Экономика • Бүгін, 09:20

Реформа бизнеске тірек пе, әлде кедергі ме?

160 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел экономикасын жаңғыртуға бағытталған реформалар бизнеске тірек болуы тиіс. Алайда дайындықсыз енгізілген шешімдер керісінше, кәсіпкерге қосымша салмақ салуы мүмкін. Осы түйткілдер «AMANAT» партиясының Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі Республикалық үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысында ашық талқыланды. Партия Хатшысы Елдар Жұмағазиев пен Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин тең төрағалық еткен кеңесте өндіруші, саудагер, фермер мен өңдеуші сала өкілдері мемлекеттік саясаттағы нақты мәселелерді көтеріп, оларды шешудің жолдарын ұсынды, деп жазады Egemen.kz.

Реформа бизнеске тірек пе, әлде кедергі ме?

Реестр – тәртіп пе, тосқауыл ма?

Отандық өнімді қолдаудың жаңа тетігі ретінде ұсынылған Реестр жүйесі бүгінде бизнес қауымдастық арасында үлкен пікірталас тудырып отыр. Осы бағыттағы олқылықтар мен техникалық кедергілерді «Атамекен» ҰҚП Президиумының өңдеуші өнеркәсіп комитетінің төрағасы, Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының президенті Қанат Сұлтанұлы Ибраев жан-жақты талдап берді. Оның пайымдауынша, бастаманың мақсаты айқын болғанымен, оны іске асыру тетігі кәсіпкерлерді тығырыққа тіреуі мүмкін.

«Бизнес реестрдің енгізілуіне түбегейлі қарсы емес. Алайда ол жеткілікті дайындықсыз іске қосылып жатқаны байқалады. Өңдеу деңгейі бойынша нақты категоризация жоқ, кәсіпорындарға бейімделуге уақыт берілмеді. Бейнебақылауға қойылатын талаптар түсініксіз, ал коммерциялық ақпараттың сыртқа шығып кету қаупі бар», деді Қанат Ибраев.

1
Спикердің айтуынша, ең өзекті мәселе – ішкі қосылған құнның дұрыс есептелмеу қаупі. Бұл реттелетін сатып алуларда жеңімпазды таңдауда шешуші фактор болғандықтан, қателік әділ бәсекеге тікелей әсер етеді. Осыған байланысты кәсіпкерлер СТ-KZ және индустриялық сертификаттардың мерзімін 2026 жылғы 1 шілдеге дейін ұзартуды және реестр ережелеріндегі артық талаптарды алып тастауды ұсынды.

Салықтағы тыйым және B2B байланыс

Шағын және орта бизнестің ірі серіктестермен жұмыс істеу мүмкіндігіне салықтық әкімшілендірудегі жаңа өзгерістер кедергі болуы мүмкін. Бұл жайтқа «Атамекен» ҰКП Президиумының шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрағасы Сәкен Абуханұлы Қарин ерекше назар аудартып, B2B байланысының үзілу қаупін алға тартты.

«Егер ірі компаниялар шағын бизнестен сатып алған тауар немесе қызмет үшін шығынды шегере алмаса, олар мұндай әріптестіктен бас тартады. Бұл шағын бизнестің келісімшарттарға қол жеткізуін шектейді», деді Сәкен Қарин.

2


Министрлік дерегіне сәйкес, бұл норма 300 мыңға жуық кәсіпкерге әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты бизнес қауымдастығы тыйым салудың орнына B2B мәмілелер бойынша 6-8% төмендетілген ҚҚС енгізуді және Ұлттық тауарлар каталогына адаптация кезеңінде айыппұл қолданбау туралы шешімді ресми хаттамада бекітуді сұрады.

ҚҚС-тың медицина саласына әсері қандай?

Медициналық өнімдерді өндіру мен таратудағы салықтық жүктеменің біркелкі болмауы дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуіне соқпақ болып отыр. «ФарМедИндустрия» қауымдастығының президенті Руслан Серікұлы Сұлтанов саланың ішкі «асханасындағы» салықтық қайшылықтарды тізбелеп берді.

3

«2026 жылдан бастап жүйе өте күрделі болады: шикізатқа 16%, ал дайын дәрілерге 5-10% ҚҚС салынады. Бұл модель әкімшілік шығындарды арттырып, отандық препараттардың бағасын көтереді. Біз шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі бүкіл тізбек бойынша бірыңғай ҚҚС мөлшерлемесін енгізуді ұсынамыз. Бұл бағаның өсуін тежеп, тең бәсекелестік тудырады», деді Руслан Сұлтанов.

Бағаны реттеу дүкендерді тығырыққа тірей ме?

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылау халық үшін тиімді болғанымен, шағын сауда субъектілерінің экономикасына үлкен салмақ салып отыр. «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Зейілұлы Жаркенов «үй іргесіндегі дүкендердің» бүгінгі жай-күйін ашық баяндады.

4

«Әлеуметтік маңызы бар тауарларға қойылатын 15% үстемеақы шегі шағын дүкендерді шығынға батыруда. Біз ұзақ сақталатын тауарларға кемі 20%, ал тез бұзылатын өнімдерге кемі 30% дифференциацияланған үстемеақы енгізуді ұсынамыз. Әлеуметтік жауапкершілікті тек бизнестің мойнына ілмей, оларды да стабфондтар мен льготалық логистикаға қосу қажет», деді Тимур Жаркенов.

Ауыл шаруашылығындағы өндірістік цикл мен қаржыландыру мерзімдерінің арасындағы алшақтық фермерлерді тығырыққа тіреп отыр. «Қазақстан ет одағы» бірлестігінің басқарма төрағасы Мақсұт Бақтыбаев саланың тұрақты дамуы үшін қажетті стратегиялық қадамдарды атап өтті.

6

«Бұл салаға 10-15 жылға есептелген стратегиялық бағдарлама қажет. Оның базалық көрсеткіштері министр ауысқан сайын өзгермеуі үшін Заңмен бекітілуі тиіс. Сонымен қатар, ӘКК-лердің рөлін сақтап, экспорттық шектеулерді ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттармен алмастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Финанстық институттар осындай ұзақ циклді ескеруге дайын ба?», деді Мақсұт Бақтыбаев.

Тариф саясаты және өндіріс бәсекесі

Өңдеу өнеркәсібінің дамуына кедергі болып отырған тағы бір фактор – энергия тасымалдаушылардың тарифтері. Қайталама шикізатты өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Батырбек Әубәкіров газ бағасының шарықтауы кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін қалай төмендетіп жатқанын цифрлармен негіздеді.

 0

«Газ бағасының әр жарты жыл сайын 20% өсуі өнім құнын 2025 жылға қарай 15,92%-ға дейін көтереді. Біз өңдеу өнеркәсібі үшін орташаланған төмен тариф енгізуді және үздіксіз технологиялық процесі бар кәсіпорындарды газ тарифі бойынша қолайлы санатқа ауыстыруды сұраймыз», деді Батырбек Әубәкіров.

Серік Жұманғарин атап өткендей, алдағы уақытта Үкімет пен бизнес тоқсан сайын кездесіп, «сағаттарын теңестіріп» отырмақ. Ендігі кезекте атқарушы билік кәсіпкерлердің бұл өткір уәждеріне қаншалықты құлақ асады? Реформалар бизнестің қанатын кеңге жаюына себеп болады ма, әлде бюрократиялық кедергілердің кезекті шеңбері болып қала бере ме?

Соңғы жаңалықтар