Қоғам • Кеше

Өскеменнің жылу мәселесін жаңа ЖЭО шешпек

1 мин
оқу үшін

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен есептік кездесу өткізіп, өңірдің энергетика саласындағы ахуал мен жүзеге асып жатқан инфрақұрылымдық жобалар туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz

Өскеменнің жылу мәселесін жаңа ЖЭО шешпек

Кездесу барысында электрмен және жылумен жабдықтау жүйелерінің сенімділігін арттыру, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Вице-министрдің айтуынша, 2023–2025 жылдары Риддер жылу электр орталығын жаңғыртуға 20,2 млрд теңге инвестиция салынған. Соның нәтижесінде жабдықтардың тозу деңгейі 75 пайыздан 43 пайызға дейін төмендеп, қаланы жылумен қамтамасыз ету жағдайы тұрақтандырылды. Ал 2026 жылы стансаны жаңғыртуға қосымша 2,6 млрд теңге бөлініп, екі қазандық пен 3,3 шақырым жылу желісіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Кездесуде Өскемен қаласында жаңа жылу электр орталығын салу жобасы да таныстырылды. «Самұрық-Энерго» АҚ жүзеге асырып жатқан жоба аясында қуаты 360 МВт электр энергиясын және сағатына 1000 Гкал жылу өндіретін жаңа станса бой көтермек. Бұл нысан Өскемендегі қазіргі жылу энергиясы тапшылығын толық өтеуге мүмкіндік береді.

Жаңа ЖЭО құрылысы үшін қаланың сол жағалауынан арнайы жер телімі бөлінген. Жоба заманауи таза көмір технологияларын пайдалануды көздейді. Қазіргі уақытта құрылыс алаңын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысанды 2029 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Жұмыс сапары аясында Сұңғат Есімханов Риддер ЖЭО-дағы жөндеу науқанының барысымен танысып, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тексерді.

Соңғы жаңалықтар