Қоғам • Кеше

Әлеуметтік масылдықтың мәні неде?

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет ағзасы – қоғам, ал оның әрбір жасушасы – адам. Жеке адамның болмысындағы жақсы-жаман қасиеттер қоғамның да ахуалынан хабар береді. Адам бойындағы жалқаулық, тоғышарлық, масылдық сияқты мінез кеселдері халық санасына да сіңіп, бүгінде рухани дерттің айқын белгілеріне айналды. Ғылым тілінде мұндай құбылыс «әлеуметтік паразитизм» деп аталады.

Әлеуметтік масылдықтың мәні неде?

Сурет ашық дереккөзден алынды

«Паразит» сөзі күнделікті өмірде дөрекі рәуіште қолданылғанымен, ғылымда нақты терминология­лық мәнге ие. Гректің арамтамақ мағына­сынан шыққан бұл ұғым өзге ағзаның ресурсын пайдаланып өмір сүретін кез келген тірі жанды білдіреді. Биология тұрғысынан алғанда, адамды ешқашан паразиттер қатарына жатқызуға болмайды. Бірақ «әлеуметтенген хайуан» (Аристотель) ретінде паразитке өте-мөте жиі айналады.

Әлеуметтанушы философ Лев Штуден барлық өркениетте әлеу­меттік масылдықтың үш іргелі факторы барын айқындаған. Олар: саяси билік, коммерция және қылмыс.

Біріншіден, билік – қоғамды реттейтін, тәртіп орнататын тетік. Бірақ ол әрқашан әділдіктің құралы бола бермейді. Қолда шоғырланған билік мәжбүрлеу мен зорлықтың тетігіне айналғанда, белгілі бір топтар халық еңбегінің есебінен заңды түрде паразиттенуге мүмкіндік алады. Тарихта Қасым хан, Жәңгір хан сынды билік иелерінің еңбегі қоғамға игілік әкелген мысалдары бар. Алайда билік жемқорлықпен астасқанда, оның табиғаты түбегейлі өзгереді. Мұндай жағдайда басқару құралы игілікті әділ бөлуге емес, белгілі бір топтың мүддесін қанағаттандыруға жұмсалады. Мемлекеттік аппарат халыққа қызмет етудің орнына «ресурстарды сорудың» заңдастырылған тетігіне айналады. Бұл – әлеуметтік паразитизмнің ең қауіпті түрі. Өйткені ол кездейсоқ құбылыс емес, тұтас саяси құрылымға сіңіп, формалды заңдар мен институттардың көлеңкесінде өмір сүре береді.

Екінші мәселе – коммерция. Бастап­қыда ол адамзат өркениетінің дамуына серпін берген табиғи құбы­лыс еді. Тауар мен ақшаның алма­суы қарапайым қажеттіліктен туында­ды. Біреуінде артық бидай бар, екін­шісінде артық мал бар, олар айырбас жасайды. Уақыт өте келе осы айырбас жаңа экономикалық жүйелердің негізіне айналды. Алайда тарих бізге мынаны дәлелдеді. Коммерция тек экономикалық құрал болып қалмай, бірте-бірте қоғамдық қатынастардың әмбебап логикасына түрленді. Бүгінде біз сауданың базарда ғана емес, ғылымда да, өнерде де, тіпті дінде де үстемдік құрып отырғанын көреміз. Зерттеулердің басым бөлігі пайда әкелетін салаға бағытталады. Өнердің өзі нарық заңына тәуелді. Кітап қанша сатылады, фильм қанша табыс әкеледі деген сұрақтар шығармашылықтың ішкі құндылығын басып оза бас­тады. Діннің де экономикалық өл­шем­дері пайда болды. Қажылық, құр­бандықтың кейбір рәсімдері коммерциямен астасып отыр.

Ең қауіпті тұсы – коммерция ірі қаржы капиталымен араласқанда пайда болатын паразиттік сипат. Егер капитал адал еңбекке сүйенсе, ол жаңа өндіріс пен жұмыс орындарын ашады, қоғамды дамытады. Ал егер ол тек алыпсатарлыққа, жасанды бағаларды көтеруге, монополия құруға сүйенсе, онда ол ақша жасаудың өз алдына бір «өнеріне» айналады. Мұндай жағдайда капитал қоғамның ортақ еңбегін әділетсіз бөлудің құралы болып, әлеуметтік паразитизмнің заңдастырылған формасы болып қалады.

Үшінші қайнар – қылмыс. Қыл­мыс – заңға қайшы әрекет ретінде анықталса да, ол кез келген қоғамда кездесетін әмбебап құбылыс. Ешбір қоғамдық формация қылмыстан толық арылған емес. Тіпті ең дамыған өркениеттердің өзінде ол өзінше түрленіп, қоғамның әр қабатына еніп отырады.

Әлеуметтанушылардың ай­туын­­ша, қылмыс қоғамдық норма­лар­­ды бұзумен қатар, оның әлсіз тұста­рын пайдаланып, «қара нарық» заңды­лы­ғын жасайды. Қылмыс бір жа­ғы­нан биліктің әлсіздігін көрсет­се, екін­ші жағынан қоғамдағы әділет­сіз­дікті пайдаланып, «көлеңкелі эконо­мика» ретінде жұмыс істейді. Айта­лық, сыбайлас жемқорлық – қыл­мыс­тың ең қауіпті түрі. Өйткені ол – тек жеке адамның әрекеті емес, тұ­тас мемлекеттік институттарға сіңіп ке­тетін дерт. Жемқорлық бар жер­де әділ­дік болмайды, ал әділдік жоғал­ған қоғамда адамдар заңға емес, бей­рес­ми келісімдерге сенеді. Бұл мем­лекеттің іргесін шайқалтады. «Көлең­келі экономика» да дәл сондай. Заңға бағынбайтын кәсіпкерлік, жасырын сауда, салықтан жалтару – мұның бәрі қоғамның ортақ қазы­насын әлсіретеді. Мемлекет бюд­жетіне түсуге тиіс қаражат қылмыс­тық топтардың қолына кетеді. Сон­дықтан қылмыс – қоғамның даму мүмкіндіктерін тұсаулайтын әлеумет­тік паразитизмнің бір түрі. Өйткені ол еңбекке емес, алдауға, зорлыққа, қиянатқа сүйенеді.

Сөзіміздің әлқиссасында адам қоғамның кішкене бөлігі екенін айттық. Демек, әлеуметтік масыл­дықтың алдын алу үшін адам ең алдымен өзінен бастау керек. Абай айтқандай, «Сіз айтсаңыз, отқа түсуге бармын деп желдендіріп алып, шаруасын қылмай-ақ, малын бақпай-ақ содан алып, киімін бүтейтіп киіп, тәуір атын мініп алып, қатарлы бір құрметке жетіп жүре береді». Бұл – тоғышар мінездің айқын суреті. Төле бидің даналығы ойға ора­лады: «Жігіт адамға бас кесір – еріншек­тік, ортаншы кесір – ұйқышыл­дық, кенже кесір – кедейлік». Бұл үш кесір – масылдыққа апаратын яки масылдықтан туатын кесапаттар. Сол себепті адам рухани жетіліп, қо­ғамға пайдалы азамат атануы үшін менмендікті ысырып, еңбекке бой үйретуі қажет.

Соңғы жаңалықтар