Иә, Қанипа Бітібаева – абырой мен беделге еңбегімен жеткен адам еді. Бүгінгідей бір жағыңа шығатын техника жоқ кезде барлық көрнекілікті, 8 мыңға таяу дидактикалық материалды, сабақ жоспарын, 50-ге жуық кітапты саусағы сүйел болып жүріп қолымен жазған. Бұдан өзге бай кітапханасы, алған марапаттары, құнды сыйлықтар, тұтынған заттары және бар. Көрер көз болса бұл бір әлем, ұлт педагогикасына қосылған қазына деуге әбден болады. Қайталап айтамыз, оған көзбен көріп, қолмен ұстаған адамның ғана иланары анық. Егер сол байлықты жинақтап бастырсақ, мұғалімдер үйренер көп тәсілге қол жеткізер едік. Тіпті жас толқын ұстаздардың еңбек жолына бағыт-бағдар сілтер еді. Мұндай игілікті істі тиянақтылықпен атқару өзге жұрттарда баяғыдан бар. Бітібаева сияқты бүкіл саналы өмірін мектепте ұстаздық ете жүріп, теория мен практиканы таразы басында теңшей отырып, орыс педагогикасына керемет үлес қосқан А.Макаренко, В.Сухомлинский, тағы басқаларды мысалға келтіруге болады. Оларға арнап ашылған музейлер аз емес. Қазақ топырағында Ы.Алтынсарин өнегесін ұлықтап, бар ғұмырын мектепте өткізген нағыз ұстаздың үлгісі мен өнегесін, бай мұрасын солай дәріптей алсақ ұтылмас едік. Тіпті әр саланың өз тұлғалары болады. Тәуелсіз ел педагогикасының сондай бір ерен өкілі Қанипа Бітібаева десек, артық айтқандық емес. Ұлтым деген ұстазды тани алсақ, бағалай алсақ, мұрасына жанашыр болсақ, таршылық жасамасақ екен. Бұл кейінгіге де сабақ болар еді. Қанипа Бітібаеваның көзі тірісінде-ақ Отанымыздың барлық өңірінен жүздеген мұғалімдер қауымы оның лабораториясына ат арылтып барып, озық тәжірибесін үйренуді дәстүрге айналдырғанын білеміз. Тіпті Бітібаева атындағы зертханалар ұстаз жер басып жүрген кезде 9 өңірде болса, қазір 16-ға жетті. Осының өзінен-ақ Қанипа әлемінің кең қанат жайғанын айқын аңғаруға болады. Қанипамен тілдесу, пікірлесу, тәжірибе бөлісу зор мәртебе еді. Ол барған жерінде ашық сабақ өткізбей қайтпайтын. Оны естіген мұғалім қалмай қатысуға ұмтылатын.
Қанипа Бітібаева қызыл империяның тұсында өзінің оқу әдістемесімен танылып, Қазақ елінде бірінші, келмеске кеткен КСРО мемлекетінде 5-ші болып КСРО мемлекеттік сыйлығын алды. Бұл 15 одақтас респбулика ішінде топ жару емес пе? Ең бастысы, ол өз топырағымызда Абай шығармашылығын мектепте оқыту, екі алып – Абай мен Мұхтарды үндестіре отырып білім беру, сол секілді Абай мен Әуезовті оқытудың әдістемесін тұңғыш жасаған ғалым ұстаз екенін естен шығармағанымыз ләзім. Бітібаеваның қорғаған ғылыми атағы жоқ. Бірақ атағы барға бергісіз еңбектерін ерекше атауға тиістіміз. Осындай сәтте ойыңа атағы жоқ Ыбырай Алтынсарин оралатыны бар. Мәселе атақта емес, ұлтқа қызмет етуде. Осы күндері жаңа мазмұнда білім беру мәселесі айтылып, іске асырыла бастады дейміз. Мұны ұлт ұстазы бұрын бастап кеткеніне куәміз. Оның іс-тәжірибесімен танысу жолындағы ізденістер кезінде сабақ өту тәсілінің мүлде бөлек екеніне талай көз жеткізгенбіз. 45 минут бойы мұғалім билік құрмай бағыттаушы болу керектігін, бағыт беріп отыру қажеттігін, баланы еркін ұстап, қабілетіне қарай ақылмен баурап алуды, біліміңмен көңілін аулауды алға оздырушы еді. Тіпті қазіргі топтап оқыту, балалардың еркін сөйлей келіп, тақырыптарды өздері талдау үлгісін де сол тұста көрсетіп жүрді. Мұны ол Американың Аризона штатындағы Туссонда болғанда тәжірибе алмаса отырып, үйреніп қайтқанын, өзінде бар тәжірибеге олар да қызыққанын, сөйтіп ұрпақ тәрбиесінде жұмыла жұмыс істеуге болатынын алға тартқаны бар. Сөйте отырып, біздегі кейбір азаматтардың шетел тәжірибесін түсінбей жатып тықпалайтынына дәйек келтіріп, реніш білдіргенін де естігенбіз.
Біз бұл дәйектерді неге келтіріп отырмыз, оның болмысының тазалығын, арды аттамайтын адалдығын, адамдығын көрсету еді. Ол дүниеге қызықпайтын. Беделін сатпайтын. Үйі салтанатты сарай емес, бір бөлме еді.
Қанипа Бітібаева атындағы музей 2015 жылы ашылғанда арнайы барып қатысып, ондағы құндылықтарды көріп, халықтың ілтипатын танып риза болған едік. Рухани құндылыққа ұйытқы болып, асылын ардақтаған азаматтардың тірлігі сүйсінткен. Сонымен қатар азат ел педагогикасының тұңғыш музейі қанатын кеңге жаяды деген үміт болған. Уақыт өте келе жеке ғимаратқа көшер дегенбіз.