Спорт • Кеше

Кака кетіп, Какау келді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Футзалдан еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкері болып Какау (толық аты-жөні – Рикардо Камара Собрал) тағайындалды. Бұл жаңалықты жанкүйерлер жылы қабылдады.

Кака кетіп, Какау келді

54 жастағы бразилиялық маман 2013–2018 жылдар аралығында да дәл осы қызметте болған. Какаудың жетекшілігімен еліміздің бас командасы 2016 жылы Еуропа чемпионатында айды аспанға бір-ақ шығарып, қола медальді олжалады. Бапкер Алматының «Қайрат» клубының тізгінін ұстағанда жерлестеріміз УЕФА кубогін иеленіп, елішілік жарыстарда қарсылас шақ келтірмеді. Басқа да дүбірлі додаларда дараланды. Сол аралықта ел құрамасын жеті жылдай Кака (Паулу Рикарду Фигероа Силва) жаттықтырды. Бұл маманның да тұсында жерлестеріміз үлкен ареналарда елеулі табыстарға қол жеткізді.

Бас бапкерлік қызметке тағайындалғаннан соң Какау БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, алдағы жоспарлары туралы айтты. Әңгіме барысында ол: «Шақырту алғанда қатты қуандым. Менің Қазақстанды қалай жақсы көретінімді жанкүйерлер біледі. Сегіз жылдай басқа жақта еңбек етсем де, өзіме ыстық Қазақ елін ешуақытта назарымнан тыс қалдырған емеспін. Олар қандай жарысқа қатысса да, әр кез тақымымды қысып, тілеуін тілеп отырғаныма жанымдағы адамдар куә. Біз енді Еуропа мен әлем чемпионаттарына қайта жолдама алып, сол жарыстарда барынша табысты өнер көрсетуге тиіспіз. Сол жос­парды жүзеге асыруға жылдар бойы жиған мол тәжірибемді пайдалана отырып, бар күшімді саламын», деп ақтарыла сөйледі.

Қазір бапкерлік құрамда біраз ауыс-түйіс болып жатыр. Күні кеше белгілі футзалшы Дінмұхамбет Сүлейменов бас бапкердің көмекшісі қызметіне тағайындалды. Бұл есім спортсүйер қауымға жақсы таныс. Ол 2009–2019 жылдары Алматының «Қайрат» клубы сапында жасындай жарқылдады. Кейіннен Талдықорғанның «Жетісуына» ауысып, сол жақта мансабын аяқтады. 10 жылдан аса уақыт бойы еліміз құрамасының белді ойыншыларының бірі әрі капитаны болды. Д.Сүлейменовтің Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, УЕФА кубогінің екі дүркін жеңімпазы, әлем суперкубогінің иегері, еліміздің 9 дүркін чемпионы, тағы басқа да атақтары бар.

Соңғы жаңалықтар