Жылына 6 мың пәтер тапсырылады
Сонымен Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыру үшін қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы бойынша «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы», «ҚР Мемлекеттік наградалар туралы» заңдарына түзетулер енгізілмек.
Атап айтқанда, көп балалы отбасы ұғымын «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне сәйкес келтіру қарастырылған.
Заң бойынша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов: «Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай» ұғымы енгізіледі. Бұл табысы төмен халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің тұрақты коммуналдық қорын құруға мүмкіндік береді», – деді.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері немесе бұрын «Батыр ана», сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» атағын алған көп балалы аналар мен көп балалы отбасылар санаты үшін тұрғын үй алуға жеке кезектілік енгізілмек.
– Бұл санаттағыларға тұрғын үйді бірінші кезекте алу құқығының берілгені – осы заң жобасының маңызды өзгерістерінің бірі болып саналады. Осы санатқа жататын үй алуға үміткерлерді тұрғынжай алғанға дейін кезектен шығаруға болмайды. Қазіргі уақытта кезекте тұрған көп балалы отбасылардың саны – 31 725. Көп балалы отбасыларды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жыл сайын 50 млрд теңге қаражат бөлінетін болады. Осының арқасында жылына кемінде 6 мың пәтер тапсырылады, – деді Ш.Өтемісов.
Сонымен қатар мемлекеттік жоспарлау жүйесінің шегінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді және оның көлемін айқындауға маңыз беріледі. Бұл норма көп балалы отбасылардың тұрғын үй проблемаларын шешуге қаражатты тікелей және мақсатты түрде бөлуге негіз болмақ. Бұл арқылы жалға берілетін үйдің көлемі өседі деген үміт бар.
Оған қоса, мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарына жұмыс істейтін жастар үшін қолжетімді баспана жүйесін дамытуды енгізу, сондай-ақ мемлекеттік жастар саясаты жөніндегі уәкілетті органды сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді беру қағидаларын бекіту құзыретімен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылған.
– Бұл түзетулер Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының тапсырмасы бойынша жұмыс істейтін жастарды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін әзірленген тетікті жүзеге асыруға мүмкіндік береді. «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында 2019-2025 жылдары Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін жыл сайын кемінде 1 мың жалға берілетін тұрғын үй салу жоспарлануда. Әрине, жұмыс істейтін жастар үшін бұл жақсы мүмкіндік. Осылайша қаралып отырған заң жобасының қабылдануы көп балалы отбасылардың және жұмыс істейтін жастардың баспана мәселесін жедел шешу үшін заңнамалық негізді қалыптастырады, – деді депутат.
Тұрғын үй мәселесі қашан түбегейлі шешіледі?
Осы Заңға байланысты Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаевты сұрақтың астына алды.
Д.Назарбаева алдымен тұрғын үй мәселесін шешуде тек мемлекет қаражатына иек арта бермей, басқа да шешу жолдары бар-жоғын сұрады.
Министрлік өкілінің айтуына қарағанда, қазір елімізде 487 000 азамат пәтер кезегінде тұр. Ал әрбір пәтердің шаршы метрінің бағасын 140 мың теңгеден есептегенде, оған инженерлік коммуникациялар шығынын қоса алғанда, бұл кезектің сұранысын толық қамтамасыз ету үшін шамамен 6 трлн теңгедей қаражат керек.
Осы орайда Дариға Назарбаева құрылыс саласына жаппай серпіліс әкелетін нарықтық ынталандыру тетіктерін табу керектігіне баса назар аударды. Өйткені бюджеттің де мүмкіндігі шектеулі. Оның бірден-бір жолы – нарықтан инвестиция тарту.
– Аймақтарда Тұрғын үй құрылысы комбинаттары бар. Біздің білуімізше, олардың жүктемесі көп емес. Тіпті бірқатары өз мүмкіндіктерінің үштен бір немесе жартысының көлемінде ғана жұмыс істеп тұр. Себебі тапсырыс жоқ. Осы орайда, Үкімет тығырықтан шығудың жолдарын қарастырып жатыр ма? – деді Сенат Төрағасы.
Қ.Өскенбаев халықаралық тәжірибелердің сараланып жатқандығын айтты.
– Бүгінде тұрғын үй проблемасы барлық аймақта бірінші кезекте тұр. Алайда, өкінішке қарай, құрылыс қарқыны қазіргі сұранысты өтеуге ілесе алмай келеді. Өңірлерде жер кезегінде тұрғандардың саны он мыңдап саналады. Жер телімін алғандар ешкімге алақан жаймай-ақ баспаналарын тұрғызып жатыр. Ал жергілікті атқарушы орындар инфрақұрылымдық дамуға қаржы жеткіліксіздігін айтып, бұл кезекті үлкейтіп жіберді. Өз кезегінде әрбір салынған үй пәтер кезегіндегілердің қатарын екі есеге дейін азайтар еді. Бұл сондай-ақ жер, мүлік салықтары мен коммуналдық қызмет үшін төленетін ақы есебінен жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігін арттырады емес пе. Сондықтан бұл мәселеге баса назар аудару қажет. Мүмкін шенеуніктер тұрғын үй құрылысына халықтық бюджеттен қаражат алып игеруге мүдделі болса, бұл – басқа мәселе. Жыл сайын қалмай келе жатқан бұл мәселені түбегейлі біржақты етіп шешу керек, – деген Сенат Төрағасы қабылданған Заңның әлеуметтік маңызын да атап өтті.
Жалпы отырыс барысында Парламент Мәжілісі мақұлдаған «Каспий теңізінде тосын оқиғаларды болғызбау туралы келісімді ратификациялау туралы» және Парламент Мәжілісі мақұлдаған «2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы шарт шеңберінде берілетін әскери мақсаттағы өнімнің болуын және нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары қабылданып, дәстүрлі депутаттық сауалдар жария етілді.