Әлем • 22 Сәуір, 2019

Астана процесі жалғасады

387 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осы аптада, яғни 25-26 сәуірде елордамызда Сирия бойынша жоғары деңгейдегі 12-ші халықаралық кездесу өтеді. Шам елінің мәселесін шаммен қарауға бұрын осы процеске белсене қатысқан тараптар келмек. Иран, Ресей, Түркия, Сирия үкіметі мен қарулы оппозициясы өкілдері, сондай-ақ БҰҰ мен Иорданияның делегациялары бақылаушы ретінде өкілдерін жібермек.

Астана процесі жалғасады
Келіссөздердің кезекті раунды Сирия бағытында ең өзекті мәсе­ле­лерді – Идлиб провинциясы мен Си­рия­ның солтүстік-шығысындағы қазіргі ахуалды, қақтығысушы тарап­тар арасындағы сенімді одан әрі нығайтуға бағытталған шараларды, босқындар мен ел ішіндегі қоныс аудар­ған адамдарды қайтаруға қол­ғабыс көрсету, гуманитарлық жағ­дайды жақсарту және елді қақ­тығыстан кейінгі қайта қалпына кел­­тіру мәселелерін талқылауды жос­­парлап отыр. Сонымен қатар Сирия­дағы конституциялық комиссияны құру бойынша жұмысты аяқ­тауға баса назар аудару, саяси про­цесті одан әрі ілгерілету жолдарын тал­қылау, Астана процесіне жаңа ба­қы­лаушы мемлекеттерді қосу мәселесі қарастырылады.

25 сәуірде Астана процесінің кепілгер елдерінің екіжақты және үш­жақты консультациялары, сон­дай-ақ байқаушы тараптарының өкілдерімен кез­десулері, ал жалпы отырыс 26 сәуір­де өтеді. 

Күрмеуі қиын Идлиб. Сирия соғы­сы аяқталды. Алайда, онда қа­ру ұстаған жендеттің бәрі берілді, жергілікті билікті мойындады, тәр­тіпті азаматқа айналды деп ешкім айта алмайды. Әсіресе Идлиб про­вин­циясының мәселесі қиын. Себебі былтыр жел­тоқсан айында бұл аймақта қарулы оппозиция мен «Хайат Тахрир аш-Шам» секілді террористік ұйымдар да жасырынғаны хабарланды. Асад билігіне бағынбай жүрген бастионда жалпы 10 мыңнан 40 мыңға дейін қарулы кісі жүр деген мәлімет шықты. Жалпы соғыс басталғанға дейін бұл мухафазада немесе провинцияда 1,5 млн халық өмір сүрген, қазір екі еселенген. Тағы да осынша халық соғыс барысында елдің басқа да аймағынан қашып келген. Себебі Идлиб келіссөздерде деэскалация аймағы, яғни қарулы қақтығыс жүрмейтін мекен деп жарияланған еді. Олардың көпшілігі де басқа провин­ция­лардан қашып келгендер.

Башар Асад 7 жылға созылған бұл азамат соғысына нүкте қою үшін сол 2018 жылдың күзінде-ақ Идлиб аймағын жаулап алуға дайын отырған. Ресей әуеден қолдау көрсетпекші болды. Дегенмен, БҰҰ, Еуроодақ, АҚШ, Түркия, тіпті Рим папасы да Идлибке шабуыл жасауға қарсы шықты. Неге? Себеп біреу – егер Си­рия мен Ресей армиясы бірлесіп, Идлибте ірі әскери операция жүргізсе, онда 700 мыңдай адам босқынға айналуы мүмкін еді. Бұл Шам елінде тағы бір гуманитарлық дағдарыс тудырып, босқынның басым бөлігі көршілес Түркияға бас сауғалайтыны болжанды. Міне, осы үшін де Реджеп Тайип Ердоған Идлиб мәселесін қарумен емес, тек келіссөз арқылы шешуді сұрап келді және мақсатына жетті. 

Жалпы, Сирия соғысында 5-6 млн-дай халық шетке қашыпты. Оның 3,5 млн-ы Түркиядағы босқындар лагерінде тұрып жатыр. Оларды асырауға Түрік елі осыған дейін 33 млрд доллар жұмсапты. Ара-тұра Еуроодақ та көмектесіп қояды. Бізге келе қоймасын дегендей. Тағы да 1 млн сириялық Ливанда екен, 700 мыңы Иорданияда. Бірақ жағдай тынышталған соң олар күн сайын ақырындап еліне оралып жатыр. Тәулігіне мыңға жуық азамат Шам еліне қайта туын тігуде. 

Ескі билік. Жаңа Сирия. Азамат соғысы аяқталған соң елді біріктіру, қайта құру оңай емес. Себебі күрд жасақтары Асад билігін толық мойындамады. Олар әлі де АҚШ қолдауынан үміттенеді. Бәлкім келешекте автономия сұрайтын да шығар. Дегенмен, жаңа конституция қабылдап, Сирияға жаңашылдық әкелу керек екенін бәрі түсінеді. Бұдан бөлек, қираған экономика, инфрақұрылымдарды қалпына келтіру үшін үлкен инвестиция керек. Бүгінде 250-400 млрд доллар деген сома айтылып жүр. Мұндай үлкен қа­ражаттың 10 пайызын да Асад режімін қолдаушы Ресей бере алмасы анық. Өзі «қалың» санкцияның астында қалды. Әрине Асад Батыс елдеріне үмітпен қарауы мүмкін. Олар келісе ме, жоқ па, белгісіз. Бұған дейін Германия канцлері А.Меркель өзінің елі егер ақшалай көмек берсе, бұл елде демократиялық процесс жүргізу жөнінде талап қоятынын мәлімдеген. Яғни, Башар Асад Батыстан ақша алғысы келсе, олардың айтқанына кө­нуге тура келеді. Бірақ ол мұндай қа­дам­­ға бара ма, жоқ па, ол жағын уақыт көрсетеді. 

Жалпы, Астана процесі, шынында, біраз нәтиже берді. Елордамызда Ресей, Иран, Түркия, Сирия және қарулы оппозицияның бірнеше өкіл­­дері бір үстел басына отырды. Оппо­зиция қатарында ешкімге бағын­баған бірнеше қарулы топ өкілдері де болды. Бұған дейінгі Астанадағы кездесулердің бір жемісі – Сирияда       4 деэс­калация аймағын бекіту еді. Яғни, ол жерлерде қақтығыс болмайды. Бұл аймақтар соғыстан қашқан талай адамға пана болды, өмірін сақтады. Ендігі раундтарда жаңа Сирияның келешегі талқыланбақ.