Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Зайырлылық діннің мемлекеттік биліктен бөлінгенімен, қоғам өмірінен ажыратылғанын білдірмейді. Керісінше бұл ұстаным – барлық азаматтың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететін, ешбір дінді үстем немесе кем санамайтын құқықтық жүйе. Ата заңымыз елімізді зайырлы мемлекет деп жариялай отырып, әрбір адамның сеніміне құрметпен қарауды әрі діни алауыздыққа жол бермейтін орта қалыптастыруды басты мақсат тұтады.
Осы орайда жаңа Конституциядағы зайырлылық қағидаты мен оның ерекшеліктері жайында сала мамандарының пікірін білген едік. «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті Дінтану кафедрасының аға оқытушысы Бурханадин Абдилхакимнің айтуынша, бұрынғы замандарда ислам, христиандық, буддизм секілді әлемдік діндер пайда болып, олар мемлекеттің өмірінде маңызды рөл ойнаған. Орта ғасырларда діннің саясатқа араласқан кезі де, саясаттың дінді қолданған уақыты да көп еді. Алайда XVIII ғасырдағы француз төңкерісінен кейін жаңадан құрылған Франция республикасында дін саясаттан аластатылып, зайырлылық қағидаты алғаш рет өмірге келе бастаған.
«Дін мемлекеттен бөлінген» деген қағидат осы уақытта ресми түрде айқындалды. Кейін Еуропаның басқа да елдерінде, содан соң ақырындап мұсылман мемлекеттерінде дін мен мемлекеттің бөліну үдерісі басталды. Мәселен, қазіргі таңда Ислам ынтымақтастығы ұйымындағы 57 мұсылман елінің көпшілігінің конституциясында дін мен мемлекет арасы бөлінген деген анықтама бар», дейді Б.Абдилхаким.
Оның айтуынша, Пәкістан, Мысыр, Малайзия, Индонезия секілді бірқатар мұсылман мемлекетінде шариғат заңдары ішінара құқықтық заңдармен қатар қолданылады. Сондай-ақ екі теократиялық мемлекет бар. Олар – Сауд Арабиясы мен Иран Ислам Республикасы. Ал өзге мұсылман елдерінде, соның ішінде бұрынғы кеңестік республикалардың бәрінде дін мен мемлекеттік билік арасы толықтай бөлінген.
«Зайырлылық ұстанымы не деген сауалға тоқталсақ, мұндай елде ешбір діни сенімге артықшылық берілмейді. Қарапайым тілмен айтқанда, дін мемлекеттің ісіне араласпайды, мемлекет те діннің ісіне араласпайды. Заң қабылдағанда, мемлекеттік органдар шешім шығарғанда тек құқықтық негіздерге сүйенеді. Діни заңдар мен пәтуалар қолданылмайды. Бұл негізі еліміз үшін жаңалық емес. 1995 жылы қабылданып, әлі де күшін жоймаған қазіргі Конституциямызда да бұл қағидат бар. Ал алдағы уақытта күшіне енетін жаңа Ата заңымызда бұл ұстаным нақты шегеленіп беріліп отыр», дейді дінтанушы.
Дегенмен Б.Абдилхаким зайырлылық қағидаты қоғамның, адамдардың діннен алыстауын, күнделікті өмірде дін ұстанбау дегенді білдірмейтінін айтады. Ата заңға сай, әрбір азаматтың белгілі бір дінді ұстануы, сенім еркіндігі – оның конституциялық құқығы. Кез келген адам діндар бола алады, алайда мемлекеттік қызметінде ол тек заң аясында ғана жұмыс істеуге міндетті.
«Айталық, теориялық тұрғыдан алғанда, әкім болсын, министр болсын, қандай да мемлекеттік қызметші белгілі бір дінді ұстанып, құлшылығын жасай алады. Бес уақыт намазын оқып, қажылығына барып, діндар болуы мүмкін. Алайда ол жұмысына барған кезде қызметін зайырлы заңдар негізінде ғана атқарады. Яғни мемлекеттік органдардың жұмысына дін араласпауы керек», дейді ол.
Дінтанушы Конституция тұрғысынан еліміз Ислам мемлекеті болмағанымен, тарихи дәстүріміз бен конфессиялық ұстанымымыз жағынан «мұсылман елі» саналатынымызды айтады. Өйткені ресми статистикаға сай, халқымыздың 80 пайыздан астамы Ислам дінін ұстанады. Қазақ жерінде талай ғасырлар бойы Ислам діні салтанат құрғаны мәлім. Оған ұлы тұлғаларамыздың өмірі, қазақ жеріндегі тарихи ескерткіштер мен жәдігерлер жақсы дәлел. Тарихқа зер салсақ, халқымыздың өткен өмірінде шариғат заңдары мен ислам дәстүрлерінің маңызды орын алғанын көру қиын емес.
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Сауд Арабиясына барғанда умра қажылығын жасап, Қағбаға кіргенін білеміз. Біздің халқымыздың рухани бағыты Ислам дінімен сабақтасқан. Бұл еліміздің зайырлылық сипатына қайшы емес әрі оны жоққа шығара алмайды. Халқымыз дін ұстанғаннан теократиялық мемлекет болып кетпейміз», дейді дінтанушы.
Б.Абдилхакимнің айтуынша, қазіргі таңда елімізде Конституциямызға сай мемлекет пен діннің бөлек болу қағидаты, яғни зайырлылық ұстанымы толыққанды жұмыс істеп жатыр. Бұл елдің қауіпсіздігі үшін аса қажет. Терроризм, экстремизм идеяларының таралуына, түрлі деструктивті діни ағымдардың алшаң баспауына заң тұрғысынан қатаң қадағалау болғаны дұрыс.
Сонымен қатар радикалды діни идеологиялармен қоса, зайырлылық ұстанымын да дәстүрлі дінге қарсы радикалды сипатта қолдануға жол берілмеуі керек екенін тілге тиек етті. Әрбір адамның дін ұстануы, елде мешіт-медресенің салынып, жұмыс істеуі толыққанды заң аясында жүзеге асатын болса, оған рұқсат. Алайда кейбір азаматтар тарапынан ата-бабамыздан ұстанып келген дәстүрлі дін талаптарының өзін артық көріп, оны жоққа шығаруға талпыну әрекеті бар екенін, әрі мұны «зайырлы елміз» деп бүркемелейтіні белгілі. Бұл, әрине, мемлекетіміз ұсынып отырған діни сенім еркіндігін жоққа шығару әрі заңға қайшы іс екені белгілі.
Осы орайда дін саласындағы мемлекеттік саясат бойынша сарапшы Ержан Байболдың айтуынша, ар-ождан еркіндігі – әркімнің туабітті әрі ажырамас құқығы. Бұл діни және өзге де наным-сенімдерді қамтиды. Сондай-ақ ешқандай дінді ұстанбау да ар-ождан еркіндігіне кіреді.
«Ар-ождан еркіндігінің ішкі қыры құқықтық тұрғыдан абсолютті сипатқа ие әрі шектелмейді. Ал осы құқықты сырттай білдіру, яғни іс-әрекет арқылы жүзеге асыру өзге адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты ар-ождан еркіндігін жүзеге асыру құқығы тек заңмен әрі қажетті шектерде ғана реттеледі. Мұндай жағдайда зайырлылық қағидаты айрықша мәнге ие. Бұл – барлық адамға ар-ождан еркіндігін тең дәрежеде жүзеге асыруына жағдай жасайтын құқықтық тетік. Бұл өз кезегінде қоғамдық қатынастардың теңгерімді дамуын, қоғамдық келісімнің сақталуын қамтамасыз етеді», дейді ол.
Ал Жетісу облыстық дін істері басқармасы Дін саласындағы мәселелерді зерттеу және оңалту орталығының өңірлік маман-теологі Жансерік Әділғазиевтің айтуынша, зайырлылық қағидаты – қазіргі заман талабы, өйткені ол ғылым-білімнің қарыштап дамып, адам санасының кеңейген уақытында қажеттілікті өтейтін жүйе.
«Зайырлылық ұғымында баршамыз білетіндей, дін мемлекеттен бөлек, яғни мемлекет ешбір дінді ресми немесе міндетті деп жарияламайды, керісінше адамның өз қалауына қалдырады. Зайырлылықтың тағы бір мағынасы – төзімділік. Біз сияқты көпэтносты, көпдінді мемлекетке төзімділік иммунитетін қалыптастыру дұрыс жүйе. Қазіргі заманғы құқықтық мемлекет құру жолында зайырлылық қағидаты ерекше маңызға ие. Еліміздің жаңа конституциялық реформалары бұл жүйені нақтылап, қоғам өміріндегі рөлін күшейтті. Ол дін мен мемлекеттің арақатынасын реттеп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тең дәрежеде қамтамасыз етуге бағытталған», дейді ол.
Теологтің айтуынша, жаңа Конституциядағы өзгерістер зайырлылық қағидатын іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған. Ол білім беру саласын да қамтиды. Яғни мемлекеттік оқу орындарында діни үгіт-насихат жасалмайды, білім беру ғылыми және зайырлы негізде жүзеге асырылады.
«Зайырлы мемлекет діни сенім бостандығын толықтай қамтамасыз етеді. Азаматтарымыз мешітке, шіркеуге немесе басқа да діни орындарға еркін барып, өз сенімін ұстанып, құлшылығын жасай алады. Мемлекет олардың құқықтарын қорғайды әрі діни кемсітушілікке жол бермейді», дейді Ж.Әділғазиев.
Жалпы алғанда, жаңа Конституциядағы зайырлылық қағидаты – еліміздің демократиялық, құқықтық мемлекет ретіндегі дамуының айқын көрінісі. Бұл қағидат қоғамдағы әртүрлілікке құрметпен қарап, бірлік пен татулықты сақтауға қызмет етеді. Сондықтан оны түсіну мен құрметтеу – әрбір азаматтың ортақ міндеті.