2026 жылғы 3 маусым күні сағат 17:00 шамасында республикалық маңызы бар «Астана – Көкшетау – Петропавл» автомобиль жолының 254-шақырымында жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Көкшетау қаласы бағытына қарай қозғалып келе жатқан Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісі көлік құралын басқаруды жоғалтып, қауіпсіз арақашықтықты сақтамау салдарынан өзімен бір бағытта қозғалып бара жатқан «Газель» автокөлігімен соқтығысқан. Аталған көлік жолдың жүру бөлігінде таңбалау жұмыстарын жүргізуді сүйемелдеп жүрген.
Қордай маңындағы қайғылы жол апаты: Бір адам қаза тапты
Жол-көлік оқиғасы салдарынан 5 адам зардап шекті. Зардап шеккендердің барлығы жедел медициналық жәрдем қызметімен Бурабай ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді.
Оқиға орнын тексеру барысында жол учаскесінің түзу, жол жабынының асфальтбетоннан екені анықталды. Жүру бөлігінде көлік қозғалысына әсер етуі мүмкін қандай да бір ақаулар тіркелген жоқ.
Оқиға болған уақытта аталған учаскеде «ҚАЖсервис» ЖШС Ақмола облыстық филиалының №88 жол пайдалану учаскесі жол таңбаларын салу жұмыстарын жүргізіп жатқан.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүргізушілерді белгіленген жылдамдық режимін сақтауға, қауіпсіз арақашықтықты ұстануға және жол жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерде аса мұқият болуға шақырады.
Жол-көлік оқиғасының мән-жайы уәкілетті органдар тарапынан анықталуда.