Аймақтар • 02 Желтоқсан, 2018

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының 500 жас сарбазы әскери ант қабылдады

836 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 Мерекелі күні Ақтау, Атырау және Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылында ағымдағы жылдың күз айларында шақырылған 500 жас сарбазы әскери ант қабылдау рәсімін өтті.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының 500 жас сарбазы әскери ант қабылдады

Салтанатты іс-шараның құрметті қонағы ретінде әскери қызметшілердің ата-аналары, туысқандары, Қарулы Күштердің ардагерлері, жергілікті басқару органдары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Қонақтардың назарына әскерилердің жауынгерлік даярлық элементтері бойынша көрсетілімдер ұсынылды.

Ақтаудағы 25744 әскери бөліміне мыңға жуық қонақ келген болатын. Шалғайдан келген ата-аналармен кездесуді «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскерлері қолбасшысы генерал-майор Қаныш Абубакиров өткізді. Өңірлік қолбасшылық әскери бөлімдерінің командирлері ата-аналармен әңгімелесіп, барлық қызықтырған сауалдарына жауап берді, қонақтарды әскери қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен таныстырып, казарламаларды, асханаларды, тренажерлық залдар мен оқу сыныптарын көрсетті.

- Дәл осы мейрам күні ант қабылдау мен үшін зор құрмет. Барша қазақстандықтарды Қазақстан республикасы Тұңғыш Президенті күнімен құттықтағым келеді! Біз Отанымыздың игілігі үшін өзіміздің әскери борышымызды адал орындайтынымызға сенімдімін, дейді жас сарбаз, қатардағы жауынгер Эрик Каримов.

Әскери ант қабылдаған жас сарбаздар ендігі кезекте жас мамандарды даярлау бағдарламасына сәйкес жауынгерлік үрдіске кіріседі. Жарты жылдан соң олар әскери мамандық иесі атанып, артиллерияшы, танкіші, атқыш, байланысшы лауазымдарында толыққанды Отан қорғаушылар мәртебесіне ие болады.

Қазіргі уақытта әскерге дене бітімі шыныққан, білімді, моральдық тұрғыда тұрақты бозбалалар келеді. Ардагерлер мен әскери бөлімдердің командирлері олар даңқты жауынгерлік дәстүрдің лайықты ұрпағына айналып, Қазақстан Республикасына қалтқысыз қызмет етудің үлгісі болатындарына сенеді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы