Дүбірге бөленген думанда Тоқтар ауылынан келген азамат қой тұлыбын 120 рет, Ынталы ауылынан келген қатысушы 125 рет көтеріп, жоғары нәтиже көрсетті. Ал жарыстың үздік көрсеткішін Ақтөбе ауылының тұрғыны тіркеп, муляжды 200 рет көтерді. Десек те, әлді азаматтармен қатар қажыр-қайратын дәлелдеген Жәнел Құсайынованың өнері «Baiqymyz» этнофестивалінің ең есте қаларлық сәттерінің бірі болды.
Соңғы рет көтеріп, межені 150-ге жеткізген соң, халыққа басын иген батыр қызға ұйымдастырушылар естелік сыйлықтар табыс етті. Көпшілік ішінен Ақтоғай ауданының Дәурен есімді мәрт азаматы сахна алаңына суырылып шығып, рухты қызға 100 мың теңге тарту етті. Ал Қараағаш ауылының жігіттері қазақы дәстүрмен иығына оқалы қамзол жауып, құрмет көрсетті.
Жәнел – Саран қаласының тумасы. Ол бала кезінен спортпен шұғылданады. Бозкілемде қарсылас шақ келтірмей жүрген грепплинг және джиу-джитсу шебері. Кейіпкеріміздің айтуынша, ол бұған дейін де түрлі мерекелерде осындай сайыстарды көріп, қатысқысы келгенімен, ұялып жүріпті.
«Мұндай сайысқа бірінші рет қатыстым. Көріп жүріп қатты қызығатынмын, бірақ ұялатын едім. Осы жолы тәуекел етуге жүрексініп тұрғанымда, жанымдағы бөлем Гүлмира сахнаға шығуыма күш берді», – дейді ел аузында жүрген батыр қыз.
Жәнел ортаға шыққанға дейін жігіттер арасындағы көрсеткіш 120 рет болған екен. Ел алдына шыққанда бойын намыс кернеген бойжеткен алдына бір ғана мақсат қояды: ерлер орнатқан межені жаңартып, қыздардың да мықты бола алатынын дәлелдеу!
«Көрсеткіш 100-ден асып бара жатқанда, рекордты жаңартатынымды сездім. Ішімде тек қана «озу керек» деген ой болды. Мен үшін 35 килолық салмақ қатты ауыр болған жоқ. Себебі аптасына 4–5 рет жаттығу залында зілтемір көтеріп, шынығамын», дейді ол.
Еліміздің көк туын халықаралық ареналарда желбіретіп жүрген спортшы қыз қой көтеруден бақ сынап, осыншама халықтың алғыс-махаббаты мен қолдауына бөленемін деп ойламағанын жасырмайды. «Жұлдыз боламын деп ойлаған жоқпын, әрине. Бағдарламаларға шақырып, сұхбаттасып жатқаны – ерекше сезім. Спорт – денсаулық кепілі, сондықтан болашақта бұл жолымды мақтанышпен жалғастыра беремін», дейді чемпион ағынан жарылып.