Аймақтар • 08 Сәуір, 2019

Қазақтың Қанипасы еді ғой

1943 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазір мұғалімнің беделін көте­реміз, мәртебесін арттырамыз деп, заң әзірлеп жатырмыз. Осы қа­дамда дәстүр жалғастығын кө­теретін бүгінгі мұғалім кімнің мұ­ра­­гері, кімнің үлгісін үйрену керек дегенді естен шығарып, бәрін тың­­нан бастап, барды ысы­рып, жоққа жорамал жасау көп іске көл­денең болып келеді. Ондайдан жақсару өз алдына, қолдағының қадірін кеті­ріп, жар жиегіне тақап, кейін «Бұл қалай болды?» деп аңтарылатын тұсымыз, екінші рет қайталамау жағын ойластыру мәселесі ысырылып қала беретіні де бар. Бұл білім саласын зорға емес, сорға сүйреп жүр. Осыдан 5 жыл­­­дай бұрын бүкіл ел ұстаздары қуа­на қолдап, «Бізге де жасалған құр­мет!» деп білген, көзі тірі кез­інде-ақ «Қазақтың Қанипасы» атан­ған Қанипа Бітібаева атындағы тұң­ғыш педагогикалық музей ашы­лып еді. Бұл Өскемендегі Жам­­был атындағы облыстық ма­ман­дандырылған мектеп-гимназия интернатында орын тепкен. Бірақ ұстаздардың бұл қуанышы ұзақ­­­қа бармапты. Түрлі сылтаулар кесірінен музей оқу кабинетіне айналып шыға келген. Бұл жайсыз мәсе­ле бас басылым – «Egemen Qazaqstan» газетінің 2019 жылдың 13 нау­рыздағы нөмірінде жан-жақ­ты көрсетілді. Сонда ашып, артынан жаба салуды қалай түсінуге бола­­ды?

Қазақтың Қанипасы еді ғой

Иә, Қанипа Бітібаева – абырой мен беделге еңбегімен жеткен адам еді. Бүгінгідей бір жа­ғыңа шығатын техника жоқ кезде барлық көрнекілікті, 8 мыңға таяу дидактикалық материалды, сабақ жоспарын, 50-ге жуық кітап­ты саусағы сүйел болып жүріп қо­лы­мен жазған. Бұдан өзге бай кітапханасы, алған марапаттары, құнды сыйлықтар, тұтынған заттары және бар. Көрер көз болса бұл бір әлем, ұлт педагогика­сына қосылған қазына деуге әбден болады. Қайталап айтамыз, оған көзбен көріп, қолмен ұстаған адам­­ның ғана иланары анық. Егер сол байл­ықты жинақтап бас­тыр­сақ, мұғалімдер үйренер көп тәсілге қол жеткізер едік. Тіпті жас толқын ұстаздардың ең­бек жолына бағыт-бағдар сілтер еді. Мұндай игілікті істі тиянақ­тылық­пен атқару өзге жұрт­тарда баяғыдан бар. Бітібаева сияқты бүкіл саналы өмірін мектепте ұс­таздық ете жүріп, теория мен прак­тиканы таразы басында тең­шей отырып, орыс педаго­ги­касына керемет үлес қосқан А.Макаренко, В.Сухомлинский, тағы басқаларды мысалға кел­ті­руге болады. Оларға арнап ашыл­ған музейлер аз емес. Қазақ то­пырағында Ы.Алтынсарин өне­ге­сін ұлықтап, бар ғұмырын мектепте өткізген нағыз ұстаздың үлгісі мен өнегесін, бай мұрасын солай дәріптей алсақ ұтылмас едік. Тіпті әр саланың өз тұлғалары болады. Тәуелсіз ел­ педагогикасының сон­дай бір ерен өкілі Қанипа Бі­тібаева десек, артық айтқандық емес. Ұл­тым деген ұстазды тани алсақ, баға­­лай алсақ, мұрасына жанашыр­ болсақ, таршылық жасамасақ екен. Бұл кейінгіге де сабақ болар еді. Қанипа Бітібаеваның көзі тірісінде-ақ Ота­­­­нымыздың барлық өңірінен жүз­деген мұғалімдер қауымы оның лабораториясына ат арылтып барып, озық тәжірибесін үйренуді дәстүрге айналдырғанын білеміз. Тіпті Бітібаева атындағы зерт­ханалар ұстаз жер басып жүр­ген кезде 9 өңірде болса, қа­зір 16-ға жетті. Осының өзінен-ақ Қа­­­­ни­па әлемінің кең қанат жай­ға­нын айқын аңғаруға болады. Қа­нипамен тілдесу, пікірлесу, тә­­жі­рибе бөлісу зор мәртебе еді. Ол барған жерінде ашық са­бақ өт­кіз­бей қайтпайтын. Оны есті­ген мұ­ғалім қалмай қаты­суға ұмты­латын. 

Қанипа Бітібаева қызыл им­пе­рия­­­ның тұсында өзінің оқу әдіс­темесімен танылып, Қазақ елін­де бірінші, келмеске кеткен КСРО мемлекетінде 5-ші болып КСРО мем­лекеттік сыйлығын алды. Бұл 15 одақтас респбулика ішінде топ жару емес пе? Ең бастысы, ол өз топырағымызда Абай шығармашылығын мектепте оқыту, екі алып – Абай мен Мұх­тарды үндестіре отырып білім беру, сол секілді Абай мен Әуе­зовті оқытудың әдістемесін тұң­ғыш жасаған ғалым ұстаз екенін естен шығармағанымыз ләзім. Бітібаеваның қорғаған ғылыми атағы жоқ. Бірақ атағы барға бергісіз еңбектерін ерекше атауға тиістіміз. Осындай сәтте ойыңа атағы жоқ Ыбырай Алтынсарин оралатыны бар. Мәселе атақта емес, ұлтқа қызмет етуде. Осы күндері жаңа мазмұнда білім беру мәселесі айтылып, іске асырыла бастады дейміз. Мұны ұлт ұстазы бұрын бастап кеткеніне куәміз. Оның іс-тәжірибесімен танысу жолындағы ізденістер кезінде сабақ өту тәсілінің мүлде бөлек екеніне талай көз жеткізгенбіз. 45 минут бойы мұғалім билік құрмай бағыттаушы болу керектігін, бағыт беріп отыру қажеттігін, баланы еркін ұстап, қабілетіне қарай ақылмен баурап алуды, біліміңмен көңілін аулауды алға оздырушы еді. Тіпті қазіргі топтап оқыту, балалардың еркін сөйлей келіп, тақырыптарды өздері талдау үлгісін де сол тұста көрсетіп жүрді. Мұны ол Американың Аризона штатындағы Туссонда болғанда тәжірибе алмаса отырып, үйреніп қайтқанын, өзінде бар тәжірибеге олар да қызыққанын, сөйтіп ұрпақ тәрбиесінде жұмыла жұмыс істеуге болатынын алға тартқаны бар. Сөйте отырып, біздегі кейбір азаматтардың шетел тәжірибесін түсінбей жатып тықпалайтынына дәйек келтіріп, реніш білдіргенін де естігенбіз. 

Қанипа Бітібаеваның бір қасие­ті – ақиқатты ашық айтатын. Кім­ болса да бетің бар, жүзің бар­ демей тура сөйлейтін. Оған бі­­рер дәлел келтірсек, лауреат­ атағын алып тұрып, КСРО оқу ми­нистрі Ягодинге ұлттың ұлы­­ларын Мәскеу мектебінде оқыту қажеттігін іркілмей айт­қан қайсарлығы, сол тәрізді кей­бір алқалы жиындарда тізгін ұстап отырған азаматтар сөзді ұзартып жіберсе, төтесінен кетіп «Айналайын, тоқетерін айтшы, елдің уақытын алмашы» дейтін. 1999 жылы елордада ұлт педагогикасын дамыту туралы жиын өтіп, Мәскеуден педагог ғалымдар шақыртылып, оларды алға оздырып сөз беріп, жиын жайылып бара жатқан тұста Қанипа Омарғалиқызы министрге: «Біз бұл ғалым-педагогтармен Мәскеуде талай пікір таластырғанбыз. Ол тұста КСРО «тірі» еді. Енді жоқ. Тәуелсіз ел педагогикасын өзіміздегі ғалым-педагогтармен, әдіскер ұстаздармен, тәжірибелі мұғалімдермен кеңесе отырып жасау керек емес пе?» деген сұрақты төтесінен қойды. Бұл кейін қағидаға айналды. Қанипаның тектілігіне де бір дәйек келтіре кетейік, АҚШ-қа барған сапарында кейбіреулердің Горбачевке қатысты көзқарасын білмек болып талпынғанда: «Біздің халық яғни, қазақтардың салты бойынша патшаны жамандау көргенсіздік, имансыздық болып саналады. Сондықтан мен тек жақсылықты ғана айтамын» депті. 

Біз бұл дәйектерді неге келтіріп отырмыз, оның болмысының тазалығын, арды аттамайтын адал­дығын, адамдығын көрсету еді. Ол дүниеге қызықпайтын. Беделін сатпайтын. Үйі салтанатты сарай емес, бір бөлме еді. 

Қанипа Бітібаева атындағы музей 2015 жылы ашылғанда ар­найы барып қатысып, ондағы құн­дылықтарды көріп, халықтың ілтипатын танып риза болған едік. Рухани құндылыққа ұйытқы болып, асылын ардақтаған азаматтардың тірлігі сүйсінткен. Сонымен қатар азат ел педагогикасының тұңғыш музейі қанатын кеңге жаяды деген үміт болған. Уақыт өте келе жеке ғимаратқа көшер дегенбіз. 

Ұстазға құрметтің белгісіндей сол салтанатқа облыс әкімінің орынбасары қатысып, сөз сөйлеуі де көңілді марқайтқан. Енді сол му­зейдің бүгінгі жағдайын естіп, оқу кабинетіне айналғанын біліп ет жүрекке ине қадалғандай болып отырған жайы бар. Газеттегі материалға үн қоса отырып, ұстаз музейі қайта қалпына келсе деген ниетімізді жұртқа ұсынбақпыз. Әсіресе білім саласындағы кейбір олқылықтарды түзете бастаған Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова, тіл мен ділі мық­ты Өскемен қаласының әкімі Ж.Омар жанашырлық танытса нұр үстіне нұр болар еді. Ұлт руханиятына үлес қосқан әде­­­биет, өнер, қоғам қайрат­кер­леріне ашылған музейлер елі­мізде баршылық. Ендігі жерде Бауыржан Момышұлы айтатын, барлық адамға білім берген ұстаздарға да сондай музей ір­ге тіктесе, яғни түйіндей айтсақ, бар бол­ғаны мектептің ішіндегі 3 бөл­меге орналасқан Бітібаева атындағы музейді қалпына кел­тірсек болғаны. Болашақта бұл музейді облыс деңгейінен биік­тетіп республикалық дәре­жеге жет­кізсек, өңірлердегі зертхана­ларынан филиалдарын ұйымдас­тырсақ та ұтылмас едік. Тағы бір ортаға салар пікіріміз, мұрасы мил­­лиондаған оқушыға білім үй­реткен әдіскер ұстаздың, мың­даған шәкіртінің көш басында жүр­ген ұлт мақтанышының атына көше беру, білім орындарына Бітібаева есімін қосу мәселесін шешіп жатсақ та еш артықтық етпейді. Осындай кезде ғана ұлт жақсыларының мәртебесі артып, кейінгілерге үлгі болары анық деп білеміз. «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алмақ кемеңгерді» (І.Жансүгіров) дегендей, бұл ой байламдарымыз қалың жұрттан да, тиісті лауазымды мекемелерден де, әсіресе үлгі тұтқан мұғалімдер қауымынан да қолдау табатыны сөзсіз. Игі істің орындалуы Бітібаеваға ғана көрсетілген құрмет емес, бүкіл ел ұстаздарына жасалған ізет болары айдай анық.
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024