23 Сәуір, 2019

Студенттердің жұмыс табуына жәрдемдеседі

1108 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біз мамандарға деген сұранысты үнемі зерттеп, оқу үдерісіне өзгерістер енгіземіз.

Студенттердің жұмыс табуына жәрдемдеседі

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Қазақстандағы шетелдік инвесторлар кеңесі жұмыс тобының, аталған оқу орнының маркетинг, мансап және жұмысқа орналастыру орталығы өкілдерінің және ҚМЭБИ (КИМЭП)  университетінің Мансап орталығы басшылығының мансап және жұмысқа орналастыру орталықтарын қолдау бағдарламасына арналған баспасөз-конференциясы өтті.

ШҚМУ-дың стратегиялық даму және ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Ирина Ровнякованың айтуынша, Маркетинг, мансап және жұмысқа орналастыру орталығы түлектермен кездесулер өткізіп, оларға қызметке тұру туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. «Біз мамандарға деген сұранысты үнемі зерттеп, оқу үдерісіне өзгерістер енгіземіз. 2018-2019 оқу жылы Аманжолов атындағы университетте облыс кәсіпорындары талап ететін қайта өңдеу өндірісінің технологиясы, материалтану және жаңа материалдар технологиясы, тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау, ақпараттық жүйелер сияқты бағыттар бойынша жаңа мамандықтар ашылды, өңір аталмыш саладағы мамандармен толықпақ», - дейді ол.

Маркетинг, мансап және жұмысқа орналастыру орталығының жетекшісі Альмира Сақтаева соңғы жылдары ШҚМУ түлектерінің жұмысқа орналасуы көңіл көншітетінін жеткізді. «Жыл сайынғы мониторинг нәтижелерінің көрсеткіші 94-97% құрайды. Бұл – жоғары оқу орны атқарған жұмыстың тиімділігінен хабар беретін маңызды көрсеткіштерінің бірі», - дейді ол.

Қазақстан тарихында жоғары оқу орны жанындағы алғашқы мансаптық орталық 1995 жылы ҚМЭБИ-де (КИМЭП) құрылыпты. ҚМЭБИ Мансап және жұмысқа орналастыру қызметінің директоры Меруерт Адайбекова орталықтың 24 жылдық жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, Өскемендегі әріптестерінің жұмысын жоғары бағалады. «Жұмыс берушіге ең алғыр, келешегінен көп үміт күттіретін лайықты мамандар қажет, оларға компаниялар өз қаражатын инвестициялауға әркез дайын. ШҚМУ орталығы жұмысының арқасында жоғары оқу орны студентті академиялық білімге назар аударуға ғана емес, жұмыс берушіні тани және таба білуге баулиды», - дейді.  

ӨСКЕМЕН