Сағат Әшімбаевтың 70 жылдығы жақсы өтіп, шалқыған көңіл енді толқи түсіп, Шоғансайдан төмен түсіп, Текеске, одан Кегенге кеп тоқтағанымызда күн ұясына батып, көз байланған шақ еді. Бақыт Беделханұлының әпкесі шаруасын аудан орталығындағы базарда дөңгелетіп, біршама адамға жұмыс беріп отыр екен. Бізді қонақ қылды. Жарас Сәрсек, Айзада жеңгем, оператор, жүргізуші, тағы бір-екі жігіт бармыз. Ауыл адамдары көңілі қалмай, зыр жүгіреді. Соған лайық бола алмай отырғаныңды ойлап қысылғаныңмен, ана қошеметтің бәрі буынды алмай тұра ма? Үстел басында гүжілдеп отырған айналасы он шақты адам бір-біріне туыс, жақын боп шықты. Бір апа менің нағашым, біреуі Бақыт Беделханұлының бауыры, біреуі шопыр жігіттің туысы. Қарға тамырлы қазақ деген. Тек бір ғана, оны-мұныға жүгіріп, ас-су тасып, пора-пора боп жүрген аласа бойлы келіншекке жақын табыла қоймады. Әңгімеге қарағанда, жастайынан жетім өскен, бір бала тәрбиелеп, жалғыз басы сопайып күн кешіп жүрген, жұпыны, дидары нұрсыз әйел затына көңіл аударған жан болмады. Ән-жырға толы көңілді кешіміз екі-үш сағатқа, тіпті, одан да ұзаққа шапты. Ер мінезді әпкеміз бұйырып, дастарқанымыз одан әрі төгіле кеткен. Зыр жүгіріп жүрген сол келіншек. Өзіне ұнамайтын атпен шақырғанда, «түу, осы тәтем де солай атауын қоймады» деп жабырқаңқы жүзімен төмен қарап, естілер-естілместей ғана айтқанымен, батыл айтып, қарсы келе алмайды. Жұмыс берушісіне тәуелді. Осы бір жанға қарап отырып, шарасыздығына, өміріне көңілім түскен. Өзі де можантопайлау ма, қалай. Басынғанға қарсы келмейді.
Бір кезде Жарас Сәрсек сөз алды. Ортамыздағы жасы үлкен де осы кісі. Байыппен, ақырын ғана сөйлейтін әдетімен, «Мен мына бізге қызмет етіп жүрген қарындасымды жақсы көріп тұрмын. Қай атаның баласысың?» деді. Атасын айтып еді, Жарас Сәрсектің қарындасы боп шықты. Ақын оған бар жақсылықты, дүниенің бақытын тіледі. Тілек айтса, ақын айтсын. Ашылған жүрек, ағылған тілек. Айың оңынан, күнің солынан туып, бейнетті еңбегінің зейнетін шалқып көріп, ұлыңнан немере-шөбере көріп, тіршіліктің барақатына жет деген. Шын құлаған пейілді көріп, жан жадырай түскендей болды.
Ағасының сөзінен соң келіншек жасына ерік беріп, солқ-солқ етеді. Кімнен ондай жылы сөз естіді дейсің. Күнде құлайтын көңіл қайда? Соңғы рет қуаныштан қашан жылағаны есінде де жоқ шығар. Жыласа жылап алсын, бұл төгілген мейірімнен бусап жатқан көңіл емес пе?! Төгілсінші, кірлеген көңілді жас шайып, тазартып, бір жеңілдетсін. Енді қашан дәл осылай жылайды? Біз оны білмейміз... Білмеген соң, көп дүниеге назар да аудармаймыз ғой. Ал ақын соны бәрімізден бұрын байқап, біліп отырғандай.
Өзіне ұнамайтын атпен шақырып отырған тәтем бауырына қысып, «бұл сондай көңілшек» деп қойды. Келіншек әлі жылап тұр... Бір уақытта әзер қоштасып, есік алдына шықтық. Онда да қоштаса алмай, иірілдік те қалдық. Көңілі жақын ағайын бауырларын қимай қайта-қайта құшақтайды. Келіп, жайлауға жат дейді. Есік ашық, төр сенікі деп жатыр. «Жақсы, келер жазда келеміз» дейміз. Ол жаз өтіп кетті... Жылдағы әдеті осы.
Солай тұрғанда, түнге тереңдеп еніп бара жаттық. Әпкелеріміз әрқайсымызға құрт, қымыз, ірімшік салып, үлестіріп жатты. Бір кезде асхананың жарық түспей тұрған бұрышынан «Жарас аға» деген дауыс естілді. Жалт қарасақ, жаңа тапқан қарындасы. Қолында айраны, қазысы, құрты бар. Қызарып, ісіңкіреп қалған көзін төмен тастап, қан жүгірген, нұр кірген жүзіндегі қуанышпен «Жеңгеме апарып беріңіз» деп ұсынды. Жалғыз ұлын жалғыз өзі асырап, жұрттың көңіліне қарап, күн көру үшін жалтақтап қалған жалғыздың ойда жоқта табылған ағасына жасаған сыйлығын қараңыз. Сыйлығы емес, көңілі ғой. Сол жабырқаңқы көңілді байқап, бәрімізден бұрын жылы сөз айтқан ақынға, соған толқып, ақ көңілі ашылып, бір жерден жұмсағын әкеп ұсынып отырған қарындасқа не деуге болады? Не айту керек мұндайда? Сірә, ештеңе де айта алмайсың. Шөлдеп тұрған көңілге мейірім нұрын сепкен Жарас Сәрсекті сонда бір танығандай болдым. Сонда бір таңғалғандай болдым. Өмірде ондай келіншектерді мыңдап кездестіре бересіз-ау. Бірақ соған мейірімді сөз айта алатын жандар азайып бара жатқан жоқ па екен? Ақын өз сөзіндегі «көп ішіндегі жалғыздай» сезіле берді.
Өмірдің осы бір эпизодынан қанша нәрсе көріп үлгерсек, көкейімізде де сонша сұрақ пайда болды. Ал оның бәрінің жауабын өмірден басқа бізге кім айтады. Ақын ба?..
* * *
«Өзіңді танығанда ғана ақылдысың», я «Өзіңді таны» деген данышпандар сөзі қайта-қайта алдыңнан шыға берген соң, осы адамның өзін тануы мүмкін бе деген сұраққа кеп тірелесің. Сірә, пенде баласы ешқашан өзін тани алмайды. Өзін таныған сайын, тани алмайды. Я адам өзін мүлде «танығысы келмейді». Мойындағысы жоқ. Ал өзімді танып болдым деген жан жер бетінде бар ма? Тағы жоқ. Жалпы мұндай тануға, білуге деген талпыныстар үнемі, адамзатпен бірге жасап келген. Сол себепті де «өзіңді таны» деген ақылды сөздер айтылған. Пенде – әлсіз. Ақын да – пенде. Өзі туралы үнемі әділетті сөз айта бермейді. «Мен өзі тек шындықты» айтам деген сөзді адам өзін танып барып айтты дейсіз бе? Жоқ. Өзін жақсы көргендіктен солай деді.
Менің жаным – «Мың бір түн»,
Тәтті де ауыр жолдары.
Белгісіздеу дастанмын түспей
жүрген қолға әрі.
Бозбала шақ сезімнің қайыңдарын
түптеген,
Бір түпкірі жанымның –
махаббаттың орманы.
Рас, ақын өз табиғатын жазып отыр. Жүрегіндегі махаббатын айтады. «Белгісіздеу дастанмын түспей жүрген қолға әрі» деп адамдардың, оқырмандардың өзін толық оқымағанын, зерттемегенін меңзейді. Бірақ сол ғана ма? Өзінің қолына өзі толық түспеген, өзіне де белгісіздеу дастан емес пе адам? Ақын бұны да сезеді. Жарас Сәрсектің поэзиясындағы бір тақырып осы – адамды тануға, өзін тануға талпыныс. Айналасындағы құбылысты, адамдарды үнемі зерттеп, байқап жүреді. Оның поэзиясындағы ажарсыз әлем, көңілсіз тіршілік, мұң, сағыныш, тіпті, махаббат та – өзін танудан, өзіне көңілі толмаудан тұратындай.
...Таумын дедім,
Таңмын дедім қыңбастан.
Бармын дедім,
Әттеген-ай, кім болдым?
Жұмекен «ақынға алдымен ой керек» депті. Жарас Сәрсек – осы ойдың ақыны. Оның өлеңдеріндегі терең иірімдерде жұмекендік ауырлық бар. «Отан», «Ертегіден келген қыз», «Дауыс», «Қаңтарда жауған жаңбыр» өлеңдеріндегі сарын оның күллі өлеңдеріне ортақ. Кейде тым қарапайым көрінетін өлеңдеріндегі ауыр ой өлеңнің түр-сипатын ойлауға да мұрша бермейді. Бастысы оймен оңаша қаласың. Ондайда қалай ақыннан сөзің неге көркем емес, тілің неге олай емес деп айып тағамыз?! «Бағзы бір жолдастар поэтикалық жекелеген шығарма туралы: «Ойы жақсы-ау, әттең тілі нашар» деп өкініш білдіреді. Жұртқа қайдам, өзімізге осы пікір өте түсініксіз. Ойы жақсы, тілі нашар? Ойдың жақсы екенін қайдан біледі, егер тілі болмаса? Ал жақсы ойды бере алып тұрған тіл жаман тіл бола ма? Шығарманың берілу процесінде, айтылу әдісінде ақаулықтар болса оны қаламгердің жазу техникасынан, тәжірибесінен іздеу жөн болар. Жалпы, тілді ойдан бөліп қарау өнбейтін іс сықылды» деп, анығын айтқан тағы сол Жұмекен ғой.
Ақындардың поэзиясынан лирика басым екенін көрсек, драма жоқ деп, драма мол болса, пейзаж жоқ деп, өзіміз іздеген, өзіміз қалаған шеңбердің ішіне ақындарды сүйреп әкеп тыққымыз кеп тұратын әдетті Эдуардас Межелайтис жап-жақсы түсіндірген. Расында сол әдет әлі күнге қалмай келеді. Ақынның несі бар, сонысымен бағалаған жақсы. Анаусы жоқ, мынаусы жоқ деген болмайды. Табиғаты қалай, сонысымен де бағалы.
Жарас Сәрсектің өзін іздеуі, өзгені зерттеуі – оны мейірлендіре түскендей. «Жан-арымның – жарығындағы» өлеңдеріне қарасаңыз, тіршіліктің барлық жағдайға, жаратылыстың барлық түріне жанашығыш, мейірбан. Сөйтіп жүріп, ақын өзгені танып келеді, өзіне жақындап келеді.
* * *
Бақыт жайлы басқадан
бұрынырақ айтыппын,
Кейінірек жетіппін.
Қайғы жайлы басқадан
кейінірек айтыппын.
Бұрынырақ жетіппін.
Уақыттың уыздай
сәбиі едім мен кеше.
Уақыт – пәлі,
Мен – кәрі,
Ойнамаңдар ендеше.
* * *
Жарас Сәрсектің поэзиясы хақында, өзі туралы ойлағанда есіме Кегенде болған сол оқиға үнемі оралады. Оралады да, тыншып жатқан көңілді қайта тербейді. Сол ойдың құшағында, сезімнің жетегінде кете бергің-ақ келеді. Бірақ ол мүмкін бе?
Жарасқан Әбдіраштың «Шөлдегі бұлт» деген этюді бар еді. Жарас та сол шөлдегі бұлт емес пе осы, төбеңді тесердей күн шақырайып, әрең демалып тұрғанда, сая болып, төбеңе келе қалады. Сол бұлттан «жеңілдігі көбіктей, ауырлығы табыттай» жыр төгіле берсін. Төгіле берсін...
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»