Аймақтар • Бүгін, 08:45

Төрт жасында 6-сыныптың есебін шығарады

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан облысының Қазығұрт ауданына қарасты Алтынтөбе ауылында ерекше қабілетімен көзге түскен дарынды бала өсіп келеді. Небәрі 4 жасында мектепке барған Әли Адамбек ойша күрделі есептер шығарады. Екі және үш таңбалы сандарды оңай есептейді. Көбейту амалдарын ағылшын тілінде еркін орындайды.

Төрт жасында 6-сыныптың есебін шығарады

Ағылшын тіліне қызығушылығына анасы Нұргүл Мырзағалидың септігі тисе керек. Көбейту амалдарын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін орындайтын баланың дарыны көпшілікті тәнті етеді. Бес ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған Нұргүл Мырзағали кенжесі Әлидің 2021 жылдың қазан айында дүниеге келгенін айтады. Екі жасынан балабақшаға барған Әли ойыншық машиналарға емес, кітап, дәптер, қаламға қызығушылық танытқан. Оның осы бір ерекшелігін байқаған анасы көбі­не дамытушы ойын­­шықтар алып бере­тін. «Фигуралар, сандар, әріптерді де тез үйренді. Өз бетімен интернеттен қарап, алфавитті үш тілде меңгеріп алды. Бір күні қарасам, үшінші сыныптағы баламның математика жинағындағы тапсырмаларды өзді­гінен шығарып қойыпты. Ұйықтар алдында үнемі «мама, есеп айтайықшы» деп сұрайды. Сол күні жарты сағаттай есеп айттық. «Енді ұйықта» деп жатқызғанымда, біраздан кейін ағылшын тілінде көбейту кестесін айтып жатқанын естідім. Ол кезде жасы үштен енді асқан еді. Өзім ағылшын тілі пәнінің мұғалімімін. Күні бойы жұмыстамын, Әли балабақшаға барады. Балабақша тәрбиешілері есептер берсе, бірден шығарып тастап, қайта-қайта жаңа тапсырма сұрайды екен. Сөйтіп, балабақша оған қызықсыз бола бастады. Үш жастан асқанда тәрбиешілері баланың ерекше қабілетті екенін айтып, мектепке беруге кеңес берді. Былтыр қыркүйекте, 4 жасында мектептің даярлық сыныбына бердім. Өзінен жасы үлкен сыныптастарымен тез тіл табысып, оқу бағдарламасын бірден меңгеріп кетті. Таңертең қиналмай тұрады, сабақтан қалғысы келмейді. Үйге келген соң да сұрақтары таусылмайды. Барынша жауап беруге тырысамын», дейді анасы Нұргүл.

Бүгінде Әли «Алтынтөбе» орта мектебінің даярлық сыныбында білім алады. Орта мектеп мұғалімі Әлия Миятбекованың айтуынша, Әли тіпті 5-6 сынып оқушылары шеше алмайтын күрделі есептерді олардан бұрын шығарып, көпшілікті қайран қалдырып жүр. «Алғаш келгенде жасының кішілігіне қарап, қалай оқытамыз деп ойладық. Бірақ байқасақ, білім деңгейі кей оқушыларымнан да жоғары екен. Үш таңбалы сандарды қосып-азайтады. Екі амалды есеп беріп көрдік. Оны да оңай шығарды. Оқи ала ма деп әліппені ұсынсақ, оны да еркін оқып кетті», дейді Әлия Миятбекова. Ал Бақдәулет Жетібай Әлидің әпкесі Аяулыммен бірге арнайы курсқа қатысатынын айтады. «Сабақ барысында оқушылардан көбейту кестесін сұрағанда, Әли де қасында отырып, жауап беріп қояды. Кейде есепті үлкендерден бұрын шығарып үлгереді», дейді мұғалім.

Әліппені толық меңгерген Әли тек математикамен шектелмей, ағылшын тілінде жетік оқып-жазуға да ықылас танытып жүр екен.

 

Түркістан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Қай өңірлерде жолдар жабық тұр?

Қазақстан • Бүгін, 09:28

Полигон аймағы игеріледі

Аймақтар • Бүгін, 09:05

Дамуға бастар жол

Саясат • Бүгін, 08:48