Футболдан шамалы болса да хабары бар адамдардың барлығы «Испания құрамасы Атлантика мұхитында орналасқан небәрі 500 мыңнан асатын халқы бар Кабо-Вердені қалпақпен ұрып алады» деп ойлаған еді. Себебі, 2010 жылы төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылып, соңғы Еуропа чемпионатында топ жарған Пиреней түбегінің тарландары бүгінгі таңда да жақсы бабында. Биылғы мундиальда олар басты фавориттердің санатында. Ал осындай ұлы дүрмекке алғаш рет қатысып отырған аралдықтардың аутсайдерлер қатарында екені анық.
«Доп – домалақ» деп бекер айтылмаған ғой. Құрамында Ламин Ямаль, Ферран Торрес, Родри, Педри, Дани Ольмо, Нико Уильямс, тағы басқа да беткеұстар ойыншылары бар испандықтардың барлық шабуылына қара құрлық өкілдері тойтарыс берді. Жасы 40-тан асқан Жозимар Диаш Возиньяның асқан шеберлігінің арқасында Кабо-Верденің қақпасы аман қалды. Голкипер кездесу барысында сегіз сейв жасап, сан миллион көрерменнің қошеметіне бөленді. Сөйтіп, фаворит пен дебютант арасындағы бәсеке 0:0 есебімен тең аяқталды.
Сауд Арабиясы мен Уругвай құрамаларының кездесуінде де кішігірім сенсация тіркелді. Қос команда алғашында жап-жақсы шабуылдар ұйымдастырғаннан кейін ойын біразға дейін саябырсып қалды. 41-минутта Хасан әл-Тамабактидің тепкен добын Фернандо Муслера кері қайтарғанымен, оған бірінші болып жеткен Абулела әл-Әмри есеп ашты. 80-минутта дәл сондай жағдай Сауд Арабиясының қақпасының алдында қайталанды. Осы жолы кері қайтқан допты Максимилиано Араухо қайта қақпаға тоғытты – 1:1.

Бельгия мен Мысыр арасындағы матч басталған бетте еуропалықтар тізгінді қолға алуға тырысып, толассыз шабуылдады. Бірақ өте сауатты қорғанған қарсыластары қауіптің бетін қайтарды. Өздері де ара-тұра қарымта шабуылға жүгінді. Солардың бірі өз нәтижесін берді. 20-минутта Эмам Ашурдың қақпаның оң бұрышында бағыттаған добына Тибо Куртуа үлгермеді. Гол жіберіп алғаннан кейін бельгиялықтар жағдайды түзеуге талпынды. Мысырлықтар олардың ырқына көнбеді. Жеңістің ауылы алыстап бара жатқанын түсінген Руди Гарсия 66-минутта алаңға тәжірибелі Ромелу Лукакуды шығарды. Бұл оңды шешім болды. Шабуылшы шыққан бетте қарсыластарының айып алаңына баса көктеп кірді. Оның тебуге ыңғайлаған добы Мұхамед Ханидің аяғына тиіп, автоголға айналды – 1:1.
Иран мен Жаңа Зеландия матчында төрт гол соғылды. Қос команда қанша жанталасқанымен бір-бірін ала алмады. Бәсеке барысында жаңазеландиялықтар екі рет алға шықты. Элайджа Джаст дубль авторы атанды. Дегенмен Парсы елінің ойыншылары екі ретінде де есепті теңестірді. Голдарды Рамин Резаэян мен Мұхаммед Мохеби салды. Сөйтіп, дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні өткен төрт ойынның барлығы да тең есеппен аяқталды.