Елімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдері көптеген игі істің басында бола білді. Партияның белсенді мүшелерінің іс-әрекеті ұлтын сүюдің лайықты үлгісі деп қызығып қарауға тұрарлық.
Зиятдин Исмиханұлының ұлты – түрік. Түркиялық қардештерден емес, түбі ахыскалық. Аталары қазақ жерінде өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының орта шенінде Кавказ тауларынан жер аударылып келген. Грузияның Борчалы аймағынан шыққан ақын Зелимхан Ягубтың еңбектерінде осы түрік-ахыскаларға арналған дастан бар. Онда «халық жауы» атанған бүтіндей халықтың басына түскен қыспақ суреттеледі. Сол қыспақтың ортасында Зиятдиннің аталары да болды. Көп жылдар өткен соң әңгімеміздің кейіпкері біз Ахыска атап кеткен Ахалцихе аймағына туристік сапар ұйымдастырды. Азамат тарыдай шашырап кеткен қандастарының өз тарихының бастауына барып, бабаларының басына Құран оқимын дегендерді жеке қаражатымен бастап алып барды.
«Халқымның басынан өткені – үлкен трагедия, мыңдаған адамдардың ауыр тағдыры, қор болған ғұмыр. Бұл халықты қырып-жоюдың амалы еді. Бірақ Алланың жарылқауымен, бізді асқан кеңдікпен қарсы алып қамқор болған халықтың арқасында аман қалып, өмірді жаңа жерде жаңа беттен бастадық», дейді З.Касанов.
Ауыр сынақтан өткен ахыскалар аяғынан тұра білді, мыңдаған отбасылар әлемнің он елінде тіршілік кешіп жатыр. Ол осы ағайындарының басын құрап, өзіндік әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін, көп өзгеріске түскендіктен қазіргі түрік тілінен де ерекшеленетін тілін қалпына келтіру үшін барын салып жүр. Халықаралық «Ахыска» газетін шығарып, халықаралық ахыска-түріктердің бірлестігін құрды.
Он жыл бұрын құрылған ұйымның жауапкершілігін мойнына алған азамат ахыскалар тұратын жер-жерде болып, мұң-мұқтажын тыңдады. Олардың рухани жаңғыруына күшін салды. Тұтас халықтың жігерін қайрап, рухын оятуды алға қойды. Оның жұмысының маңызын елестету үшін кешегі кеңес кезінде түрік-ахыскаларға төлқұжат берілмегенін, қалада тұруға, жоғары оқу орнында оқуға, толық қоғам мүшесі атануға рұқсат етілмегенін еске түсіргеннің артығы жоқ.
Зиятдин Исмиханұлы бір сұхбатында: «Біріншіден, КСРО құрамында болған республикалардың тәуелсіз мемлекет болуының бастауы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы дер едім. Сол күндері Алматыда жұмыс істейтін жас маман ретінде мен де алаңнан табылған болатынмын. «Желтоқсанды» қазақ жастарының бас көтеруі ғана деп аясын тарылтуға болмайды. Бұл 70 жылдық тоталитарлық жүйеден шаршаған қоғамның алғашқы бұлқынысы еді. Осыдан кейін Грузия, Балтық жағалауы республикалары, т.б. елдерде бас көтерулер болып, барлық республикалардың тәуелсіздігіне әкелді. Ал сол тәуелсіздікті баянды ете білу басқа әңгіме. Қазақстанға келер болсақ, Тәңір берген тәуелсіздікті тұғырлы еткен елдің біріміз. Бұл бірінші кезекте халық сайлап алған Тұңғыш Президент пен мемлекет құрушы қазақ халқының арқасы дер едім. Елбасы саясатының әу бастан дұрыс түзілуі, бірінші кезекте ел еңсесін тіктеп, экономиканы оңалтып, шекараны шегендеуде, сонымен қатар ұлттық құндылықтар мен рухани дүниенің ұмытылмауы егемендіктің негізі болды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның экономикасы оңалып, әлемнің алға ұмтылған елдерімен көш түзеген тұста Ұлы даланың қасиетті құндылықтарын ұлықтап, тануға шақырып отыр. Президент әр Жолдауы мен тапсырмаларында алға жылжудың жолдары мен мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктерін көрсетіп беруде. Ал соңғы мақаласында «Ұлы даланың жеті қырын» көрсетіп, ендігі жерде осы негізде әлемді мойындатуға болатынын болжағандай.
Қазақ халқы ғасырлардан бері сақтап қалған Ұлы даланы бүкіл түркі дүниесінің алтын бесігі дер едім. Алғашқы болып жылқыны қолға үйретіп, алтын балқытқан осы даладан менің түпкі бабаларым – түріктер де шыққан. Сайын даладан шығып, Еуропаны билеген османдықтардың бүгінгі ұрпағы қыпшақ даласын «Атажұрт» дейді. Мен де өз ортамда әзілдеп, «Біз қазақ жеріне ХХ ғасырдың басында қайтып келген бірінші оралмандармыз» деймін. Расында да, әке-шешеміз 60-жылдары мүмкіндік берілгенде Қап тауына қайта оралған жоқ. Бәлкім, түп-тамырымыз жібермеген болар», дейді. Жүректі жылытатын осы жолдар түбі бір туыстығымызды білдіріп бірлесе жұмылсақ, биіктерге жететініміздің дәлеліндей.
Мақтауға тұрарлық азаматты өсіріп-жетілдірген қасиетті қағида бар. Ол әке-шешесі құлағына құйған, аталарының: «Біз қазақ халқына мәңгілік қарыздармыз, сендер біздің аталық аманатымызды ақтағыларың келсе, осы топырақты, осы халықты, оның тілін қастерлеңдер. Осыны өз балаларыңа да аманаттаңдар…» деген өсиеті. Осы сөз құлағында қалған есті азамат қазақ халқының, оның жері мен салт-дәстүрінің, тілінің қадір-қасиетін біліп, құрметтеуде жолынан жығылмайды.
Амангелді МЫРЗАБЕК