Спорт • Бүгін, 20:19

Қарағандылық жеңіл атлеттер Азия чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді

1 мин
оқу үшін

Гонконг қаласында өткен жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпы есепте жеті медаль жеңіп алды. Осы жетістіктің қоржынына Қарағанды облысының спортшылары да сүбелі үлес қосып, ел намысын абыроймен қорғады - екі жүлде: күміс пен қола медаль еншіледі, деп хабарлайды Egemen.kz

Қарағандылық жеңіл атлеттер Азия чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді

Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, құрлықтық додада ұлттық құрама сапында Қарағанды өңірінен алты спортшы бақ сынады. Олардың ішіндегі ең жоғары нәтижеге Әлия Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің тәрбиеленушілері қол жеткізді.

Атап айтқанда, Милана Зубарева 4×400 метрлік эстафетада мәре сызығын екінші болып кесіп, күміс жүлдегер атанды. Ал Алина Головина 100 метрге кедергілер арқылы жүгіру сайысында үздік үштікті түйіндеп, қола медаль иеленді.

Қарағандылық спортшылар аралас 4×400 метрлік эстафетада да жүлдеге бір табан жақын болды. Милана Зубарева, Нұржан Сейдрахман және Павел Куликовтан құралған Қазақстан құрамасы төртінші орынды қанағат тұтты.

Жүлдеге сәл ғана жетпей қалдық. Дегенмен бұл қашықтықта Қазақстан рекорды он секундтан астам уақытқа жаңарды, - деді Қарағанды облысының жеңіл атлетикадан аға жаттықтырушысы Андрей Агеев. 

Өңірдің өзге спортшылары да ел намысын лайықты деңгейде қорғады. Юлия Дёмкина 100 метрге жүгіруде жеке рекордын жаңартса, Мақсат Базарбаев биіктікке секіру секторында 195 сантиметр биіктікті еңсеріп, нәтижесін жақсартты.

Соңғы жаңалықтар