Әлем • 08 Қазан, 2018

Елбасы жолдауы. Шетелдік басылымдарға шолу

474 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елбасы жолдауы. Шетелдік басылымдарға шолу

Халықтың тұрмысы жақсарады

Жолдауда айтылған экономикалық мәселелер мен халықтың тұрмысын жақсарту мәселелеріне Regnum.ru агенттігі де назар аударды. 

Ақпарат агенттігі Н.Назарбаевтың ха­лық­қа Жолдауында шикізаттық емес экономикаға тартылатын тікелей инвес­тицияға арналған арнайы қор құруды тап­сырғанын жазады. Мұндай қадам ау­қымды жобаларды жүзеге асыруға мүм­кіндік бермек. 

Осы бастаманы жүзеге асыру үшін 300 миллиард теңге қарастырылған. Агенттік осының арқасында шетелдік инвесторлардың Қазақстанға қы­зығушылығы арта түседі деп пайымдайды. 

«Қазақстан Президенті басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру міндетін шешу үшін Ұлттық банкке кемінде 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлуді тапсырды. Сондай-ақ осы қаражаттың көзделген мақсатқа жұмсалуын қатаң бақылауды қамтамасыз етуі керектігін атап өтті», дейді Regnum.ru. 

Бұдан кейін ақпарат агенттігі Елба­сының отандық тауарларды тұтынуға және қолдауға шақырып, қазақстандық тауар өндірісін жандандыру қажеттігін айтқанын жазады. 

Сондай-ақ 2030 жылға дейін аумақтық дамыту жөніндегі жоспар жасалатынына да тоқталып өтті. Құжатқа сәйкес, ауылдар мен елді мекендердің болашағы зерттеледі. «Н.Назарбаев жоспар елдегі урбанизацияны басқаруға мүмкіндік беретінін атап өтті. «Инфрақұрылым адамдарға» моделінен «адамдар инфрақұрылымға» моделіне бірте-бірте көшу қажеттігін мәлімдеді», дейді Regnum.ru.
 

Экономикаға маңыз берілді

Trend ақпарат агенттігі Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың халыққа Жолдауына ерек­ше назар аударды. Әсіресе Пре­зи­денттің ел экономикасын одан әрі дамыту туралы ойларына жекелей тоқталды. 

Әзербайжандық ақпарат агенттігі «Биз­нестің жол картасы-2020» бағдар­ла­масын 2025 жылға дейін ұзарту қарас­ты­рылғанын атап өтті. 

«2010 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске қос­тық. Өңірлерге барған сапарымда бұл тиімді бағдарлама екеніне көз жеткіздік. Бағ­дарламаны 2025 жылға дейін ұзартуымыз керек. Оны жүзеге асыру үшін жыл сайын кемінде 30 млрд теңге бөлуіміз қажет», деген болатын Елбасы.

Trend Жолдауда айтылған тағы бірқатар мәселелерге назар аударды. Мәселен, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 процентке көбейту міндетін қойды. Осыған сәйкес, алдағы уақытта жыл сайын ауыл шаруашылығына 100 миллиард теңге қарастырылады. 

Ақпарат агенттігі өнеркәсіп саласын ілгерілендіру үшін алдағы үш жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлінетінін де атап өткен. Trend-тың пайымдауынша, бұл ел экономикасын нығайта түсіп, өнеркәсіп саласын дамытуға зор үлес қосады. 
 

Әлеуметтік сала басты назарда

Елбасы Жолдауына бауырлас Түркияның бұқаралық ақпарат құралдары да назар аударған екен. Haberler басылымы Жолдауда халықтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты әлеуметтік маңызды мәселелер айтылғанын жеткізеді. 

«Жолдауда айтылған бағыттарға қарағанда, Қазақстанның жаңғыруында әлеуметтік мәселелерге басымдық берілгені аңғарылады. Н.Назарбаевтың адам капиталына ерекше мән беруі өңірдегі даму моделінің жаңа бір белеске көтерілгенін көрсетеді», дейді Haberler. 

Басылымның пайымдауынша, Жолдауда айтылған мәселелер адам капиталын дамытуға ерекше үлес қоспақ. Яғни, осы қадам арқылы Қазақстанда әлеуметтік мемлекет құру идеясы жүзеге асырылады. 

«Мемлекеттің басты міндеті – халқына қызмет ету. Осы орайда, Н.Назарбаевтың мақсаты Қазақстан халқын бәсекеге қабілетті ұлтқа айналдыру. Оны жүзеге асыру адамдардың денсаулығына, білімге, мәдениетке және кәсіпкерлікке тікелей байланысты», дейді Haberler.

Шолуды дайындаған 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»