Жыл сайын әлемде 15 миллионға жуық бала шала туылады. Яғни, әр он сәбидің біреуі айы-күніне жетпей дүние есігін ашады. Баланың шала тууының себебі көп, дейді мамандар. Бұл – ең алдымен әйелдердің кеш босануы, белсіздіктен емделетін дәрілерді көп қолдану, босануды негізсіз ерте ынталандыру, кесарь тілігі әдісін қолдану, қоршаған ортаның зиянды факторларының ұрыққа кері әсерін тигізуі, жүктілік уақытында анасының қатты күйзеліске ұшырауы, аяғы ауыр әйелдің әлдебір жарақат алуы және тағы да басқа көптеген себептің зардабы болуы мүмкін. Әрине адам табиғатында анаға перзентін 9 ай көтеру тән. Алайда шала туған сәбилердің 1 миллионға жуығы көп ұзамай шетінесе, көпшілігі түрлі аурудан зардап шегіп, мүгедек атанады. Статистика бойынша мерзімінен бұрын босану шала туған балалардың өлімінің негізгі себептерінің бірі.
Шала туған шақалақ түгілі, айы-күні толық жеткен баланың да жетіліп кетуі оңай емес. Ал салмағы 1 килоға жетпейтін, тіптен жылай алмайтын, емуге күші жоқ, оның үстіне кейбір органдары, орталық нерв, тыныс алу, зәр шығару сияқты жүйелері жөнді жетілмеген баланың қатарға қосылып кетуі қайдан жеңіл болсын?! Дәрігерлер қоғамның аналардың мерзімінен ерте босануын, төмен және тым төмен салмақпен туатын балалар проблемасын әлі толық бағалай алмай отырғанын, жыл өткен сайын олардың саны артып келе жатқанын айтады.
Уақытынан ерте туған сәби дәрігерлердің күтіп-бағуымен өзі еме алатындай, тынысы қалыпқа түсіп, салмақ қосуы жақсарып жатса 2 килоға жетпей-ақ үйге шығарылады. Ал оған дейін балапан клиникада қажет болса түрлі операциядан өткізіледі. Ересен жұмыс атқарылып, үлкен қажыр-қайрат жұмсалып, енді қолға ұстауға келетін баланы үйіне шығарған ата-аналардың қуанышымен бірге көңілінде алаң да болатыны түсінікті. Өйткені шала туған нәрестеміз адам қатарына қосылып кетер ме екен деп күйзеліске түскен әке-шеше бұдан былай да баласының сапалы емделуіне қажетті материалдық қолдауға және психологиялық көмекке мұқтаж. Орталықтың мамандары өз тарапынан шала туған шақалақты жетілдіріп, күту үшін жоғары технологиялы қарқынды бағу шараларымен қоса, ата-аналарға осындай балалардың күтімін үйде жүргізуді үйретуді де қоса атқарады.
– Баламызды орталықтан алып шыққанымызбен ол өзіне көп көңіл бөлуді қажет етті. Мысалы, сәл салқын жерде тез тоңып, ыстық жерде дене қызуы көтеріліп кететін. Сондықтан, бөлмені қажетті температурада ұстаудың және ауасын жиі желдетіп, тазалап тұру да маңызды. Тіпті кішкентайдың өкпесінің тыныс алуы дұрыстала түсуі үшін, тек шалқасынан жатқызбай, әлсін-әлсін қырына аударып тұру керек. Ал суға түсіру деген кәдімгідей дайындалатын процесіміз еді. Суға шомылдыру үшін әуелі суды қайнатып алып, одан тиісті температураға дейін салқындауын күтетінбіз. Сол уақытта жанталасып, баланың басынан басқа денесі толық батырылып тұратын суға түсірген кезімізде, тоңып қалмасын деп біреуміз жылытқыш ұстап тұрып, біріміз баланы орап алатын жаялықты жылытып тұратынбыз, – деп еске алады Гүлнар есімді ана.
Әрине ата-анаға шала туған баласының болашақта дені сау азамат болып өсетінін білудің маңызы ерекше. Сондықтан дәрігерлер адамзат тарихында орны бар, айтулы тұлғалар – Наполеон Бонапарт, Исаак Ньютон, Альберт Эйнштейннің кезінде шала туғанын айтып, психологиялық тұрғыдан кеңес беріп жатады.
Әлемде жыл сайын қараша айында Шала туылған балалардың күнін атап өту дәстүрі бар. Ата-аналар мен осы салада еңбектеніп жүрген дәрігерлер уақытынан бұрын туған нәрестелерді жетілдірудегі өзекті мәселелерді осы күні кеңінен талқылап, оларға қоғамның түсіністікпен қарап, қолдау көрсетуінің қажеттілігіне көңіл бөлуге шақырады. Өйткені балалардың шала тууы даму деңгейі мен әл-ауқатының түрлілігіне қарамастан, кез келген отбасы тап болатын проблема. Сондықтан өмірге бала келу қуанышымен бірге отбасы үшін қосымша жүк артылатынын туған-туысқандармен қатар әрбір жұмыс берушінің де түсіністік танытуы маңызды, дейді Шала туылған балалардың халықаралық күні орталыққа жиналған ата-аналар. «Шала туған шақалақтың жетілуінде анасымен қатар әкесі де, ата-әже, бауырлары да көп рөл атқарады. Егер осы кезде сәбиге түсетін назар мен еңбек шоғырланып, бір бағытты түзбесе жетістікке жету қиын. Сондықтан мұндай отбасындағы отағасы асыраушылығына қоса баласы үшін жиірек жұмыстан сұрануына, мамандарға көрсетуге баруына тура келеді. Ал оны көп ретте жұмыс берушілер ұғына бермейді. Әйтеуір қазақтың бауырмалдығының арқасында туындаған проблемаларды шешуде туған-туысқан көмекке келеді. Жақын жерде ет жақының болса жақсы, әйтпесе өте қиын», дейді бізбен әңгімелесіп, сырын жайып салған келіншек.
Баяғыда бала шала туса тымаққа салып өсірді. Қазір дәрігерлер алақандай сәбиді адам қатарына қосып жатқанымен, қоғамның шала туған балалар жөнінде білетіні аз. Ал олардың санының өсе түспесе азаятын түрі жоқ. Сондықтан да әлемнің көптеген елдерінде «Шала туылғандар күні» кеңінен атап өтіле бастады. Телевизиялық хабарлар және сұхбаттар, қайырымдылық концерттері ұйымдастырылып, БАҚ-тарда мақалалар жарияланып, түрлі акция өткізіледі. Басты мақсат – шала туған балалар проблемасының қаупі мен зардаптары туралы қоғамды ақпараттандыру. Елімізде бұл мәселеге қоғам мен мемлекеттің көңіл бөлуінің арқасында қазақстандық перинаталдық орталықтарда 500 грамнан асып туған балаларға және аналарына барлық қажетті көмек көрсетіліп келеді. Олардың арасында өлім-жітім азайып, өте төмен салмақпен дүниеге келген сәбилерді бағып-күтіп, ел қатарына қосу көрсеткіші арта түсуде.
«UMC» корпоративтік қорының Республикалық диагностикалық орталығы педиатрия бөлімінің және Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының неонатолог, педиатр, хирург, ортопед, уролог, кардиолог, пульмонолог, нефролог, эндокринолог, гастроэнтеролог, невропатолог, оториноларинголог, окулист және дерматолог дәрігерлері осы күні келген балаларды тексеруден өткізіп, кеңес берді. 130 бала тексеруден өтіп, 11 бала жан-жақты тереңдетілген диагностикалық-инструменталдық зерттеуден өтуге жіберілсе, 5 балаға ауруханаға жатып жоспарлы түрде емделу қажеттігі туралы кеңес берілді. Ол балалар «UMC» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында ақысыз негізде, медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін стационарлық ем алатын болды. Ал денсаулықтары кеңінен зерттеуді қажет ететін жоғарыдағы 11 бала «UMC» корпоративтік қорының Республикалық диагностикалық орталығына амбулаториялық-диагностикалық тексеруге бағытталды. Шара аясында балалар медициналық тексерістен өткеннің үстіне, мерекелік концертті тамашалап, аниматорлар балалардың көңілдерін көтеріп, естелік сыйлықтар табыс етті.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»