Әдебиет • 04 Желтоқсан, 2018

Алматыда «Бозоқ аруы» кітабының таныстырылымы өтті

610 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Бейсенованың «Ұлы дала арулары» сериясы бойынша жарық көрген «Бозоқ аруы» кітабының таныстырылымы өтті.

Алматыда «Бозоқ аруы» кітабының таныстырылымы өтті

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оқырманға жол тартқан бұл кітаптағы аналар галереясы – түркі аруларын жаңғыртып, олардың төл тарихымыздағы орнын айшықтап отыр.

– Азаматтық үнінің айқындығымен, нәзік сыршылдығымен ерекшеленетін Шәрбану Қонақбайқызының шығармалары туған елді сүю, адалдық, достық, махаббат сезімдерін арқау етеді. Қаламгердің «Тойға келген келіншек», «Сезімтал жүрек», «Тағылымды тағдырлар», «Мизамшуақ», «Сүзгенің соңғы күндері» сынды шығармалар жинағы көзіқарақты талай жанның көкейіне сіңді. Сырласар серігі болды. Таусылмас рухани азығына айналды. Шәрбану Бейсенованың «Ұлы дала арулары» топтамасымен жарық көріп келе жатқан кітаптар сериясы – ұлт тарихында ерекше орын алып, ел жадында сақталған әулие аналар өмірінен сыр шертеді, – деді оқу орнының ректоры Гаухар Алдамбергенова

Сонымен қатар шара барысында жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сара Латиева, қаламгер, журналист Заря Жұманова Шәрбану Бейсенованың қаламгерлік қолтаңбасы турасында әңгіме өрбітіп, естеліктерімен бөлісті. Жиында университет студенттері жазушыға қыз бала тәрбиесі, бүгінгі әдебиеттің жай-күйі және өзінің қаламгерлік жолы жайында сұрақтар қойып, толымды әрі пайымды жауап алды.

Осы арада Шәрбану Бейсенованың «Ұлы дала арулары» жобасы шеңберінде бұған дейін де «Сүйінбике» кітабы жарық көргенін айта кетуге болады.

«Фолиант» баспасынан шыққан жинақта археологиялық қазбадан табылған айымдар, сондай-ақ әйел-ана туралы мәліметтер фольклорлық мұрамен сабақтастырыла қаралып, танымдық, ақпараттық баян түрінде ұсынылған.

Жазушы «Бозоқ аруында» Елорданың іргесіндегі ежелгі Бо­зоқ қаласына жүргізілген архео­логиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ару қаңқасына тіл­ бітіре отырып, елдік мәселенің иірі­міне қатысты танымдық, тағылымды ойларды қозғайды. Бү­гінгі елорда тарихы кешелі беріден емес, ежелгі дәуірлерде ір­гетасы қаланғанын, оған Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Ортағасырлық Бозоқ қаласы – Ақмоланың тікелей атасы, ал оның соңғы ұрпағы – қазіргі Қазақстанның елордасы Астана деп есептеуге болады», деген сөзін басты дә­йек ретінде алып, Бозоқ қа­ласын топырақтан аршыған археолог-ғалым Кемел Ақышевтің дәлелдерін, оның ішінде қазба жұмысы кезінде табылған әйел мүрдесінің екі жағына қойылған 800 інжу моншақтың табылуы мысалдармен айтылып, хикаяттың басты кейіпкері Шырақбектің түсіне елес болып тіл қататын Інжу арасында дамиды.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ