07 Ақпан, 2019

Әуежайды робот тазалайды

597 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуе­жайында (1-Терминал) коммерциялық және өндірістік нысан­дардағы ауқымды кеңістіктерді тазалауға арналған автономды тазалағыш робот таныстырылды. Жобаны Tech Garden дербес кластерлік қорының портфельдік стартапы «ҚЗ автономды технологиялар» компаниясы Startup Kazakhstan акселерациясына қатысу барысында жүзеге асырды. Аталған бағдарламаға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қолдау көрсетіп отыр.

Әуежайды робот тазалайды

Тұсаукесер барысында электронды тазалағыштардың қалай жұмыс істейтіні көрсетілді. То­лы­ғымен автономды құрылғы еден­ді жуу барысында адамдарды, қабырғаларды және басқа да кедергілерді айналып өтіп, кеңістікте адамның араласуынсыз қозғалады. Сонымен қатар робот үнемдеп, қайта пайдалану мақсатымен суды ішкі қорабында тазалайды. Жасанды интеллект элементтері енгізілгендіктен бір­неше робот бір бөлмеде бір-біріне кедергі келтірмей қозға­лады. Тіпті робот-жұмыскерлер қажет болған жағдайда, батарея мен суды ауыстыру мақсатында өздігінен базаға аттанады.

– Tech Garden ұсынған үш ай­лық акселерацияға қатысу ар­қылы қажетті білім алып, робот­ты өндірістік мақсатта құрас­тыруға дайын деңгейге жеткіздік. Содан соң Қазақстанда алғашқы ірі тапсырыс беруші компания­ны таптық. Бірінші роботтар Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында іске қосылды, – дейді жоба авторы Николай Потапов.

Қазіргі таңда аталған стартап қазақстандық компанияларға 100 роботты жеткізуге келісім жасасқан. Сондай-ақ ресейлік компанияларға 500 роботты жеткізу туралы келіссөздер жүр­гізуде. Бір роботтың құны – 2,5 млн теңге. Бұл роботтың тех­но­ло­гиялық сипаттамасы қол­да­ныстағы аналогтарынан жоға­ры болғанымен, бағасы бірнеше есе арзан. Қазір елімізде осы ро­бот­тардың өнеркәсіптік өндірісін құру мәселелері қаралуда.

«Елбасы қойған тапсырмаларды орындау аясында Startup Kazakhstan бағдарламасының нәтижесін көріп отырмыз. Мақ­сат – отандық стартаптарды қол­дау және шетелдік стартаптарды тарту арқылы Қазақстанда жо­ғары технологиялық компа­ниялар жиынтығын құру. Үкіметтің қолдауымен Tech Gar­den кластерінің айналасында то­лық экожүйе құрылып, ТМД елдерінен стартаптардың тиімді ағыны орнатылды. Бүгін Startup Kazakhstan бағдарламасының нәтижесінде якуттық стартаптың жоғары технологиялы қазақ­стан­дық компанияға айналуын көрдіңіздер. Аталған компа­ния Қазақстанда тіркеліп, са­лық төлеп, ел экономикасына қаты­суда», дейді Tech Garden дербес кластерлік қорының бас директоры Санжар Кеттебеков.

«Егемен-ақпарат»