған

Александр ТАСБОЛАТ,

«Егемен Қазақстан»