Қоғам • 01 Мамыр, 2019

Тұрғын үй мұқтаждығын өтейтін заң қабылданды

1327 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Сенат Төрағасы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында Парламент депутаттары әзірлеген тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша заң қабылданды. Бұл құжат Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Nur Otan партиясының съезінде және Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде көп балалы отбасылар мен жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған.

Тұрғын үй мұқтаждығын  өтейтін заң қабылданды

Жылына 6 мың пәтер тапсырылады

Сонымен Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыру үшін қабылданған «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңна­малық актілеріне тұрғын үй қаты­настары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы бойынша «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы», «ҚР Мемлекеттік наградалар туралы» заңдарына түзетулер енгізілмек.

Атап айтқанда, көп балалы отбасы ұғымын «Неке (ерлі-зайып­тылық) және отбасы туралы» кодексіне сәйкес келтіру қарастырылған.

Заң бойынша баяндама жа­саған Мәжіліс депутаты Шав­хат Өтемісов: «Сатып алу құқы­ғынсыз жалға берілетін тұрғын­жай» ұғымы енгізіледі. Бұл табысы төмен халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған сатып алу құқығынсыз жалға бе­рілетін тұрғын үйдің тұрақты коммуналдық қорын құруға мүмкіндік береді», – деді.

«Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері немесе бұрын «Батыр ана», сондай-ақ І және ІІ дәре­желі «Ана даңқы» атағын алған көп ба­лалы аналар мен көп бала­лы от­басылар санаты үшін тұр­ғын үй алуға жеке кезектілік енгі­зіл­мек.

– Бұл санаттағыларға тұр­ғын үйді бірінші кезекте алу құқы­ғының берілгені – осы заң жо­басының маңызды өзгерістерінің бірі болып саналады. Осы санатқа жататын үй алуға үміткерлерді тұрғынжай алғанға дейін кезектен шығаруға болмайды. Қазіргі уақытта кезекте тұрған көп балалы отбасылардың саны – 31 725. Көп балалы отбасыларды жал­ға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жыл сайын 50 млрд теңге қаражат бөлінетін болады. Осының арқасында жылына кемінде 6 мың пәтер тапсырылады, – деді Ш.Өтемісов.

Сонымен қатар мемлекеттік жоспарлау жүйесінің шегінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді және оның көлемін айқындауға маңыз беріледі. Бұл норма көп балалы отбасылардың тұрғын үй проб­лемаларын шешуге қаражатты тікелей және мақсатты түрде бөлуге негіз болмақ. Бұл арқылы жалға берілетін үйдің көлемі өседі деген үміт бар.

Оған қоса, мемлекеттік жас­тар саясатының негізгі бағыт­тарына жұмыс істейтін жастар үшін қолжетімді баспана жүйе­сін дамытуды енгізу, сондай-ақ мемлекеттік жастар саясаты жө­ніндегі уәкілетті органды сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді беру қағидаларын бекіту құзыретімен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылған.

– Бұл түзетулер Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елба­сының тапсырмасы бойынша жұ­мыс істейтін жастарды жал­ға берілетін тұрғын үймен қам­тамасыз ету үшін әзірлен­ген тетікті жүзеге асыруға мүм­кіндік береді. «Нұрлы жер» бағ­дар­ламасының аясында 2019-2025 жылдары Нұр-Сұл­тан, Алматы және Шымкент қала­ларында жұмыс істейтін жас­тар үшін жыл сайын кемін­де 1 мың жалға берілетін тұр­ғын үй салу жоспарлануда. Әри­не, жұмыс істейтін жастар үшін бұл жақсы мүмкіндік. Осылайша қаралып отырған заң жобасының қабылдануы көп балалы отбасылардың және жұмыс істейтін жастардың бас­пана мәселесін жедел шешу үшін заңнамалық негізді қалып­тастырады, – деді депутат.

Тұрғын үй мәселесі қашан түбегейлі шешіледі?

Осы Заңға байланысты Се­нат Төрағасы Дариға Назар­баева Индустрия және инфра­құ­­­ры­лымдық даму министрінің бірін­ші орынбасары Қайырбек Өс­кен­баевты сұрақтың астына алды.

Д.Назарбаева алдымен тұр­ғын үй мәселесін шешуде тек мемлекет қаражатына иек арта бермей, басқа да шешу жолдары бар-жоғын сұрады.

Министрлік өкілінің айтуына қарағанда, қазір елімізде 487 000 азамат пәтер кезегінде тұр. Ал әрбір пәтердің шаршы метрінің бағасын 140 мың теңгеден есептегенде, оған инженерлік коммуникациялар шығынын қоса алғанда, бұл кезектің сұранысын толық қамтамасыз ету үшін шамамен 6 трлн теңгедей қаражат керек.

Осы орайда Дариға Назарбаева құрылыс сала­сына жап­пай серпіліс әкелетін на­рықтық ынталандыру тетік­терін табу керектігіне баса назар аударды. Өйткені бюджеттің де мүм­кіндігі шектеулі. Оның бір­ден-бір жолы – нарықтан инвес­ти­ция тарту.

– Аймақтарда Тұрғын үй құрылысы комбинаттары бар. Біз­дің білуімізше, олардың жүк­темесі көп емес. Тіпті бірқатары өз мүмкіндіктерінің үштен бір не­месе жартысының көлемінде ғана жұмыс істеп тұр. Себебі тап­сырыс жоқ. Осы орайда, Үкі­мет тығырықтан шығудың жолдарын қарастырып жатыр ма? – деді Сенат Төрағасы.

Қ.Өскенбаев халықаралық тәжірибелердің сараланып жатқандығын айтты.

– Бүгінде тұрғын үй проблемасы барлық аймақта бірінші кезекте тұр. Алайда, өкінішке қарай, құрылыс қарқыны қазіргі сұранысты өтеуге ілесе алмай келеді. Өңірлерде жер кезегінде тұрғандардың саны он мыңдап саналады. Жер телімін алғандар ешкімге алақан жаймай-ақ бас­паналарын тұрғызып жатыр. Ал жергілікті атқарушы орындар инфрақұрылымдық дамуға қаржы жеткіліксіздігін айтып, бұл кезекті үлкейтіп жіберді. Өз кезегінде әрбір салынған үй пәтер кезегіндегілердің қатарын екі есеге дейін азайтар еді. Бұл сондай-ақ жер, мүлік салықтары мен коммуналдық қызмет үшін төленетін ақы есебінен жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігін арттырады емес пе. Сондықтан бұл мәселеге баса назар аудару қажет. Мүмкін шенеуніктер тұрғын үй құрылысына халықтық бюджеттен қаражат алып игеруге мүдделі болса, бұл – басқа мәселе. Жыл сайын қалмай келе жатқан бұл мәселені түбегейлі біржақты етіп шешу керек, – деген Сенат Төрағасы қабылданған Заңның әлеуметтік маңызын да атап өтті.

Жалпы отырыс барысында Парламент Мәжілісі мақұл­даған «Каспий теңізінде тосын оқиғаларды болғызбау туралы келісімді ратификациялау туралы» және Парламент Мәжі­лісі мақұлдаған «2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақ­стан Республикасы мен Ре­сей Федерациясы арасын­дағы әскери-техникалық ынтымақ­тастық туралы шарт шеңберінде берілетін әскери мақсаттағы өнімнің болуын және нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары қабылданып, дәстүрлі депутаттық сауалдар жария етілді.