Өнер • 03 Желтоқсан, 2018

Елорда қойнауы құпияға толы

327 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорданың жиырма жылдығы мен Тұңғыш Президент күнін мерекелеу қарсаңында «Бұрынғы және қазіргі Астананың киелі әлемі» атты көрме ашылды.  Экспозицияға Астана маңындағы Күйгенжар шатқалындағы сақ дәуіріндегі патша қор­ғанынан табылған құнды жәдігерлер қойылды.

Елорда қойнауы құпияға толы

Жаздың соңғы күндері «Астана іргесінен осыдан 2200 жыл бұрын салынған көне қорған табылды» деп сүйіншілей хабарланған болатын. Астана қаласы Мә­дениет және спорт бас­қармасы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің К.А.Ақы­шев атындағы архео­ло­гия ғылыми-зерттеу инс­­титуты бірлесіп қолға алған зерттеу жұмыстары кезін­де қор­ғанның жоғарғы қаба­тын­дағы бастапқы жеті зират ашылып, зерттелген еді. Тас­ты сауыт үйінділерімен қап­талған қорған биіктігі – 3,5 метр болса, диаметрі 50 метрге жетеқабыл. Енді сол сақ дәуіріндегі патшалық қорғандарынан табылған көне жәдігерлерді көзбен көруге тамаша мүмкіндік туып отыр.

К.А.Ақышев атындағы археология ғылыми-зерт­теу институтының директоры, археологиялық топтың жетекшісі Марал Хаб­ду­ли­наның айтуынша, сәулеті мен құрылысы қорымның 2200 жыл бұрын салынғанын көрсетеді. Бір өкініштісі, қорым тып-типыл тоналған, әйтсе де адамзат тарихындағы аса маңызды кезең саналатын ерте темір дәуіріндегі қорғандар жүйесіне қатысты біршама маңызды ақпарат белгілі болған. «Үйілген то­пырақтан жеті кіре беріс жерлеу орындары табылды. Жерлеу рәсімін зерттей келе, олардың орта ғасырға тиесілі екені белгілі болды. Түркі дәуірінде ер адамды жерлеу рәсіміндегі бір ерекшелік күміс сырғалар мен белбеу қоса табылып отыр», дейді ол.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»