Қоғам • 19 Ақпан, 2019

Ахыска түріктерінің аманаты

758 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толуына байланысты 27 ақпанда партияның ХVІІІ съезі өтеді. Міне, осы орайда партия дүниеге келгеннен бері атқарған жұмыстары мен бастамаларының жүзеге асуына оның мүшелерінің сіңірген еңбегінің зор екенін айта кету ләзім. Солардың бірі – «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы президиумының мүшесі, Дүниежүзілік «Ахыска» түріктері қауымдастығының президенті, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Зиятдин Касановтың ұлтаралық келісім мен бірлікті дамыту жолында қосқан үлесі айтарлықтай. 

Ахыска түріктерінің аманаты

Елімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдері көптеген игі істің басында бола білді. Пар­тияның белсенді мүшелерінің іс-әрекеті ұлтын сүюдің лайық­ты үлгісі деп қызығып қарауға тұрарлық.

Зиятдин Исмиханұлының ұлты – түрік. Түркиялық қар­деш­­терден емес, түбі ахыс­ка­лық. Аталары қазақ жерінде өткен ғасырдың қырқыншы жыл­дарының орта шенінде Кав­каз тауларынан жер ауда­рылып келген. Грузияның Бор­чалы аймағынан шыққан ақын Зелимхан Ягубтың еңбек­терінде осы түрік-ахыскаларға арналған дастан бар. Онда «халық жауы» атанған бүтіндей халықтың басына түскен қыспақ суреттеледі. Сол қыспақтың ор­­тасында Зиятдиннің аталары да болды. Көп жылдар өткен соң әңгімеміздің кейіп­кері біз Ахыска атап кеткен Ахалцихе аймағына туристік сапар ұйымдастырды. Азамат тарыдай шашырап кеткен қан­дастарының өз тарихының бас­тауына барып, бабаларының басына Құран оқимын деген­дерді жеке қаражатымен бастап алып барды.

«Халқымның басынан өт­кені – үлкен трагедия, мың­­­даған адамдардың ауыр тағ­дыры, қор болған ғұмыр. Бұл халықты қырып-жоюдың амалы еді. Бірақ Алланың жарыл­қауымен, бізді асқан кеңдікпен қарсы алып қамқор болған ха­лық­тың арқасында аман қа­лып, өмірді жаңа жерде жаңа беттен бастадық», дейді З.Касанов.

Ауыр сынақтан өткен ахыс­калар аяғынан тұра білді, мың­даған отбасылар әлемнің он елінде тіршілік кешіп жатыр. Ол осы ағайындарының басын құрап, өзіндік әдет-ғұр­­пы мен салт-дәстүрін, көп өзге­ріске түскендіктен қазіргі тү­рік тілінен де ерекшеленетін тілін қа­лпына келтіру үшін барын салып жүр. Халықаралық «Ахыска» газетін шығарып, ха­лық­аралық ахыска-түрік­тердің бірлестігін құрды.

Он жыл бұрын құрылған ұйымның жауапкершілігін мо­йнына алған азамат ахыс­калар тұратын жер-жерде болып, мұң-мұқтажын тыңдады. Олардың рухани жаңғыруына күшін салды. Тұтас халықтың жігерін қайрап, рухын оятуды алға қойды. Оның жұмысының маңызын елестету үшін кешегі кеңес кезінде түрік-ахыскаларға төлқұжат берілмегенін, қалада тұруға, жоғары оқу орнында оқуға, толық қоғам мүшесі атануға рұқсат етілмегенін еске түсіргеннің артығы жоқ.

Зиятдин Исмиханұлы бір сұхбатында: «Біріншіден, КСРО құрамында болған рес­пуб­ликалардың тәуелсіз мем­лекет болуының бастауы 1986 жылғы Желтоқсан оқи­ғасы дер едім. Сол күндері Алма­тыда жұмыс істейтін жас маман ретінде мен де алаңнан та­былған болатынмын. «Желтоқсанды» қазақ жастарының бас көтеруі ғана деп аясын та­рылтуға болмайды. Бұл 70 жылдық тоталитарлық жүйеден шар­шаған қоғамның алғашқы бұлқынысы еді. Осы­дан кейін Грузия, Балтық жа­ғалауы рес­­пуб­ликалары, т.б. елдерде бас көтерулер болып, бар­лық республикалардың тәуел­­­сіздігіне әкелді. Ал сол тә­у­ел­­­сіздікті баянды ете білу бас­­қа әңгіме. Қазақстанға ке­лер болсақ, Тәңір берген тәуел­сіздікті тұғырлы еткен елдің біріміз. Бұл бірінші кезекте халық сайлап алған Тұңғыш Президент пен мемлекет құру­шы қазақ халқының арқасы дер едім. Елбасы саясатының әу бастан дұрыс түзілуі, бірінші кезекте ел еңсесін тіктеп, экономиканы оңалтып, шекараны шегендеуде, сонымен қатар ұлттық құндылықтар мен рухани дүниенің ұмытылмауы егемендіктің негізі болды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның экономикасы оңалып, әлемнің алға ұмтылған елдерімен көш түзеген тұста Ұлы даланың қа­сиетті құндылықтарын ұлық­тап, тануға шақырып отыр. Пре­зидент әр Жолдауы мен та­псырмаларында алға жыл­жудың жолдары мен мем­лекеттің экономикалық мүм­кін­діктерін көрсетіп беруде. Ал соңғы мақаласында «Ұлы да­­ланың жеті қырын» көрсетіп, ен­дігі жерде осы негізде әлемді мо­йындатуға болатынын бол­жағандай.

Қазақ халқы ғасырлардан бері сақтап қалған Ұлы даланы бүкіл түркі дүниесінің алтын бесігі дер едім. Алғашқы болып жылқыны қолға үйретіп, алтын балқытқан осы даладан менің түпкі бабаларым – тү­ріктер де шыққан. Сайын дала­дан шығып, Еуропаны би­леген османдықтардың бү­гінгі ұрпағы қыпшақ даласын «Атажұрт» дейді. Мен де өз ор­тамда әзілдеп, «Біз қазақ же­ріне ХХ ғасырдың басында қай­тып келген бірінші оралмандармыз» деймін. Расында да, әке-шешеміз 60-жылдары мүмкіндік берілгенде Қап тауы­на қайта оралған жоқ. Бәлкім, түп-тамырымыз жібермеген болар», дейді. Жүректі жылы­татын осы жолдар түбі бір туыс­­­ты­ғымызды білдіріп бір­лесе жұмылсақ, биіктерге же­те­ті­німіздің дәлеліндей.

Мақтауға тұрарлық азаматты өсіріп-жетілдірген қа­сиет­ті қағида бар. Ол әке-ше­ше­сі құлағына құйған, атала­рының: «Біз қазақ халқына мәң­гілік қарыздармыз, сендер біздің аталық аманатымыз­ды ақтағыларың келсе, осы то­пы­рақты, осы халықты, оның тілін қастерлеңдер. Осы­ны өз ба­лаларыңа да аманат­таң­дар…» деген өсиеті. Осы сөз құ­лағында қалған есті азамат қазақ халқының, оның жері мен салт-дәстүрінің, тілінің қадір-қасиетін біліп, құрметтеуде жо­лынан жығылмайды.

Амангелді МЫРЗАБЕК