Аймақтар • Кеше

Көлсайдағы табиғат қорғау акциясы

4 мин
оқу үшін

Ауыл-аймақтың тазалығын сақтап, табиғатқа жанашырлық танытуға мектеп оқушылары да белсене атсалысады. Мұны республикалық маңызға ие «Парктер шеруі» табиғат қорғау акциясының қорытынды іс-шарасында айқын байқалды.

Көлсайдағы табиғат қорғау акциясы

Еліміздің інжу-маржаны саналатын «Көлсай көлдері» мем­лекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында жыл сайын өткізілетін бұл акцияның басты мақсаты – табиғатты қорғау, қоршаған орта мәселелеріне қоғам назарын аудару, оларды шешу жолдарын насихаттау. Акция аясында түрлі байқаулар, дөңгелек үстелдер, тазалық жұмысы, ағаш отырғызу, бұлақ көздерін тазарту сияқты экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар тақырыптық көрмелер мен концерттер өткі­зіліп, оқушылардың таби­ғат­ты қорғау бағытындағы белсен­ді­лігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Ауыл тұрғындары, үлкені мен кішісі бір кісідей жұмы­лып, «Құстарға қамқор болайық», «Бүкіл­қазақстандық ағаш отыр­ғызу күні», «Жасыл жапы­рақ», «Табиғат – біздің анамыз», «Мөлдір бұлақ» акцияларына тұрақты түрде қатысуды игі дәстүрге айналдырған. Мектеп оқушылары арасында табиғатты қорғау тақырыбында сурет салу, қолөнер бұйымдарын жасау, би өнері және өз шығармаларын ұсыну бойынша байқаулар өткізіліп, үздік шыққандар «Парк­тер шеруі» акциясының қоры­тынды жиынында марапатталды.

Жеңімпаздарға ұлттық парк пен демеу­шілер тарапынан бағалы сыйлықтар табысталып, таби­ғатты аялауды өмірлік ұстанымына айнал­дырған жас буынның мерейі үстем болды.

Биыл «Парктер шеруі» табиғат қорғау акциясы аясында 50 түрлі іс-шара мен 4 байқау ұйымдастырылып, оған 4 мыңға жуық адам қатысты.

Көлсайдың көркем таби­ғаты аясында өткен қоры­тын­ды жиында оқушылардың өз қолдарымен жасаған тұрмыстық бұйымдары мен көз тартар суреттерінен құралған көрме көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

– Мен әкемнің көмегімен әдемі үйшік жасадым. Егер оны үлкейтіп, Көлсай аумағына орналастырса, демалуға келген адамдардың тынығуына мүм­кін­дік болар еді. Ал қолым­дағы күректі жасау да қиын болған жоқ. Оны қыста қар тазалауға, жазда қоқыс жинау­ға пайдалануға болады, – дейді Айтжан Түркебаев атындағы орта мектеп-лицейінің 3-сынып оқушылары Мирас Себеғат пен Қасымәлі Жәнібек.

Еңбекқор әрі ізденімпаз балалардың қолынан шыққан сан алуан бұйымдар сапасымен, ұқыптылығымен, тың идеяларымен ерекшеленді.

– «Парктер шеруінің» бас­ты мақсаты – бабаларымыздан аманат болып жеткен таби­ғат байлығын сақтап, келер ұрпаққа жеткізу. Көрмеге қа­тысқан оқушылардың тұрмыстық қатты қалдықтардан жасаған бұйымдары ерекше әсер қал­дырды. Бұл – ата-аналар мен ұстаздардың қолдауының, бала­ларға дұрыс бағыт-бағдар бере білген еңбегінің нәтижесі. «Бір тал кессең, он тал ек» деген нақыл сөз жас ұрпақты табиғат­ты құр­мет­теуге, қоршаған ортаға жанашыр­лық­пен қарауға тәрбие­­­­лей­ді. Сондықтан табиғатты қорғау – баршамыздың ортақ мін­детіміз, – деді «Amanat» партиясы Кеген аудандық филиалының төрағасы Олжас Тақабаев.

Келесі кезекте Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Рүстем Жеңісұлы сөз сөйлеп, дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл акцияның маңызына тоқталды. Ол мектеп оқушыларының акция аясын­дағы жұмысқа белсенді қатысып, айна­ланың тазалығын сақтауға елеулі үлес қосып жүр­генін атап өтіп, ризашылығын білдірді.

– Аудан ғана емес, Алматы облысы мен Алматы қаласының мектептерін қамтитын «Парктер шеруі» акциясының тарихы АҚШ-тан бастау алған. Биыл бұл іс-шара 19-рет ұйымдастырылып отыр. Акцияға ұлттық парк аумағымен шектесетін ауыл­дық округтердегі 10 мектептің оқушы­лары қатысып, табиғатты қорғау ісіндегі бел­сенділігін көрсетті. Олардың туған өлкені таза ұстауға, қоршаған ортаны қорғауға деген ынта-жігері ерекше қуантады. Сонымен қатар туған жерге арналған өлеңдері мен шығармашылық туындылары да жоғары бағаланды. Бүгін марапат­талып отырған жеңімпаздар – соның айқын дәлелі, – деді «Көлсай көл­дері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары Хамит Ағабекұлы.

Іс-шара соңында Хамит Аға­бекұлы «Парктер шеруі» акциясының жеңім­паз­дары мен белсенді қатысушы­ла­рына Алғысхаттар мен бағалы сыйлық­тарды тапсырды.

 

Алматы облысы 

Соңғы жаңалықтар