Спорт • 01 Қазан, 2018

Рухы асқақ спортшы - Әділбек Түктібаев

516 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Рухы асқақ спортшы - Әділбек Түктібаев

Суретте: Әділбек Түкті­баев жұ­­байы Шәрбан, ұлы Қуандықпен

Бұдан бірнеше жыл бұрын Бесқарағай ауданының орта­лығы Боғаста іссапармен бол­ға­нымда Әділбек Түктібаев деген азаматпен танысқан едім. Ол кезде Әдекең аудандық әлеу­меттік қамту және бағдарлама бөлімі бастығы қызметін атқа­ратын. Бірақ сол жолы рухы мықты азаматтың екінші топ­тағы мүгедек екенін, тағ­дыр тауқіметін тартса да қиын­дыққа мойымай, спортпен шұ­ғылданғанын, үстел теннисінен облыс чемпионы, бірнеше рет республикалық, халықаралық жарыстарда мерейі үстем бол­ғанын білмеген едім. Маусым айында аталмыш ауданға тағы барудың сәті түскен еді.

Аудан орталығы Боғас соң­­ғы кездері адам танымас­тай өзгеріп кетіпті. Көшелері асфальтталған, аспа шамдары жар­­­­қыраған аудан орталығының күнбатыс жағындағы орталық стадион ерекше құлпырып кеткен. Жақында ғана стадионның жанынан воркаут ашылыпты. Ауылдың көрікті жеріндегі осы жерден дене шынықтыру және сауықтыру кешені бой түзепті. 

– Ауданда 622 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың көбі бос уақытында спортпен шұғылданады. Мен ұзақ жылдар спортты өзіме серік етіп келемін. Отан алдындағы борышымды Моңғолиядағы әскери-әуе күштерінде атқарған едім. Әскерилер арасындағы сайыс­тарда сан мәрте жүлдегер атандым. Амал бар ма, пәле деген аяқ астынан екен, әскери жаттығу кезінде жараланып, бір аяқ, бір қолымды моңғол жеріне тастап кеттім. Ұзақ жылдар аудандық әлеуметтік қамту және бағдарлама бөлімін басқардым. Қазір аудандық ішкі саясат бөлімінде дін жөніндегі қызметті атқарып жүрмін, – деп Әділбек Тақанұлы Түктібаев бі­­раз жайдан мағлұмат бере кетті.

Әдекеңнің үйінде болған кезде әңгіменің тиегін ағытып, фотосуреттермен таныстық. Әр жылдары жеңіп алған кубоктары мен грамоталары, облыс әкімі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан алған Алғыс хаттары бір төбе. Әде­кең­­нің отбасы да спорт десе ішкен асын жерге қоятын көрінеді. Ұлы Қуан­дық Әділбекұлы дзюдодан жас­өспірімдер арасында сан мәр­те жүлдегер атаныпты. Биыл 11 сыныпты аяқтаған Қуандық жо­ғары оқу орнының студенті. Жұ­байы Шәрбан Сабырханқызы мен қызы Ботагөз де бос уақыт­­тарын мәнді өткізуге назар аударады.

– Спорт – менің жан серігім. Үстел теннисінен өткен жары­с­тарда облыс намысын абырой­мен қорғап келемін. Пав­лодар, Шымкент, Қостанай қалала­рын­да мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен респуб­ли­ка­­­­­лық біріншіліктерде жүлде тердім. Павлодарда өткен пара­лимпиадалық ойындарда қола медальды иелендім. Ауданда 622 мүм­кіндігі шектеулі жан бар деп жоғарыда айтқан едім. Со­ның бірі Александр Мирков биыл же­ңіл атлетикадан өткен облыс­тық, аудандық жарыста үш рет жүл­­д­егер атанды. Ауданда мүге­дек­тер қоғамын ашатын уақыт жет­ті деп есептеймін. Егер оны аш­сақ, спортпен шұғыл­да­на­тын­­­дар қатары өсетіні сөзсіз. Қа­­зірдің өзінде шахмат, дойбы, спорт­­тың басқа түрі дами түсер еді. Жалпы алғанда аудан әкімі Дәу­лет Батырбаев бізге қамқор­лық жасап келеді. Биыл табиғаты та­мылжыған ну орман ішінде «Елі­май» балалар лагерін ашып, екі жүзден астам бала спорт жарыс­тарына қатысты. Спорттың басқа түр­лерінен, атап айтқанда, ат спор­ты, қазақ күресі де күрт да­мып келеді, – дейді Әділбек Тақанұлы.

Рухы сынбаған, спортты өзіне серік еткен Әдекең басқа азаматтар да үлгі!

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

Шығыс Қазақстан облысы,

Бесқарағай ауданы