Алқа жұмысына Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғабит Байжанов, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, орталық мемлекеттік органдар мен монополист-кәсіпорындардың басшылары қатысты.
Бас прокурор қатысушыларға Мемлекет басшысының Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және табиғи монополистер көрсететін қызметтердің ақысын өсірмеу туралы тапсырмасын еске салды.
– Президент монополистердің қызметіне тиімді мониторинг жасауды және баға белгілеу кезінде ашықтықты қамтамасыз етуді талап етті. Тариф мәселесі халық үшін өте маңызды, өйткені отбасылық бюджеттен коммуналдық қызметтерге айтарлықтай қаржы жұмсалады, – деді Қ.Қожамжаров.
Ол тариф белгілеуге қатысты бірқатар салалық проблемаларды, соның ішінде Энергетика және Ұлттық экономика министрліктері тарапынан мемлекеттік бақылаудың тиісті деңгейде жүргізілмегенін атап өтті. Оған қоса, Қ.Қожамжаров аталған министрліктердің тариф белгілеу саласындағы мемлекеттік бақылауын «бұлыңғыр» деп атады.
Мәселен, тексерулер кезінде еліміздегі көптеген электр стансалары тұтынушылар үшін электр энергиясының бағасын жоғарылатуға әсер еткен негізсіз тарифтер бойынша ұзақ уақыт жұмыс істегені анықталды. Осының нәтижесінде энергия беруші және жабдықтаушы ұйымдар тарифтерді көтеру арқылы 29 млрд теңге мөлшерінде пайда тапқан.
– Бір жағынан, тарифтерге монополияға қарсы ведомствоның үнсіз келісімі бойынша қызметкерлерге төленетін сыйлықтар мен бонустар, сондай-ақ несиелер бойынша сыйақылар негізсіз қосылып отырған. Екінші жағынан, шығындарды ұлғайту мақсатында жабдықтарды жоғары бағамен жөндеу және сатып алу үшін арнайы сервистік кәсіпорындар құрылған. Алынған табыс «заңсыз» компаниялар арқылы шығарылып отырған, – деді Бас прокурор.
Мәселен, «Маңғыстау БЭК» сметасында 1 млрд теңгеге жуық сыйақы мен басқа да сыйақы шығыстары негізсіз ескерілген. Сонымен қатар «Астанаэнергосбыт» тарифті қалыптастыру кезінде электр энергиясын 11,8 теңгеден сатып алатынын көрсеткен, іс жүзінде 2 есе арзанға сатып алған. Соның нәтижесінде елорда тұрғындарынан 2,6 млрд теңгеге артық қаржы жиналған.
Дәл осындай жолмен әрекет еткен Атырау, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарындағы жабдықтаушылар 1 млрд теңге көлемінде негізсіз пайда тапқан. Прокурорлық шаралардың нәтижесінде монополистер 5 млн тұтынушыға 13 млрд теңгеге жуық шығынды қайтарған. Оған қоса, 14 өңірде электр қуаты мен жылудың бағасы төмендетілген.
– Егер 3 жыл ішінде уәкілетті орган тұтынушыларға электр энергиясы бойынша небәрі 3,7 млрд теңгені өтесе, онда прокурорлар тек бір тексеру кезінде 8 есе артық соманы анықтады, – деп атап өтті Бас прокурор.
Сонымен қатар тұрғындарға жылу есептейтін құралдарды орнату кезінде мемлекеттік қаражат тиімсіз жұмсалып келгендігі анықталған.
Мәселен, Қарағанды облысы Саран қаласында орталықтандырылған жылудың жоқтығына қарамастан, 2015 жылы 215 млн теңгеге 274 жылу есептеуіш құралы орнатылған. Қазіргі уақытта бұл әрекет бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Мұндай прокурорлық тексерулер нәтижесінде жалпы 15 лауазымды тұлға жіберген олқылықтар үшін жазаланып, монополистерге 159 млн теңге көлемінде айыппұл салынған, сондай-ақ 10 қылмыстық іс қозғалған.
Алқа мәжілісіндегі сөзін қорытындылай келе Бас прокурор табиғи монополиялар субъектілерінің басшыларына қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, жұмыс тәсілін өзгертуге шақырды.
– Энергия қорының елеулі бөлігінің қолдарыңызда болуы сіздерге тұтынушылардың мүдделеріне назар аудармау құқығын бермейді. Прокуратура органдары құқық қорғау функциясын ескере келе, тарифтерді белгілеу мәселелерін жүйелі түрде бақылайды, – деп сөзін түйіндеді Қ. Қожамжаров.
Отырыс қорытындысы бойынша тарифті қалыптастыру кезінде ашықтық деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар нақты ұсыныстар қабылданды.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»