Суретте: Әділбек Түктібаев жұбайы Шәрбан, ұлы Қуандықпен
Бұдан бірнеше жыл бұрын Бесқарағай ауданының орталығы Боғаста іссапармен болғанымда Әділбек Түктібаев деген азаматпен танысқан едім. Ол кезде Әдекең аудандық әлеуметтік қамту және бағдарлама бөлімі бастығы қызметін атқаратын. Бірақ сол жолы рухы мықты азаматтың екінші топтағы мүгедек екенін, тағдыр тауқіметін тартса да қиындыққа мойымай, спортпен шұғылданғанын, үстел теннисінен облыс чемпионы, бірнеше рет республикалық, халықаралық жарыстарда мерейі үстем болғанын білмеген едім. Маусым айында аталмыш ауданға тағы барудың сәті түскен еді.
Аудан орталығы Боғас соңғы кездері адам танымастай өзгеріп кетіпті. Көшелері асфальтталған, аспа шамдары жарқыраған аудан орталығының күнбатыс жағындағы орталық стадион ерекше құлпырып кеткен. Жақында ғана стадионның жанынан воркаут ашылыпты. Ауылдың көрікті жеріндегі осы жерден дене шынықтыру және сауықтыру кешені бой түзепті.
– Ауданда 622 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың көбі бос уақытында спортпен шұғылданады. Мен ұзақ жылдар спортты өзіме серік етіп келемін. Отан алдындағы борышымды Моңғолиядағы әскери-әуе күштерінде атқарған едім. Әскерилер арасындағы сайыстарда сан мәрте жүлдегер атандым. Амал бар ма, пәле деген аяқ астынан екен, әскери жаттығу кезінде жараланып, бір аяқ, бір қолымды моңғол жеріне тастап кеттім. Ұзақ жылдар аудандық әлеуметтік қамту және бағдарлама бөлімін басқардым. Қазір аудандық ішкі саясат бөлімінде дін жөніндегі қызметті атқарып жүрмін, – деп Әділбек Тақанұлы Түктібаев біраз жайдан мағлұмат бере кетті.
Әдекеңнің үйінде болған кезде әңгіменің тиегін ағытып, фотосуреттермен таныстық. Әр жылдары жеңіп алған кубоктары мен грамоталары, облыс әкімі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан алған Алғыс хаттары бір төбе. Әдекеңнің отбасы да спорт десе ішкен асын жерге қоятын көрінеді. Ұлы Қуандық Әділбекұлы дзюдодан жасөспірімдер арасында сан мәрте жүлдегер атаныпты. Биыл 11 сыныпты аяқтаған Қуандық жоғары оқу орнының студенті. Жұбайы Шәрбан Сабырханқызы мен қызы Ботагөз де бос уақыттарын мәнді өткізуге назар аударады.
– Спорт – менің жан серігім. Үстел теннисінен өткен жарыстарда облыс намысын абыроймен қорғап келемін. Павлодар, Шымкент, Қостанай қалаларында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен республикалық біріншіліктерде жүлде тердім. Павлодарда өткен паралимпиадалық ойындарда қола медальды иелендім. Ауданда 622 мүмкіндігі шектеулі жан бар деп жоғарыда айтқан едім. Соның бірі Александр Мирков биыл жеңіл атлетикадан өткен облыстық, аудандық жарыста үш рет жүлдегер атанды. Ауданда мүгедектер қоғамын ашатын уақыт жетті деп есептеймін. Егер оны ашсақ, спортпен шұғылданатындар қатары өсетіні сөзсіз. Қазірдің өзінде шахмат, дойбы, спорттың басқа түрі дами түсер еді. Жалпы алғанда аудан әкімі Дәулет Батырбаев бізге қамқорлық жасап келеді. Биыл табиғаты тамылжыған ну орман ішінде «Елімай» балалар лагерін ашып, екі жүзден астам бала спорт жарыстарына қатысты. Спорттың басқа түрлерінен, атап айтқанда, ат спорты, қазақ күресі де күрт дамып келеді, – дейді Әділбек Тақанұлы.
Рухы сынбаған, спортты өзіне серік еткен Әдекең басқа азаматтар да үлгі!
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Шығыс Қазақстан облысы,
Бесқарағай ауданы