«Сарыарқа» газ құбырының құрылысы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынғаны белгілі. Газ құбыры Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша өтеді. Осы бағытта жылына 2,2 млрд текше метр көгілдір отын өткізілуге тиіс. Ұзындығы 1061 шақырымға тең. Жоба 2 миллион 700 мың қазақстандықты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік маңызға ие құрылыстың барысын Үкімет тікелей қадағалап отырғанын айта кетейік.
Жақында Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаевпен бірге CRC-1 дәнекерлеу кешеніне барып, «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылысын көрді.
– Өздеріңізге белгілі, Партия Төрағасы Nur Otan партиясының кезекті ХVІІІ съезінде халықтың әлеуетін арттырып, ауылдық елді мекендердің инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірнеше партиялық жобаны жүзеге асыруды тапсырды. Соның бірі – «Құтты мекен» жобасы. Бүгін жоба аясында аймақтық партия филиалының партиялық бақылау комиссиясымен бірге «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылыс-монтаж жұмыстарына, мемлекет қаржысының нәтижелі жұмсалуына партиялық бақылау жасап, жұмысшылардың жағдайымен таныстық. Басты мақсат – Партия Төрағасы, Тұңғыш Президентіміздің бес әлеуметтік бастамасының орындалуын қадағалау. Әрине жобаның өз деңгейінде жүргізіліп жатқаны қуантады. Ең бастысы, жоба іске қосылған уақытта қаншама отбасын көгілдір отынмен қамтып қана қоймай, солтүстік өңірлердегі экологияны жақсартатыны анық. Мұны өткен жылы осы магистралды газ құбыры жобасын жүзеге асыруға тапсырма берген кезде Тұңғыш Президентіміз ерекше маңыз беріп, атап өткен болатын, – деді Орталық партия аппараты партиялық бақылау қызметінің инспекторы, «Құтты мекен» партиялық жобасының жетекшісі Нұрлан Баймырзаев.
Күні бүгінге дейін Қазақстанның орталық аймағы негізінен көмір тұтынып келді. Елордамыз Нұр-Сұлтанға жолымыз түскенде желсіз күндері қаланы көк түтін құшағына алып, өкпесін сығып тұратынын байқаған едік. Көмір түтіні экологиялық зардаптарды да көбейтеді. Енді ол қауіп сейілуге тиіс. «Сарыарқа» магистралды газ құбыры елімізге осындай игіліктерді әкеле жатыр.