Қазақстан • 19 Наурыз, 2019

Екі жылда 22,5 мың отбасы жеңілдікпен несие алады

929 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин екі жылда 22,5 мың отбасыға жеңілдетілген 2 пайыздық несиемен тұрғын үй берілетінін айтты. 

Екі жылда 22,5 мың отбасы жеңілдікпен несие алады

Өз сөзінде А.Мамин Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгеріс енгізу қажеттігін атап өтті.  

«Елбасының әлеуметтік қамқорлық шараларын іске асыру аясында 5 жылдың ішінде жыл сайын 6 мыңға жуық көпбалалы отбасы үймен қамтамасыз етіледі. 1 мамырдан бастап пәтер бөлуді бастаймыз», деді Үкімет басшысы. 

Сонымен қатар Президенттің әлеуметтік бастамасына сәйкес мұқтаж отбасыларға тұрғын үй несиелері Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы берілетінін хабарлады. «Екі жылда 22,5 мың отбасы жеңілдікпен несие алады», деді Премьер-министр.  

Бұдан бөлек, А.Мамин құрылыстағы отандық кәсіпкерлердің үлесін 90 пайызға дейін арттыруды тапсырды. 

«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы құрылыстағы отандық үлесті ұлғайту міндетін қойды. Отандық құрылыс материалын шығару –«қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының арнайы бағыты. Оның орындалуына 600 миллиард теңге  көлемінде қаражат  бөлініп отыр. Бұл үшін жеңілдікпен қаржыландыру бойынша мемлекеттік қолдау шаралары көзделген. Осы бағытта жаңа жобаларды дамыту керек», деді Премьер Министр.

Сондай-ақ Үкімет басшысы жергілікті өнімді пайдалану экономиканың басқа салаларына кеңінен әсер етіп, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретінін жеткізді. 

«Түркістан қаласында ауқымды құрылыс жүріп жатыр. Осы жерде құрылыс материалдарын шығару бойынша жобаларды жүзеге асыру қажет. Біз бұл мәселені Өмірзақ Естайұлымен талқыладық. Жалпы, осындай өндірістерді барлық өңірлерде ұйымдастыру қажет. Бақылау Жеңіс Махмұдұлына жүктеледі», деді А.Мамин.