Әдебиет • 08 Қараша, 2018

Шөлдегі бұлт

254 реткөрсетілді

Сағат Әшімбаевтың 70 жылдығы жақсы өтіп, шалқыған көңіл енді тол­қи түсіп, Шоғансайдан төмен түсіп, Текеске, одан Кегенге кеп тоқ­­та­ғанымызда күн ұясына батып, көз байланған шақ еді. Бақыт Бедел­ханұлының әпкесі шаруасын аудан орталығындағы базарда дөңгелетіп, біршама адамға жұмыс беріп отыр екен. Бізді қонақ қылды. Жарас Сәрсек, Айзада жеңгем, оператор, жүр­гізуші, тағы бір-екі жігіт бармыз. Ауыл адамдары көңілі қалмай, зыр жү­гіреді. Соған лайық бола алмай отырғаныңды ойлап қысылғаныңмен, ана қошеметтің бәрі буынды алмай тұра ма? Үстел басында гүжілдеп отырған айналасы он шақты адам бір-біріне туыс, жақын боп шықты. Бір апа менің нағашым, біреуі Бақыт Беделханұлының бауыры, біреуі шопыр жігіттің туысы. Қарға тамырлы қазақ деген. Тек бір ғана, оны-мұныға жүгіріп, ас-су тасып, пора-пора боп жүрген аласа бойлы келіншекке жақын табыла қоймады. Әңгімеге қарағанда, жастайынан жетім өскен, бір бала тәрбиелеп, жалғыз басы сопайып күн кешіп жүрген, жұпыны, дидары нұрсыз әйел затына көңіл аударған жан болмады. Ән-жырға толы көңілді кешіміз екі-үш сағатқа, тіпті, одан да ұзаққа шапты. Ер мінезді әпкеміз бұйырып, дастарқанымыз одан әрі төгіле кеткен. Зыр жүгіріп жүрген сол келіншек. Өзі­не ұнамайтын атпен шақырғанда, «түу, осы тәтем де солай атауын қой­мады» деп жабырқаңқы жүзімен тө­мен қарап, естілер-естілместей ғана айтқанымен, батыл айтып, қарсы ке­ле алмайды. Жұмыс берушісіне тәуел­ді. Осы бір жанға қарап отырып, шарасыздығына, өміріне көңілім түс­кен. Өзі де можантопайлау ма, қалай. Басынғанға қарсы келмейді. 

Бір кезде Жарас Сәрсек сөз ал­ды. Ортамыздағы жасы үлкен де осы кісі. Байыппен, ақырын ғана сөй­лейтін әдетімен, «Мен мына бізге қызмет етіп жүрген қарындасымды жақ­сы көріп тұрмын. Қай атаның баласысың?» деді. Атасын айтып еді, Жарас Сәрсектің қарындасы боп шықты. Ақын оған бар жақсылықты, дүниенің бақытын тіледі. Тілек айтса, ақын айтсын. Ашылған жүрек, ағыл­ған тілек. Айың оңынан, күнің солынан туып, бейнетті еңбегінің зейнетін шалқып көріп, ұлыңнан немере-шөбере көріп, тіршіліктің барақатына жет деген. Шын құлаған пейілді көріп, жан жадырай түскендей болды.

Ағасының сөзінен соң келіншек жасына ерік беріп, солқ-солқ етеді. Кімнен ондай жылы сөз естіді дейсің. Күнде құлайтын көңіл қайда? Соңғы рет қуаныштан қашан жылағаны есін­де де жоқ шығар. Жыласа жылап алсын, бұл төгілген мейірімнен бусап жатқан көңіл емес пе?! Төгілсінші, кірлеген көңілді жас шайып, тазартып, бір жеңілдетсін. Енді қашан дәл осылай жылайды? Біз оны білмейміз... Білмеген соң, көп дүниеге назар да аудармаймыз ғой. Ал ақын соны бәріміз­ден бұрын байқап, біліп отырғандай. 

Өзіне ұнамайтын атпен шақырып отырған тәтем бауырына қысып, «бұл сондай көңілшек» деп қойды. Келін­шек әлі жылап тұр... Бір уақытта әзер қоштасып, есік алдына шықтық. Онда да қоштаса алмай, иірілдік те қалдық. Көңілі жақын ағайын бауырларын қимай қайта-қайта құшақтайды. Ке­ліп, жайлауға жат дейді. Есік ашық, төр сенікі деп жатыр. «Жақсы, келер жазда келеміз» дейміз. Ол жаз өтіп кетті... Жылдағы әдеті осы.

Солай тұрғанда, түнге тереңдеп еніп бара жаттық. Әпкелеріміз әрқай­сымызға құрт, қымыз, ірімшік салып, үлес­тіріп жатты. Бір кезде асхананың жарық түспей тұрған бұрышынан «Жарас аға» деген дауыс естілді. Жалт қарасақ, жаңа тапқан қарындасы. Қолында айраны, қазысы, құрты бар. Қызарып, ісіңкіреп қалған көзін төмен тастап, қан жүгірген, нұр кірген жүзіндегі қуанышпен «Жеңгеме апарып беріңіз» деп ұсынды. Жалғыз ұлын жалғыз өзі асырап, жұрттың көңі­ліне қарап, күн көру үшін жалтақ­тап қалған жалғыздың ойда жоқта табыл­ған ағасына жасаған сыйлығын қараңыз. Сыйлығы емес, көңілі ғой. Сол жабырқаңқы көңілді байқап, бәрімізден бұрын жылы сөз айтқан ақынға, соған толқып, ақ көңілі ашылып, бір жерден жұмсағын әкеп ұсынып отырған қарындасқа не деуге болады? Не айту керек мұндайда? Сірә, ештеңе де айта алмайсың. Шөл­­­деп тұрған көңілге мейірім нұ­рын­ сепкен Жарас Сәрсекті сонда бір танығандай болдым. Сонда бір таң­ғал­ғандай болдым. Өмірде ондай келіншектерді мыңдап кездестіре бере­сіз-ау. Бірақ соған мейірімді сөз­ айта алатын жандар азайып бара жатқан жоқ па екен? Ақын өз сөзін­дегі «көп ішіндегі жалғыздай» сезіле берді. 

Өмірдің осы бір эпизодынан қанша нәрсе көріп үлгерсек, көкейімізде де сонша сұрақ пайда болды. Ал оның бәрінің жауабын өмірден басқа бізге кім айтады. Ақын ба?..

* * *

«Өзіңді танығанда ғана ақыл­ды­сың», я «Өзіңді таны» деген данышпандар сөзі қайта-қайта алдыңнан шыға берген соң, осы адамның өзін тануы мүмкін бе деген сұраққа кеп тірелесің. Сірә, пенде баласы ешқашан өзін тани алмайды. Өзін таныған сайын, тани алмайды. Я адам өзін мүлде «танығысы келмейді». Мойындағысы жоқ. Ал өзімді танып болдым деген жан жер бетінде бар ма? Тағы жоқ. Жалпы мұндай тануға, білуге деген талпыныстар үнемі, адамзатпен бірге жасап келген. Сол себепті де «өзіңді таны» деген ақылды сөздер айтылған. Пенде – әлсіз. Ақын да – пенде. Өзі туралы үнемі әділетті сөз айта бер­мейді. «Мен өзі тек шындықты» айтам деген сөзді адам өзін танып барып айтты дейсіз бе? Жоқ. Өзін жақсы көргендіктен солай деді. 

Менің жаным – «Мың бір түн»,
Тәтті де ауыр жолдары.
Белгісіздеу дастанмын түспей 
жүрген­ қолға әрі.
Бозбала шақ сезімнің қайыңдарын
түптеген,
Бір түпкірі жанымның – 
махаб­баттың орманы.

Рас, ақын өз табиғатын жазып­ отыр. Жүрегіндегі махаббатын­ ай­­та­ды. «Белгісіздеу дастанмын түс­пей жүрген қолға әрі» деп адамдар­дың, оқырмандардың өзін толық оқы­мағанын, зерттемегенін мең­зей­ді. Бірақ сол ғана ма? Өзінің қо­лы­на өзі толық түспеген, өзіне де бел­гісіздеу дастан емес пе адам? Ақын бұны да сезеді. Жарас Сәрсектің поэ­зия­сындағы бір тақырып осы – адамды тануға, өзін тануға талпыныс. Ай­наласындағы құбылысты, адамдарды үнемі зерттеп, байқап жүреді. Оның поэзиясындағы ажарсыз әлем, көңіл­сіз тіршілік, мұң, сағыныш, тіпті, махаббат та – өзін танудан, өзіне көңілі тол­маудан тұратындай. 

...Таумын дедім,
Таңмын дедім қыңбастан.
Бармын дедім, 
Әттеген-ай, кім болдым?

Жұмекен «ақынға алдымен ой керек» депті. Жарас Сәрсек – осы ойдың ақыны. Оның өлеңдеріндегі терең иірім­дерде жұмекендік ауырлық бар.­ «Отан», «Ертегіден келген қыз», «Дауыс», «Қаңтарда жауған жаң­быр» өлеңдеріндегі сарын оның күл­лі­ өлең­­деріне ортақ. Кейде тым қара­пайым көрінетін өлеңдеріндегі ауыр ой өлеңнің түр-сипатын ойлауға да мұр­ша бермейді. Бастысы оймен оңа­ша қаласың. Ондайда қалай ақын­нан сө­зің неге көркем емес, тілің неге олай емес деп айып тағамыз?! «Бағзы бір жол­дастар поэтикалық жекелеген шы­ғарма туралы: «Ойы жақсы-ау, әттең тілі нашар» деп өкініш білдіреді. Жұрт­қа қайдам, өзімізге осы пікір өте тү­сініксіз. Ойы жақсы, тілі нашар? Ой­дың жақсы екенін қайдан біледі, егер тілі болмаса? Ал жақсы ойды бе­ре алып тұрған тіл жаман тіл бола ма? Шығарманың берілу процесінде, айтылу әдісінде ақаулықтар болса оны қаламгердің жазу техникасынан, тәжірибесінен іздеу жөн болар. Жалпы, тілді ойдан бөліп қарау өн­бейтін іс сықылды» деп, анығын айт­қан тағы сол Жұмекен ғой. 

Ақындардың поэзиясынан лирика­ басым екенін көрсек, драма жоқ деп, драма мол болса, пейзаж жоқ деп, өзіміз іздеген, өзіміз қалаған шең­бер­дің ішіне ақындарды сүйреп әкеп тыққымыз кеп тұратын әдетті Эдуар­дас Межелайтис жап-жақсы түсін­дірген. Расында сол әдет әлі күн­ге қалмай келеді. Ақынның несі бар, со­ны­сымен бағалаған жақсы. Анаусы жоқ, мынаусы жоқ деген болмай­ды. Табиғаты қалай, сонысымен де ба­ға­лы. 

Жарас Сәрсектің өзін іздеуі, өзгені зерттеуі – оны мейірлендіре түскендей. «Жан-арымның – жары­ғын­дағы» өлең­деріне қарасаңыз, тір­шіліктің бар­­лық жағдайға, жаратылыстың бар­лық түріне жанашы­ғыш, мейірбан. Сөй­­тіп жүріп, ақын өзгені танып келе­ді, өзіне жақындап келеді. 

* * *

Бақыт жайлы басқадан
бұрынырақ айтыппын,
Кейінірек жетіппін.

Қайғы жайлы басқадан
кейінірек айтыппын.
Бұрынырақ жетіппін.

Уақыттың уыздай
сәбиі едім мен кеше.
Уақыт – пәлі, 
Мен – кәрі,
Ойнамаңдар ендеше.

* * *

Жарас Сәрсектің поэзиясы ха­қында, өзі туралы ойлағанда есіме Ке­генде болған сол оқиға үнемі оралады. Оралады да, тыншып жатқан көңілді қайта тербейді. Сол ойдың құшағында, сезімнің жетегінде кете бергің-ақ келеді. Бірақ ол мүмкін бе?

Жарасқан Әбдіраштың «Шөлдегі бұлт» деген этюді бар еді. Жарас та сол шөлдегі бұлт емес пе осы, төбеңді тесердей күн шақырайып, әрең демалып тұрғанда, сая болып, төбеңе келе қалады. Сол бұлттан «жеңілдігі көбіктей, ауырлығы табыттай» жыр төгіле берсін. Төгіле берсін...

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Ең қысқа әңгіме. Омарбек Нұрдәулет

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 12:01

Күлкі керуені № 6

Руханият • Бүгін, 11:57

Ең қысқа әңгіме. Айбек Ережеп

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 11:55

Ең қысқа әңгіме. Ислам Қабылұлы    

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 11:52

Ең қысқа әңгіме. Әсел Асқарқызы

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 11:45

Ең қысқа әңгіме. Мағжан Қалымбекұлы

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 11:42

Ең қысқа әңгіме. Еділ Анықбай

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 11:40

Ең қысқа әңгіме. Алтынғадыс Күнтуғанұлы

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 11:39

Ең қысқа әңгіме. Сайлау Төлеу

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 11:36

Ең қысқа әңгіме. Ербол Бораншы

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 11:31

Ең қысқа әңгіме. Күлайна Оразбекқызы

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 11:30

Ең қысқа әңгіме. Құрманғазы Жұмағұл

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 11:29

Ең қысқа әңгіме. Құрманжан Қасымжанұлы

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 11:19

Ең қысқа әңгіме. Нұрлан Қабдай

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 11:18

Дәуір белесінің авторы

Әдебиет • Бүгін, 09:18

Мінез жұмбақтығы

Әдебиет • Бүгін, 09:16

Әуезовтің жалғасы

Әдебиет • Бүгін, 09:14

Ғасыр эпопеясы

Руханият • Бүгін, 09:13

Уәдеге берік бол!

Бүгін, 09:11

Тіл тірлігі – тілге мұқтаждықта

Руханият • Бүгін, 09:07

«Аққу ақын» Атырауға келді

Әдебиет • Бүгін, 08:57

Таластан шыққан дипломат

Руханият • Бүгін, 08:54

Өрісі кең, өрелі

Руханият • Бүгін, 08:50

«Жетісу» – жеңімпаз

Спорт • Бүгін, 08:50

Хат қоржын (22.10.2019)

Руханият • Бүгін, 08:45

Салық төлеушілер баға қойды

Қазақстан • Бүгін, 08:23

Қарқыны бөлек «Қаламқас»

Экономика • Бүгін, 08:22

Қара сиырым қарап тұр...

Қоғам • Бүгін, 08:21

Қазақ өзі қандай халық?

Руханият • Бүгін, 08:19

Тәу етер мекен – Тарбағатай

Руханият • Бүгін, 08:16

«Елтану» – ертеңшіл жоба

Руханият • Бүгін, 08:15

Тарихымыздың құты – Тайқазан

Руханият • Бүгін, 08:12

Ұқсас жаңалықтар