Қазақстан • 11 Желтоқсан, 2018

Шала туған шақалаққа қоғам назары қажет

953 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«University Medical Center» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы адам жанына арашашы айрықша орталық. Алақандай ғана, 500-600 грамм шақалақтан дәрігердің аялауы арқасында адам болып кеткен балалар – орталықтың үнемі назарында.  

Шала туған шақалаққа қоғам назары қажет

Жыл сайын әлемде 15 ми­л­лион­ға жуық бала шала туыла­ды. Яғни, әр он сәбидің біреуі айы-күніне жетпей дүние есігін ашады. Баланың шала тууының себебі көп, дейді мамандар. Бұл – ең алдымен әйелдердің кеш босануы, белсіздіктен емделетін дәрілерді көп қолдану, босануды негізсіз ерте ынталанды­ру, ке­­сарь тілігі әдісін қолдану, қор­­шаған ортаның зиянды фак­торларының ұрыққа кері әсерін ти­гізуі, жүктілік уақытында ана­сының қатты күйзеліске ұшы­рауы, аяғы ауыр әйелдің әл­дебір жарақат алуы және тағы да басқа көптеген себептің зардабы болуы мүмкін. Әрине адам табиғатында анаға перзентін 9 ай көтеру тән. Алайда шала туған сәбилердің 1 миллионға жуығы көп ұзамай шетінесе, көпшілігі түрлі аурудан зар­дап шегіп, мүгедек атанады. Статистика бойынша мерзі­мінен бұрын босану шала туған балалардың өлімінің негізгі се­бептерінің бірі. 

Шала туған шақалақ түгілі, айы-күні толық жеткен баланың да жетіліп кетуі оңай емес. Ал салмағы 1 килоға жетпейтін, тіп­тен жылай алмайтын, емуге күші жоқ, оның үстіне кейбір органдары, орталық нерв, тыныс алу, зәр шығару сияқты жүйелері жөнді жетілмеген баланың қа­тарға қосылып кетуі қайдан жеңіл болсын?! Дәрігерлер қо­ғам­ның аналардың мерзімінен ерте босануын, төмен және тым төмен салмақпен туатын балалар проб­лемасын әлі толық ба­ғалай алмай отырғанын, жыл өткен сайын олардың саны артып келе жатқанын айтады. 

Уақытынан ерте туған сәби дә­рігерлердің күтіп-бағуы­мен өзі еме алатындай, тыны­сы қа­­лыпқа түсіп, салмақ қо­суы жақсарып жатса 2 килоға жетпей-ақ үйге шығарылады. Ал оған дейін балапан клиникада қажет болса түрлі операция­дан өткізіледі. Ересен жұмыс атқарылып, үлкен қажыр-қайрат жұмсалып, енді қолға ұстауға келетін баланы үйіне шығарған ата-аналардың қуанышымен бірге көңілінде алаң да бола­тыны түсінікті. Өйткені шала туған нәрестеміз адам қатарына қосылып кетер ме екен деп күйзеліске түскен әке-шеше бұ­дан былай да баласының са­палы емделуіне қажетті ма­те­риалдық қолдауға және пси­хологиялық көмекке мұқтаж. Орталықтың мамандары өз тарапынан шала туған шақалақты жетілдіріп, күту үшін жоғары технологиялы қарқынды бағу шараларымен қоса, ата-аналарға осындай балалардың күтімін үйде жүргізуді үйретуді де қоса атқарады. 

– Баламызды орталықтан алып шыққанымызбен ол өзіне көп көңіл бөлуді қажет етті. Мы­са­лы, сәл салқын жерде тез тоңып, ыстық жерде дене қы­­зуы көтеріліп кететін. Сон­дықтан, бөлмені қажетті темпе­ратурада ұстаудың және ауа­сын жиі желдетіп, тазалап тұ­ру да маңызды. Тіпті кіш­кен­тайдың өкпесінің тыныс алуы дұрыстала түсуі үшін, тек шалқасынан жатқызбай, әлсін-әлсін қырына аударып тұру керек. Ал суға түсіру деген кәдімгідей дайындалатын процесіміз еді.  Суға шомылдыру үшін әуе­лі суды қайнатып алып, одан тиісті температураға дейін салқындауын күтетінбіз. Сол уақытта жанталасып, бала­ның басынан басқа денесі толық батырылып тұратын суға түсірген кезімізде, то­ңып қал­масын деп біреуміз жылыт­қыш ұстап тұрып, біріміз баланы орап алатын жаялықты жылытып тұратынбыз, – деп еске алады Гүлнар есімді ана. 

Әрине ата-анаға шала туған баласының болашақта дені сау азамат болып өсетінін білудің маңызы ерекше. Сондықтан дәрігерлер адамзат тарихында орны бар, айтулы тұлғалар – Наполеон Бонапарт, Исаак Ньютон, Альберт Эйнштейннің кезінде шала туғанын айтып, психологиялық тұрғыдан кеңес беріп жатады. 

Әлемде жыл сайын қара­ша айында Шала туылған ба­лалардың күнін атап өту дәстүрі бар. Ата-аналар мен осы салада еңбектеніп жүрген дәрігерлер уақытынан бұрын туған нәрес­телерді жетіл­дірудегі өзекті мәселелерді осы күні кеңінен талқылап, оларға қоғамның түсі­ністікпен қарап, қолдау көр­сетуінің қажеттілігіне көңіл бө­луге шақырады. Өйткені балалардың шала тууы даму деңгейі мен әл-ауқатының түр­лілігіне қарамастан, кез келген отбасы тап болатын проблема. Сондықтан өмірге бала келу қуанышымен бірге отбасы үшін қосымша жүк артылатынын туған-туысқандармен қатар әрбір жұмыс берушінің де түсіністік танытуы маңызды, дейді Шала туылған балалардың халықаралық күні орталыққа жиналған ата-аналар. «Шала туған шақалақтың жетілуінде анасымен қатар әкесі де, ата-әже, бауырлары да көп рөл ат­қарады. Егер осы кезде сә­биге түсетін назар мен еңбек шо­ғыр­ланып, бір бағытты түз­бесе жетістікке жету қиын. Сон­дық­тан мұндай отбасындағы отағасы асыраушылығына қо­са баласы үшін жиірек жұ­мыстан сұрануына, мамандарға көрсетуге баруына тура келе­ді. Ал оны көп ретте жұ­мыс бе­рушілер ұғына бер­мей­ді. Әй­теуір қазақтың бауыр­малд­ығының арқасында туын­даған проблемаларды шешуде туған-туысқан көмекке келеді. Жақын жерде ет жақының болса жақсы, әйтпесе өте қиын», дейді бізбен әңгімелесіп, сырын жайып салған келіншек.

Баяғыда бала шала туса ты­маққа салып өсірді. Қа­зір дәрі­герлер алақандай сәби­ді адам қатарына қосып жатқа­ны­мен, қоғамның шала туған балалар жөнінде білетіні аз. Ал олардың санының өсе түспесе азаятын түрі жоқ. Сондық­тан да әлемнің көптеген елде­рінде «Шала туылғандар күні» ке­ңінен атап өтіле бастады. Телевизиялық хабарлар және сұх­баттар, қайырымдылық концерттері ұйымдастырылып, БАҚ-тарда мақалалар жарияланып, түрлі акция өткізіледі. Басты мақсат – шала туған балалар проблемасының қаупі мен зардаптары туралы қоғамды ақпараттандыру. Елімізде бұл мәселеге қоғам мен мемлекеттің көңіл бөлуінің арқасында қазақ­стандық перинаталдық ор­талық­тарда 500 грамнан асып туған балаларға және аналарына барлық қажетті көмек көр­сетіліп келеді. Олардың арасында өлім-жітім азайып, өте төмен салмақпен дүниеге келген сәбилерді бағып-күтіп, ел қатарына қосу көрсеткіші арта түсуде. 

«UMC» корпоративтік қо­ры­ның Республикалық диаг­ностикалық орталығы педиатрия бөлімінің және Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының неонатолог, педиатр, хирург, ортопед, уролог, кардиолог, пуль­монолог, нефролог, эндокринолог, гастроэнтеролог, невропатолог, оториноларинголог, окулист және дерматолог дәрігерлері осы күні келген балаларды тексеруден өткізіп, кеңес берді. 130 бала тексеруден өтіп, 11 бала жан-жақты тереңдетілген диагностикалық-инстру­менталдық зерттеуден өтуге жіберілсе, 5 балаға ауру­­хана­ға жатып жоспарлы түр­де емделу қажеттігі туралы кеңес берілді. Ол балалар «UMC» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орта­лығында ақысыз негізде, медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін стационарлық ем алатын болды. Ал денсау­лықтары кеңінен зерттеуді қажет ететін жоғарыдағы 11 бала «UMC» корпоративтік қорының Республикалық диагностикалық орталығына амбулаториялық-диагностикалық тексеруге ба­ғыт­талды. Шара аясында балалар медициналық тексерістен өткен­нің үстіне, мерекелік кон­цертті тамашалап, аниматорлар балалардың көңілдерін көтеріп, естелік сыйлықтар табыс етті.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»