Үкімет • 18 Қыркүйек, 2018

Арман Евниев қант тапшылығына қатысты ақпаратты теріске шығарды

386 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев Қазақстандағы қант тапшылығы туралы жүрген қауесетке қатысты түсініктеме берді.

Арман Евниев қант тапшылығына қатысты ақпаратты теріске шығарды

Еске сала кетейік, өткен аптада өз өндірістерінде қантты пайдаланатын компаниялардың өкілдері жақын арада аталған өнім тапшылығы орын алуы мүмкін деген мәлімдеме жасаған еді.

Арман Евниев ішкі нарыққа зерттеу жүргізілгенін, алаңдауға ешқандай да себептердің жоқ екенін айтты.

«Халық еш уайымдамауы керек, себебі, біріншіден, бізде теңгерім, қант көлемі, экспорт және импорт бойынша есептер бар. Қазақстанда отандық қант өндірісі артып келеді: егер 2011 жылы қант қызылшасынан алынған қант мөлшері 200 мың тоннаны құраса, биыл 460 мың т астам болады деп жоспарлап отырмыз», — деді А. Евниев.

Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі бұндай қауесеттің тарауына не себеп болғанын түсіндіріп өтті.

«Жазда Үкіметтің қаулысы қабылданды. Тамыз айынан бастап ЕАЭО бойынша серіктестермен уағдаластықтар аясында үшінші елдерден Қазақстанға құрақ қантының бажсыз жеткізілуі шектелді. Яғни, аталған топтамаларға баж салығы $340 көлемінде болады. Иә, қымбаттаушылық бар», — деді бірінші вице-министр. Бұл шара, оның айтуынша, отандық өндірісті дамыту мақсатында қабылданды. Әлеует — елімізде қажетті жер, су, тауар өндірушілер бар.

Сондай-ақ, А. Евниев бүгінде қант саласын дамыту бойынша салалық бағдарлама әзірленіп жатқанын жеткізді.

«Үкімет деңгейінде оперативті шаралар кешені талқыланып, іске асырылып жатыр. Еуразия қант қауымдастығымен уағдаластық бар. Осы аптаның соңына дейін олар тиісті келісімшарттарға сәйкес, қант жеткізу мүмкіндіктерін растау және бекіту үшін Қазақстанға келеді, яғни, өнім көлемі мен жеткізу бағасын бекітеді», — деді бірінші вице-министр. Осылайша, ресейлік өндірушілер Қазақстан нарығына қант жеткізе алмайды деген мәлімдеме шындыққа жанаспайды.

Арман Евниевтің айтуынша, Үкіметтің қаулысы қабылданғанға дейін жеке компаниялар 10 мың тоннаға жуық қант жеткізген.

«Бірақ бұл қант кедендік тазартудан өтпеді, және оған жаңа тәртіп бойынша кедендік баж салығы салынуы керек деген мәселе туындады. Қазір осы кәсіпорындарға, шұғыл шара ретінде, осы қантты бұрынғы шарттарға сәйкес, яғни нөлдік мөлшерлеме бойынша кедендік тазартуға рұқсат беретін Үкіметтің тиісті шешімі әзірленуде», — деді бірінші вице-министр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда Қазақстанның тұрақтандыру қорларында 15 мың тоннаға жуық қант бар, сондай-ақ қажетті қант көлемін сатып алуға арналған қаражат бар.

«Бұл біз қабылдай алатын шаралардың толық тізімі емес, сондықтан халықты алаңдатудың қажеті жоқ. Екінші жағынан, әлемдік нарықта қанттың артық өндірілгені байқалады. Бұл адамдардың көпшілігінің пайдалы тағам жеуді арттырып, қант тұтынуды азайтып, жеміс-жидек, бал және т.б. тағам түрлерін тұтынуға көшуімен байланысты», — деп түйіндеді бірінші вице-министр.

Бүгінгі таңда отандық қант өндірушілер жалпы нарықтың 10%-ын қамтамасыз етеді. Қазақстанда қант Алматы мен Жамбыл облыстарында өндіріледі. Сонымен бірге, қант өндіруге қажетті барлық мүмкіндіктер Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында бар. Болашақта осы бағытта инвестициялық жобалар іске асырылады.

Соңғы жаңалықтар

Тазалыққа жұмылған жұрт

Аймақтар • Бүгін, 22:30

Сан қырлы қаламгер

Қоғам • Бүгін, 22:20

Жанған хаттан жазу оқыған

Таным • Бүгін, 22:00

«Мона Лиза» көшіріле ме?

Мәдениет • Бүгін, 21:45