25 сәуірде Астана процесінің кепілгер елдерінің екіжақты және үшжақты консультациялары, сондай-ақ байқаушы тараптарының өкілдерімен кездесулері, ал жалпы отырыс 26 сәуірде өтеді.
Күрмеуі қиын Идлиб. Сирия соғысы аяқталды. Алайда, онда қару ұстаған жендеттің бәрі берілді, жергілікті билікті мойындады, тәртіпті азаматқа айналды деп ешкім айта алмайды. Әсіресе Идлиб провинциясының мәселесі қиын. Себебі былтыр желтоқсан айында бұл аймақта қарулы оппозиция мен «Хайат Тахрир аш-Шам» секілді террористік ұйымдар да жасырынғаны хабарланды. Асад билігіне бағынбай жүрген бастионда жалпы 10 мыңнан 40 мыңға дейін қарулы кісі жүр деген мәлімет шықты. Жалпы соғыс басталғанға дейін бұл мухафазада немесе провинцияда 1,5 млн халық өмір сүрген, қазір екі еселенген. Тағы да осынша халық соғыс барысында елдің басқа да аймағынан қашып келген. Себебі Идлиб келіссөздерде деэскалация аймағы, яғни қарулы қақтығыс жүрмейтін мекен деп жарияланған еді. Олардың көпшілігі де басқа провинциялардан қашып келгендер.
Башар Асад 7 жылға созылған бұл азамат соғысына нүкте қою үшін сол 2018 жылдың күзінде-ақ Идлиб аймағын жаулап алуға дайын отырған. Ресей әуеден қолдау көрсетпекші болды. Дегенмен, БҰҰ, Еуроодақ, АҚШ, Түркия, тіпті Рим папасы да Идлибке шабуыл жасауға қарсы шықты. Неге? Себеп біреу – егер Сирия мен Ресей армиясы бірлесіп, Идлибте ірі әскери операция жүргізсе, онда 700 мыңдай адам босқынға айналуы мүмкін еді. Бұл Шам елінде тағы бір гуманитарлық дағдарыс тудырып, босқынның басым бөлігі көршілес Түркияға бас сауғалайтыны болжанды. Міне, осы үшін де Реджеп Тайип Ердоған Идлиб мәселесін қарумен емес, тек келіссөз арқылы шешуді сұрап келді және мақсатына жетті.
Жалпы, Сирия соғысында 5-6 млн-дай халық шетке қашыпты. Оның 3,5 млн-ы Түркиядағы босқындар лагерінде тұрып жатыр. Оларды асырауға Түрік елі осыған дейін 33 млрд доллар жұмсапты. Ара-тұра Еуроодақ та көмектесіп қояды. Бізге келе қоймасын дегендей. Тағы да 1 млн сириялық Ливанда екен, 700 мыңы Иорданияда. Бірақ жағдай тынышталған соң олар күн сайын ақырындап еліне оралып жатыр. Тәулігіне мыңға жуық азамат Шам еліне қайта туын тігуде.
Ескі билік. Жаңа Сирия. Азамат соғысы аяқталған соң елді біріктіру, қайта құру оңай емес. Себебі күрд жасақтары Асад билігін толық мойындамады. Олар әлі де АҚШ қолдауынан үміттенеді. Бәлкім келешекте автономия сұрайтын да шығар. Дегенмен, жаңа конституция қабылдап, Сирияға жаңашылдық әкелу керек екенін бәрі түсінеді. Бұдан бөлек, қираған экономика, инфрақұрылымдарды қалпына келтіру үшін үлкен инвестиция керек. Бүгінде 250-400 млрд доллар деген сома айтылып жүр. Мұндай үлкен қаражаттың 10 пайызын да Асад режімін қолдаушы Ресей бере алмасы анық. Өзі «қалың» санкцияның астында қалды. Әрине Асад Батыс елдеріне үмітпен қарауы мүмкін. Олар келісе ме, жоқ па, белгісіз. Бұған дейін Германия канцлері А.Меркель өзінің елі егер ақшалай көмек берсе, бұл елде демократиялық процесс жүргізу жөнінде талап қоятынын мәлімдеген. Яғни, Башар Асад Батыстан ақша алғысы келсе, олардың айтқанына көнуге тура келеді. Бірақ ол мұндай қадамға бара ма, жоқ па, ол жағын уақыт көрсетеді.
Жалпы, Астана процесі, шынында, біраз нәтиже берді. Елордамызда Ресей, Иран, Түркия, Сирия және қарулы оппозицияның бірнеше өкілдері бір үстел басына отырды. Оппозиция қатарында ешкімге бағынбаған бірнеше қарулы топ өкілдері де болды. Бұған дейінгі Астанадағы кездесулердің бір жемісі – Сирияда 4 деэскалация аймағын бекіту еді. Яғни, ол жерлерде қақтығыс болмайды. Бұл аймақтар соғыстан қашқан талай адамға пана болды, өмірін сақтады. Ендігі раундтарда жаңа Сирияның келешегі талқыланбақ.