Аймақтар • 09 Тамыз, 2018

Ақтөбе аймағында дәнді-дақылдар егістігінің көлемі 700 мың гектарға жетті

716 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әр жылдағы егін орағының өзіне тән ерекшелігі болмай қалмайды. Биылғы өзгешелік ауа-райының салқындығы мен қолайсыздығы әрі үздіксіз жауын-шашын болуы салдарынан көктемгі егіс салу жұмыстарының алдыңғы жылдармен салыстыра қарағанда бір-екі аптаға кеш басталғандығы. 

Ақтөбе аймағында дәнді-дақылдар егістігінің көлемі 700 мың гектарға жетті

Сондай-ақ биыл Ақтөбе аймағында дәнді-дақылдар егістігінің көлемі әжептәуір өсіп, 700 мың гектарға жеткізілді. Ұлғайған алқаптардан о баста көздеген көлемде өнім алынса, астық өсірушілердің үміті мен сенімі ақталғаны емес пе?

Ақтөбелік тауар өндірушілер алға қойған осындай мақсаттарына қол жеткізе ала ма? Бұл сауалға әзірше нақты жауап қайтару ертерек деп білеміз. Өйткені өңірдегі егіс алқаптарының басым бөлігінде бидайдың масақтарының дәнденуі мен толысу кезеңі енді ғана аяқталып келеді. Соған қарамастан қазіргі күні егіс алқаптарында күздік бидай мен арпа егістігін ору жұмыстары басталып кетті. Атап айтқандай аймақтағы Қобда, Мәртөк, Мағалжар және Темір ауданының аграршылары 20 000 гектардан астам егістіктің өнімін орып үлгерді. Мұндағы өнімділік әр гектарға шаққанда 7,5 центнерді құрайды. Суармалы егістік емес, тәлімі жер жағдайында мұны төмен көрсеткіш деуге болмас еді. Мұндай жағдайда бидайдың құрамындағы қамырлылық мөлшері жоғары болады деп тұжырымдайды аграршы-ғалымдар.

Алдағы күндерде аймақта жаппай егіс ору жұмыстары кеңінен қарқын алады деп күтілуде. Қазіргі күні оған қажетті ауыл шаруашылығы техникалырының 98 пайызы жауапты сәт пен шақты ойдағыдай өткізу үшін сақадай сай әзір. Сондай-ақ дихандарды жанар май және жағар май мәселелерімен қамтамасыз ету ісінде де айта қаларлықтай кедергілер кездеспейді. Өйткені өткен шілде айында республиканың ауыл шаруашылығы министрлігі облыстағы егін ору науқанын қалыпты жағдайда жүргізу үшін 8,5 мың тонна жағар май отынын жеңілдетілген ағамен бөліпті. Оның әр литрінің бағасы 162 тенге. Бүгінгі нарық кеңістігінде бұл баға 182 теңге екенін ескерсек, оның өзі астық өсірушілер үшін әжептәуір көмек болып шығады. Яғни бұл дерек жеңілдетілген жағар май бағасы 11 пайыз екенін көрсетеді.

Қазіргі күні оның тең жартысынан астамы облысқа жеткізілген. Сондай-ақ бірқатар бөлігі ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге бөлінген. Бүгінде тұтастай республикамызда, соның ішінде Ақтөбе облысында ауа-райы егіс ору науқанын кідіріссіз жүргіуге қолайлы болып тұрғаны белгілі. Осы мүмкіндікті бос жібермеуге ақтөбелік астық өсірушілер бір кісідей жұмылған.

Тағы бір айтайын дегеніміз, өңірде сонау кеңестік кезеңде салынған элеваторлар мен астық сақтау қоймаларының дені кейінгі кезде иесіздікке ұшырағаны әрі ескіргені жасырын емес. Соған қарамастан облыста 2018 жылдың өнімін сақтауға қажетті барлық шаралар алынған. Бұл үшін мұнда алты элеваторға астық қабылдау үшін арнайы лицензия берілген. Мұның сыртында облыстағы көптеген жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен агрофирмаларда өздерінің астық сақтау орындары бар екенін ескерсек бұл істе кідіріс болмайтыны анық.

Астық өсіру ісінде үздіксіз, кешенді көзқарас қалыптаспаса бұл саланың бәйгесі алысқа бара алмайды. Осы орайда айтайын дегеніміз егіс орағы аяқталған соң өңірдегі ауылшаруашылығы құрылымдары алдағы жылдың егістігіне қажетті сапалы тұқым әзірлеу мен топырақтың құнарлылығы мен өнімділігін көтеру жұмыстарына кірісіп кететіндігі. Бұл жөнінде газет тілшісіне Ақтөбе облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай айтып берді.

Міне, осылайша қазіргі кезде Ақтөбе аймағында жоғарыда айтылғандай егіс ору науқаны күннен-күнге қарқын алып келеді. Ендеше іске сәт демекпіз!

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ