Қоғам • Бүгін, 17:54

Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны 5 есе артты

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде су үнемдеу технологияларын енгізу айтарлықтай жеделдеп, соңғы жылдары бұл бағыттағы өсім бұрынғыдан бірнеше есе артты. Су ресурстары және ирригация министрлігінің дерегінше, қабылданған кешенді шешімдер суармалы жерлерді тиімді пайдалануға жол ашып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны 5 есе артты

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Министрлік әзірлеген мемлекеттік қолдау тетіктері су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптардың жыл сайынғы өсімін 150 мың гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік берді. Бұл көрсеткіш Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жүзеге асып отыр. Ал 2024 жылға дейін елімізде заманауи суару жүйелерін енгізу қарқыны жылына орта есеппен 30 мың гектарды ғана құраған еді. Демек, қазіргі қарқын 5 есе артқан.

Бүгінде республика бойынша су үнемдеу технологиялары қолданылатын жалпы аумақ 543,5 мың гектарға жетті. Бұл ауыл шаруашылығы саласында ресурсты үнемдеуге және өнімділікті арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.

Су үнемдеу жүйелерін енгізуді ынталандыру үшін мемлекет тарапынан нақты қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, ұңғыма бұрғылау, инфрақұрылым жүргізу және жабдық сатып алу шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар суармалы суға сараланған тариф енгізілді. Алдағы үш жылда су үнемдеу технологияларын пайдаланатын шаруалар үшін суармалы судың құнын субсидиялау көлемі 50%-дан 85%-ға дейін артты.

Пәкістандағы су тасқынынан 17 адам қаза тапты

Бұдан бөлек, 2026-2028 жылдарға арналған кезеңде су үнемдеу технологияларын енгізуді субсидиялауға бөлінетін қаражат көлемі алдыңғы үш жылмен салыстырғанда 4 есе көбейтілді. Бұл мемлекет тарапынан аграрлық сектордағы тиімді су пайдалануға басымдық беріліп отырғанын көрсетеді.

Министр Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, алдағы жоспарлар ауқымды.

«2030 жылға қарай су үнемдеу жүйелері қолданылатын суармалы алқап көлемін 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл технологиялар суару суын 30%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Су ресурстары және ирригация министрлігі су қорын қорғау және пайдалану саласындағы ең үздік қолжетімді технологиялар тізімін әзірледі. Оған озық суару жүйелері де енгізілген», деді министр.

Осылайша, Қазақстанда су ресурстарын тиімді басқару бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп, заманауи технологияларды кеңінен енгізу арқылы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына жол ашылып отыр.

Су тасқыны: Қазақстанның бірнеше өңірінде тасжолдарды су басты

Соңғы жаңалықтар