Қоғам • 28 Желтоқсан, 2025

Соғыс сарбазының сүйегі туған жеріне қойылды

70 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылордадағы «Тағзым» алаңында екінші дүниежүзілік соғыста Ресейдің Псков қаласын азат етуде оққа ұшқан Байбол Рахметов рухына әскери құрмет көрсету шарасы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Соғыс сарбазының сүйегі туған жеріне қойылды

Қызылорда облысы әкімдігі

Былтыр «Обелиск» іздестіру шаралары барысында 1944 жылғы ұрыстарда қаза тапқан қызыл әскерлердің сүйегі табылған. Олардың арасында 326-шы атқыштар дивизиясы 1101-ші атқыштар полкі сапында қызмет еткен аға сержант Байбол Рахметовтің де мүрдесі бар еді.

1917 жылы Қызылорда қаласында туған майдангер сүйегінің жанынан «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі, ұстарасы, қаламсабы, пышағы шыққан. Бүгін майдангер мүрдесі туған жер топырағына жеткізілді.

Рәсімде сұрапыл соғыс жылдары ерлік көрсеткен қаhарман құрметіне бір минут үнсіздік жарияланып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абизов арада қаншама жыл өткенде туған топырағына аманат болып жеткен жауынгердің рухына тағзым ету бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы екенін айтты. Майдангердің жақындары ерлікті ұлықтаған азаматтарға алғыстарын білдірді. Соғыс сарбазының сүйегі Ақсуат ауылдық округі аумағына қойылды.

Соңғы жаңалықтар