Таным • 25 Сәуір, 2024

Гиннестегі Қазақстан: Шебер ұшқыш

1759 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров 1989 жылы 1 қа­рашада алғашқы болып авиатасушы крейсердің алаңқайына «МиГ-29к» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен қондырады.

Гиннестегі Қазақстан: Шебер ұшқыш

«Тбилиси» крей­серінен жаңа әдіспен ұшақты көкке көтеру оқи­ғасына сол кезде бүкіл әлем көз тіккен еді. Бұл әдістің ерекшелігі – ұшақ трамплиннен түскендей төмен құлдилап келіп, бірден кө­теріліп кетуі керек. Ол, әрине, ұшақтың моторына байланысты. Барлық мәселе бірнеше секундта шешілмесе, сәл іркіліс болса, ұшақ судың астына кіріп кетеді. Сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров құлдилап та, көтеріліп те үлгерді. Авиация тарихында бірінші рет мұндай әдіспен ұшуды жүзеге асырған ерлік Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.

 

1111 метр қазы

чс

Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі Тарбағатайда «Қазақ ұл­ты­ның дәстүрлі тағамдары» жәр­меңкесінде Гиннестің рекордына қазақтың қазысы ұсынылған.

Бұл қазыны жасаған – Жарқын Барма­қ­ұлы. Қазының жалпы ұзындығы – 1 111 метр. Ал салмағы – 4 572 кг. Диаметрі 6,5 метр алып табаққа қойылған кезде айналма қа­баты 71 қатар, ал биіктігі 4 метрге жеткен. Қазыны жасауға 44 жылқының еті кеткен деседі.

Бір қызығы, осы қазының тек он метрі сатылған. Қызу бәсеке барысында 10 метрлік қазыға бір кәсіпкер ұйғыр азаматы 12 700 долларға дейін ұсынса, «Жібек жолы» компаниясының директоры Майра есімді қазақ қызы 14 200 долларға дейін, ал тағы бір қытай азаматы 16 000 доллар беретінін айтқан. Ең соңында «Сая» өнер мектебінің директоры, жас ағартушы Бағдана Әділқанқызы 20 000 долларға жуық бағамен сатып алған.

 

Биік нысан

чс

Қазақстаннан рекордтар кітабына енген біршама жетістік бар. Еліміз «әлемдегі теңізге тіке шыға алмайтын аумағы ең үлкен мемлекет» ретінде ғажайып кітапқа тіркелген.

Екібастұз қаласындағы «ГРЭС-2» – әлемдегі ең ұзын түтін шығаратын құбыр. Оның ұзындығы – 419,7 м. Мұнараның ең биік шыңына жаяу көтерілу үшін 4 сағаттай уақыт жұмсау керек. Әйгілі Эй­фель мұнарасының биіктігімен салыс­тырар болсақ, «ГРЭС-2» одан 100 метрге биік. «ГРЭС-2» кешенінің қуаттылығы мен мүмкіншілігі Байқоңыр сынды ірі космодром мен өзге де стратегиялық маңызды нысандарды қамтамасыз етуге қауқарлы.

Гиннес рекордтар кітабына Қазақ­станның атынан енген тағы бір жетістік – Астанада орналасқан «Ханшатыр» ойын-сауық кешені. Биіктігі 150 метрден асатын бұл ғимарат «әлемдегі ең биік шатыр құрылыс» ретінде танылған.