Аймақтар • 06 Мамыр, 2019

«Сарыарқа» магистралінің құрылысы қарқынды

1035 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырынан бастал­ған «Сарыарқа» магистралінің құ­рылысы жыл соңында аяқ­­талады деп жоспарла­нып отыр. Құбыр жолы Қазақ­­­станның бас қаласы мен ор­­талық және солтүстік ай­­мақ­­тарын көгілдір отынмен толық қамтамасыз етеді.

«Сарыарқа» магистралінің құрылысы қарқынды
Құрылыстың мердігері «ҚазСтройСервис» компа­ния­сы болса, операторы – «АстанаГазҚМГ».

«Сарыарқа» газ құбырының құрылысы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бас­тамасымен қолға алынғаны бел­гілі. Газ құбыры Қызылорда – Жез­қазған – Қарағанды – Теміртау – Нұр-Сұлтан бағыты бо­йынша өтеді. Осы бағытта жылы­на 2,2 млрд текше метр көгіл­дір отын өт­кізілуге тиіс. Ұзын­дығы 1061 ша­қырымға тең. Жоба 2 миллион 700 мың қазақ­стандықты газбен қамта­ма­сыз етуге мүмкіндік береді. Мем­­ле­кеттік маңызға ие құрылыс­тың ба­рысын Үкімет тікелей қада­ға­лап отырғанын айта кетейік.

Жақында Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаевпен бірге CRC-1 дәнекерлеу кешеніне барып, «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылысын көрді.

Сол сияқты «Құтты мекен» партиялық жобасы ая­сында орталық партия аппараты, пар­тиялық бақылау қызметінің басшысы Дәурен Бижұманов пен «Құтты мекен» партиялық жобасының жетекшісі Нұрлан Баймырзаев бастаған арнайы комиссия инженерлік және әлеу­меттік инфрақұрылым жұмыс­тарымен танысты.

– Өздеріңізге белгілі, Партия Төрағасы Nur Otan партия­сының кезекті ХVІІІ съезінде халықтың әлеуетін арттырып, ауыл­дық елді мекендердің инже­нерлік және әлеуметтік инфра­құрылымын дамытуға бағыт­талған бірнеше партиялық жобаны жүзеге асыруды тапсыр­ды. Соның бірі – «Құтты мекен» жобасы. Бүгін жоба аясында аймақтық партия филиалының партиялық бақылау комиссиясымен бірге «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құ­ры­лыс-монтаж жұмыстарына, мем­лекет қаржысының нәти­желі жұмсалуына партиялық бақы­лау жасап, жұмысшылардың жағдайымен таныстық. Басты мақсат – Партия Төрағасы, Тұң­ғыш Президентіміздің бес әлеу­­мет­тік бастамасының орындалуын қадағалау. Әрине жобаның өз деңгейінде жүргізіліп жатқаны қуантады. Ең бастысы, жоба іске қосылған уақытта қаншама от­басын көгілдір отынмен қамтып қа­на қоймай, солтүстік өңірлер­дегі экологияны жақсартатыны анық. Мұны өткен жылы осы магистралды газ құбыры жобасын жүзеге асыруға тапсырма берген кезде Тұңғыш Президентіміз ерекше маңыз беріп, атап өткен болатын, – деді Орталық партия аппараты партиялық бақылау қызметінің инспекторы, «Құтты мекен» партиялық жобасының жетекшісі Нұрлан Баймырзаев.

Күні бүгінге дейін Қазақ­стан­ның орталық аймағы негізінен көмір тұтынып келді. Елордамыз Нұр-Сұлтанға жолымыз түскенде желсіз күндері қаланы көк түтін құшағына алып, өкпесін сығып тұратынын байқаған едік. Көмір түтіні экологиялық зардаптарды да көбейтеді. Енді ол қауіп сейілуге тиіс. «Сарыарқа» магистралды газ құбыры елімізге осындай игі­ліктерді әкеле жатыр.


Қызылорда облысы