Кейіпкеріміз Алаш арыстарының атамекені – Ақтоғайда дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түсіп, оны «Емдеу ісі» мамандығымен сәтті аяқтаған, жалындап тұрған жас маман аудандық ауруханада шеберлігін шыңдады. Күндіз-түні тыным көрмей, соқырішек ауруынан бастап, пышақ жарақаты, жол-көлік оқиғасынан түскен ауыр науқастар мен түрлі сыныққа дейін операция жасап, хирургияның үлкен мектебінен өтті. Сөйтіп, қиындығы мен қызығы қатар өрбіген жылдар болашақ білікті маманның кәсіби тұрғыдан өсуіне септігін тигізді.
Кейін оториноларингология (ЛОР) бағытында маманданудан өтіп, бұл таңдау оның кәсіби өміріндегі жаңа белесіне айналды. Балқаш қалалық орталық ауруханасында 10 жылдан астам уақыт ЛОР дәрігері болып қызмет етіп, қалған саналы ғұмырын Қарағанды өңірінің медицинасын дамытуға арнады. Қарағанды қаласындағы №1 Өңірлік медициналық бірлестікте, кейіннен облыстық көппрофильді амбулаториялық хирургия орталығында бөлім меңгерушісі болып қызмет етіп, ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. 2013 жылдан бері Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың (бұрынғы облыстық медициналық орталық) оториноларингология бөлімшесінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді.
Нұрлан Құлмағамбетұлы – облыста ЛОР-хирургия саласына заманауи технологияларды алғаш болып енгізген жаңашыл маман. Ол 2016 жылы облыс көлемінде тұңғыш рет тимпанопластика операциясын жасады. Жеңіл анестезиямен жасалатын бұл операция мемлекеттік кепілдендірілген көмек аясында толығымен тегін жүзеге асырылады, нәтижесінде, науқастардың 90%-ында есту қабілеті толығымен қалпына келеді. Бөлімше базасында Қарағанды медицина университетінің ЛОР-кафедрасының орналасуы да емдеу сапасын ғылыми деңгейге көтерді.
Сонымен қатар хирург өңірде алғашқылардың бірі болып видеоэндоскопиялық құрылғы (ЛОР-стойка) арқылы операция жасау әдісін енгізді. Бұрын құлақ ішіне кіру бағытында үлкен тілік жасалып, балғамен ұру сияқты ауыр әрі жарақатты әдістер қолданылса, қазір операция мүлдем тіліксіз, қансыз орындалады. Бұл жаңалық науқастардың тез сауығуына септігін тигізді. Бұрынырақта науқастар операциядан соң айлап ауруханада жатса, қазір заманауи аппараттың арқасында 3–4 күнде жазылып шығады.
Бүгінде тәжірибелі дәрігер қызмет ететін бөлімше – Қарағанды облысы көлемінде шұғыл операция жасайтын жалғыз ЛОР-бөлімше. Мұнда құлақтан немесе гаймор пазухасынан ірің миға шауып, менингоэнцефалит, бас миының абсцесі сияқты ауыр асқынумен келетін науқастарға дер кезінде операция жасалып, қажет жағдайда нейрохирургтермен, офтальмологтермен бірлескен күрделі операциялар да сәтті жүзеге асырылады.
Іскер, ізденгіш маман күнделікті өмірде антромастоидотомия, мұрын пердесін резекциялау, тонзиллэктомия секілді көптеген жоспарлы, шұғыл операцияны жасаумен қатар, пластикалық хирургия бағытын да сәтті меңгеріп, мұрын ақауларын түзету арқылы пациенттерге денсаулық қана емес, сенімділік те сыйлап келеді.
Жоғары санатты дәрігер кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында Германияда, Ресейде (Санкт-Петербург, Қазан), Алматы қаласында бірнеше рет арнайы курстардан өтті. Сондай-ақ ол жинаған тәжірибесін шәкірттеріне бағыт-бағдар ретінде беріп келеді.
Бүгінде Нұрлан Құлмағамбетұлы әріптестерінің арасында зор құрметке, мыңдаған емделушілердің шексіз алғысына бөленген жан. Өзінің негізгі қызметімен қатар облыстың штаттан тыс бас оториноларингологі ретінде де өңірдегі осы саланың жұмысын үйлестіріп отыр.
Алтын қолды хирургтің медицинадағы 40 жылдан аса қажырлы еңбегі еленіп, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Алтын дәрігер», «Еңбек ардагері» медальдарымен, еліміз көлемінде санаулы маманға ғана бұйырған Әл-Фараби атындағы оториноларингологияның жеке медалімен марапатталған. Сондай-ақ Қарағанды облысы әкімінің «Үздік хирург» сыйлығының иегері. Тәжірибелі дәрігер өткен жолына қарап, кәсіби тұрғыдан қалыптасуына бағыт-бағдар берген тәлімгерлерін ерекше ілтипатпен еске алады.
– Менің мұндай кәсіби жетістікке жетуіме ең алдымен ұстаздарым – жоғары санатты, білікті хирургтер Қуат Рақымжан мен Жұма Шаяхметовтің септігі тиді. Осы бір күрделі де жауапты саланың қыр-сырын үйретіп, ЛОР-хирургияға баулыған да осы кісілер еді. Сол алдыңғы толқыннан алған білім мен тәжірибенің арқасында қазір өзіміз де ұстаз атандық, – дейді Нұрлан Құлмағамбетұлы.
«Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» деген, бүгінде кейіпкеріміздің соңынан ерген 100-ге тарта шәкірті бар. Шәкірттері еліміздің түкпір-түкпіріндегі түрлі медициналық мекемелерде халықтың алғысына бөленіп жүр. Бұл – дәрігер үшін марапат атаулының бәрінен де биік, ең үлкен мәртебе.
Алтын қолды дәрігердің сан салалы, ауыр қызметіндегі ең үлкен тірегі де, шабыт көзі де – берекелі шаңырағы. Аяулы жары Мақпал – өткен жылдары ірі корпорацияда аудит саласын басқарған білікті экономист, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған асыл ана, ардақты әже. Екеуі өсіріп-жеткізген перзенттері де қоғамнан өз орындарын тапқан білікті мамандар. Ұлы Бауыржан заң саласында жауапты қызмет атқарады, қызы Баян – банк саласының қызметкері. Бүгінде Нұрлан дәрігердің Әмірлан, Әлихан, Әдина есімді сүйкімді немерелерінің қызығына тоймай, олардың әрбір жетістігіне балаша қуанып, бақытқа кенеліп отырған жайы бар.
Қарағанды облысы