Жаздың соңғы күндері «Астана іргесінен осыдан 2200 жыл бұрын салынған көне қорған табылды» деп сүйіншілей хабарланған болатын. Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің К.А.Ақышев атындағы археология ғылыми-зерттеу институты бірлесіп қолға алған зерттеу жұмыстары кезінде қорғанның жоғарғы қабатындағы бастапқы жеті зират ашылып, зерттелген еді. Тасты сауыт үйінділерімен қапталған қорған биіктігі – 3,5 метр болса, диаметрі 50 метрге жетеқабыл. Енді сол сақ дәуіріндегі патшалық қорғандарынан табылған көне жәдігерлерді көзбен көруге тамаша мүмкіндік туып отыр.
К.А.Ақышев атындағы археология ғылыми-зерттеу институтының директоры, археологиялық топтың жетекшісі Марал Хабдулинаның айтуынша, сәулеті мен құрылысы қорымның 2200 жыл бұрын салынғанын көрсетеді. Бір өкініштісі, қорым тып-типыл тоналған, әйтсе де адамзат тарихындағы аса маңызды кезең саналатын ерте темір дәуіріндегі қорғандар жүйесіне қатысты біршама маңызды ақпарат белгілі болған. «Үйілген топырақтан жеті кіре беріс жерлеу орындары табылды. Жерлеу рәсімін зерттей келе, олардың орта ғасырға тиесілі екені белгілі болды. Түркі дәуірінде ер адамды жерлеу рәсіміндегі бір ерекшелік күміс сырғалар мен белбеу қоса табылып отыр», дейді ол.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»