Таным • 14 Қараша, 2024

Шотланд жиһанкезінің жазбалары

263 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

1902 жылы Лондонда жарық көрген Жон Фостер Фразердің «Нағыз Сібір» атты кітабынан қазаққа қатысты біраз деректі кездестірдік. Жон Фостер Фрейзер – шотландық саяхатшы әрі журналист. 1896 жылы ол достарымен бірге велосипедпен күллі әлемге саяхат жасап, сол сапарын негіз етіп кітап жазған. Менің қолыма түскен «Нағыз Сібір» кітабының 4-тарауында 1901 жылдың 28 тамы­зында сәрсенбі күні ол Сібір аймағына жеткенін жазады. Осы кітабының алғысөзінде «Сібірге аса қызығушылықпен бардым. Орыстық көзқарастағы әлемді қарапайым британдық ретінде өз көзіммен көру мақсатым еді. Жайықтың арғы жағындағы ұлан-ғайыр өлкеге бару үлкен тәуекелді қажет етті. Ежелден бері адамдардың санасында Сібір ақ қар, көк мұз бен жер аударылғандардың мекені деген түсінік бар», депті. Байыптап оқысақ, автордың бұл сапарға алдын ала дайындалғаны сезіледі.

Шотланд жиһанкезінің жазбалары

Сібір сапарында ол ұзындығы 700 ярд тұратын үлкен көпірден өтке­нін, әр жағынан Ертіс өзе­ні бұлдырлап көрініп, зәкірде тұрған қайық­тардың діңгегі де бейтаныс жолаушыға әлденені аңғартып тұрғанын жазады. Суды қақ жарып ағып бара жатқан кеменің қызыл-жасыл шырақтары оның көзіне оттай басылады. Әне, толық жарықтандырылған станса, сұр, қызыл түсті әскери киім киген адамдар тобы оның алдынан шықты. Алда оны Ертіс өзені күтіп тұр еді. Сапарын әрі қарай жалғастыру үшін ол Қытай шекарасына таяу тұрған Семей мен Обдорскіге жүретін пароходқа мінді. Ыңғайлы кабина, кең асхана, сол кездегі жақсы жиһазбен жабдықталған қонақ бөлмесі бар су көлігі оны қатты таңдандырады.

«Нағыз Сібірдің» келесі беттерінде Омбы туралы ақпарат беріл­ге­нін байқадық. Ав­тор қалада 50 мың адам тұраты­­нын, оның ішінде 12–15 мың сарбаз ба­рын, саяси себеп­термен жер ауда­рыл­­ған­дардың біразы да осы қаланы мекен­дегенін тілге тиек етеді. Айналасына жіті назар аударып, нені көрсе, соны қойын дәптеріне түртіп жүрген Фостер мырза­ның ендігі бір сәті қазақтар арасында өтеді. «Түс ауа Омбыдан әрі қарай жазыққа шы­ғып, қырғыздардың (қазақтардың) ауылына бардым. Олар – Батыс Сібір даласының қызыл үндістері. Орыстар жаулап алып, иммигранттарға орын беру үшін олардың құнарлы жерлерін алды. Қазір қырғыздардың (қазақтардың) саны азайып бара жатыр, күндердің күнінде олар жер бетінен жойылып кетуі мүмкін», дей келе, халқымыздың әлі оянбағанын, кең далада отар-отар қой бағып, өмір салтын қалыптастырғанын баян етеді.

ва

«Олар үшін әйелдің құны 4 қой, сиырдың құны 8 қой, бір жылқы 8 сиырға тең. Тіпті олар бір мылтық үшін 3 жылқы беруге да­йын», дейді ол бір сөзінде. Қазақ арасында қалың малдың ежелден қымбат екенін жақсы білеміз. Мүмкін Жон Фостер әлдекімдерден естігенін жазған шығар, әйтпесе «қызды шалекең алмайды, малекең алады» деген қазақ ішінде қыздың қалың малы 4 қой болуы әсте мүмкін емес. «Олардың жүзінен үнемі күлкі есіп тұрады. Тұратын үйлері екіге қақ бөлінген үлкен кокос жаңғағының қабығына ұқсайды. Үйлерін киізбен жауып қояды. Ерлері қой терісінен жасалған киім киеді, ал әйелдері ашық түсті мақта орамал, қолдан тігілген қызыл-жасыл күләпара киеді». Осы сәтте автор қазақтар арасында өткен сәтінен бір қызық жайды жеткізеді. Қонақжай қазақтар оған қымыз ұсынып, бар жақсысын алдына тосады. Алыстан келген шотланд жиһанкезі қымызды алғаш рет ішіп, дәмін ұнатпағанын, сонда да ауыл адамдарының көңілін қалдырмай «дәмді екен» дегенін, қымыздың дәміне үйрену үшін кем дегенде екі апта уақыт керектігін жазады. Осыдан кейін автор ауыл шетінде айнала отырған топты адамның суретін беріп, астына «Даладағы қырғыздар» деген түсіндірме береді. Суретке зер салсақ, әлдебір ауыл басы жиналыс ашып, кеңес құрып отырған секілді, ал төрт адам сақадай сай тік тұр. Ал келесі бір суретте ат үстінде тұр­ған ауыл әйелінің, оның қасында тұр­ған ақсақалды қарт пен ақ шылауышты ана­ның, қаз-қатар тұрған екі баланың суретін кіріс­тіреді. Мүкін автор өзі түсірген суреттер болса керек, ешқандай сілтеме берілмеген.

Салты мен салтанаты бөлек елдің сая­хатшысы мүмкіндікті жібермей қазақтарды суретке түсіргісі келгенін айтады. Ақкөңіл ауыл адамдары бұл ұсынысқа қабағат қуа­нады. Қашанда жат жұртқа, бейтаныс адамға, тіпті жаңадан көріп тұрған «біртүрлі» техниканың алдында сүле-сапа тұра қалмай, ұлттық киіммен, қазақы болмыспен тұрғанды қалағанын тілге тиек етеді. Ол бұл сәтті былай толғайды: «Жас әйел­дер ұлттық киімін киіп келгенше, шай қайнатым уақыт кетті. Біз кү­­тіп тұрдық. Қа­зақ­­­тар арасында әйел тең­­­дігі сақталғанын айта кеткен жөн. Бір ер адам түлкі терісінен тігіл­ген қызыл тымақ киіп келді. Олардың арасын­да жарты сағат аялдадым». Осыдан кейін қазақ дәстүрімен олармен қол алысып қоштасады. Бірақ ауыр ойда қалғанын жасырмайды. Бір жағы ел көріп, жер аралап, енді бір жағынан әртүрлі ақпарат жинап жүрген ағылшын азаматы халқымыздың сол кездегі қоғамдық өмірі, тұрмыстық жағдайына назар аударады. «Осынау дала қойнауында еншісінен айырылып, көп ұзамай жойылуға шақ қалып тұрған бұл халықтың балаларының тағдырына алаңдаймын. Өркениеттің жанасуы олар үшін тым қауіпті болмақ», дейді ол қазақ ауылынан алыстап бара жатып. Осыдан 122 жыл бұрын баспадан шыққан бұл кітаптың маңызы мен мағынасы біз үшін құнды бола берері сөзсіз. Ал автордың халқымыз туралы аз да болса таным-түсінігі Батыс оқырмандарына кітап болып жеткенінің өзі – үлкен қуаныш. Аңдап қарасақ, Жон мырза «Бұл халық жойылып кетуі мүмкін» деп бірнеше жерде жазады. Бұл біздің осы дәуірге қаншама қиын-қыстау кезеңнен аман шыққанымызды дәлелдей алады. Әрине, өркениетке тым ерте қолы жеткен Батыс жұрты Ресей империясы мен кеңес одағының өз отарындағы халықтарды қаншама езгіге салғанын жете түсінген әрі сезінген. Санымыз кемігенмен, дәстүріміз, мәдениетіміз, тарихымыз қазіргі күнге аман жетті. Ал сол аман жетудің астарында ата-бабаларымыздың небір мехнатты күндері, сөнбес үміті жатқанын бүгінгі ұрпақ сезінсе дейміз. Құдды бір ғасыр бұрынғыдай қазір де қазақ әйелі өз мәдениетін, ұлттық болмысын көрсету үшін суретке түсерде, жақсы киінеді, жарқырап көрінеді. Бұл – сан ғасырдан бері келе жатқан ата салтымыздың, ұлттық ибамыздың бір көрінісі. Сол көрініске мұң түспесін деп тілейік!