Таным • 23 Сәуір, 2024

Ғалам ғажаптары: Киборг-қоңыз

755 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Технологияның дамығаны сонша, жәндіктерді де қашықтықтан басқаруға болады.

Ғалам ғажаптары: Киборг-қоңыз

Киборг-қоңыздары қашықтан бе­рілген бұйрықтарға бағынып, қимылдап, тіпті ұша алады. Мұның бір мысалы ре­тінде «DARPA» ғылыми-зерттеу агент­ті­гінің робот-жәндіктерін айта аламыз. Ең алғашқы тәжірибеде зерттеушілер миниатюралық схемалар құрып, оларды қоңыздарға қосып, бос жіберді. Им­пульстер аяқтардың, қанаттардың,төменгі жақ сүйектерінің қозғалысына жауап берді. Жарық диодты жолақтың көмегімен олар қозғалыс бағытын анықтай алды. Ғалымдардың айтуы бойынша, бұл қоңыз­дың кішкентайы – 2-2,5 см. Оны табиғи апат орындарындағы ұсақ жүйелер мен өзге де нысандарға жіберуге болады.

 

Сейбл аралы

чс

Ғаламда құпия көп. Табиғат жасы­рынбақ ойнауға құштар. Атлант мұхитындағы Сейбл аралы – соның дәлелі.

Себебі аралдың ұзындығы – 42 км, ені небәрі – 1,5 км. Аралдың кез келген нүк­тесінен мұхиттың екі жағын да көруге бо­лады. Құмды мекенде 1 800 жылдан бері 350-ден аса кеме суға батып, қанша адам ізім-ғайым жоғалған. Аралдың атауы ағыл­шын тілінен аударғанда «жоқ­тау, қара» дегенді білдіреді. Жаңа Шот­лан­диядан оңтүстік-шығысқа қарай 180 км қашықтықтағы бұл жер Канадаға тие­сілі. Кішкентай ғана арал былай қа­ра­ғанда ирелеңдеген құртқа ұқсайды. Мұнда ағаш­тар да, дәнді дақылдар да, жа­нуарлар да та­мыр жаймаған. Тек жабайы жылқылар ғана осы құм төбелерін мекендейді. 300 жыл бойы жылқылардың тұқымы мұхиттың ортасында қалай аман қал­ғанын білгіңіз келсе, «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Сейбл жыл­­қылары» мақаласын оқыңыз (10.01.2024).

 

Ең қарт түлек

чс

Дипломын 96 жаста алған жапон­дық Сигэми Хирата ЖОО-ның ең қарт түлегі атанған.

Жапон азаматы университетке түсу-түспеуі жайында өмір бойы ойланған екен. Ақыры 85 жасында балалары мен не­мерелері оны оқуға түсуге көндіреді. Егде жастағы студент Киотоның дизайн универ­ситетінде 11 жыл бойы поэзияны оқып, ақыр соңында бітіріп шығады. Жоғары оқу орнын 96 жасында бітірген жапондық азамат Гиннестің рекордтар кітабына да енді. Ол бұл жетістігімен шектелмей, 100 жасына ғылыми дәреже алуды жоспарлап отырғаны тіптен таң қалдырады.