Ысқақ Омарұлы 1890 жылы Семей губерниясы Қарқаралы уезінің Мойынты аумағында дүниеге келген. Түрксіб теміржолын салуға қатысқан. Жасы асып кетуіне байланысты соғысқа алынбай, еңбек майданына жіберілген. Бейбіт заман орнағанда қарапайым колхозшы болып еңбек еткен.
Жолдас Омарұлы 1904 жылы Қарқаралы уезі Мойынты-Сарыбұлақ болысына қарасты Шалтас мекенінде туған. Жас кезінен қоғамдық өмірге етене араласып, 1923 жылы Шет ауданының «Бозшакөл» мойынсерігін құруға атсалысқан. Оның мүшелігіне Сыдан Өтенов, Кешубай, Ақыжан Түйтебаевтар, Абай Төлегенов, Алтыбай Нақыпов, Шаян Қойшыбаев, Саржан Домалақов, Айтбай Шілікбаев, Сыздық Ақылбаев сынды ел ішінде белгілі, беделді азаматтар кірген. 1928 жылы Шет ауданы құрылып, әкімшілік жағынан қайта бөлуіне орай мойынсерік тараған.

Жолдас Омарұлы 30-жылдарғы колхоздастыру жұмыстарына да белсене қатысып, ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан. Ферма басқарушысы, бригадир сияқты жауапты жұмыстар атқарып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына көп еңбек сіңірген.
Соғыс басталғанда майданға аттанып, әскери қызметін Украина жерінде, 39-атқыштар полкінің құрамында аға сержант, бөлімше командирі дәрежесінде өткерген. Небір қанқұйлы ұрыстарда жаугерлік ерлігімен көзге түсіп, бірнеше мәрте жоғары наградаларға ие болған. Атап айтқанда, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, үш рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» басқа да көптеген медальмен марапатталған.
Серік Омарұлы 1906 жылы туған. Соғыс басталғанда алғашқылардың бірі болып майданға аттанған. Соғыс жылдарында көпке дейін хабарсыз кетіп, 1943 жылы «қаза болды» деген қара қағаз келген. Кейіннен туысқандары ғаламтор желісі арқылы іздеу салғанда Ресейдің Орел қаласына таяу бір деревняда жерленгені анықталған. Серік Омарұлының артында ұрпақтары бар.
Бөде Омарұлы 1916 жылы туған. Жастайынан еңбекке араласып, 30-жылдары қазіргі Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Босаға елді мекенінде мойынсерік мүшесі болған. Соғыс басталғанда Шет аудандық әскери комиссариатынан майданға аттанып, жауға қарсы шайқастарға қатысқан. Соғыс барысында жараланып, 1946 жылы ғана елге оралған.
Бөде де түрлі жауынгерлік наградаларға ие болған. ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін», басқа да медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін елге оралып, бейбіт еңбекке араласқан. Өмірінің соңына дейін туған жерінде еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, Айғыржал елді мекенінде дүниеден өткен.
Сұрапыл соғысқа басынан аяғына дейін қатысып, ерлік көрсеткен ағайынды жігіттердің, бір отбасынан шыққан батырлардың ондаған ордені, жиырмадан аса жауынгерлік медалі кейінгі ұрпақтарының қолында әлі күнге сақтаулы. Қымбат жәдігердей шаңырақ төрінде тұр.
Ағайынды азаматтардың арасынан Жолдас көкемізге қосымша тоқталсақ, соғыстан аман келісімен, 1945–1950 жылдары Ленин, Жастерек, Қатпар ұжымшарларында, 1952–1953 жылдары Айғыржалда басқарма, сиыр фермасының меңгерушісі болып, ауыл шаруашылығы саласында түрлі жауапты қызметтер атқарды. Зейнеткерлікке шыққан соң да қатардан қалмай, ауылдың бетке ұстар ақсақалдарының санатында жүрді. Барлық саналы ғұмырын қоғам қызметіне арнаған абыз ақсақал 1995 жылы 91 жасында Айғыржал ауылында өмірден өтті. Жолдас әкеміз бен Шырын анамыздың берекелі шаңырағында бірнеше перзент өсіп тәрбиеленді.
Соғыс ардагерлері, майдангер қарттар сол кезде жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында кездесуге шақырылатын. Жолдас көкеміз де біздің мектепке талай мәрте келіп, соғыс туралы талай-талай толғамды естеліктер айтқан еді. Өкініштісі, бәрі де сол ауызша айтылған күйде, ұмытылып қалған, жазып алынбаған, сақталмаған. Анығында, Жолдас Омарұлының қан майданда төрт жыл бойы соғысып, Украина даласынан Берлинге дейін жүріп өткен жорықты жолы, Житомир, тағы басқа қалаларды жаудан азат етудегі ерліктерінің астарында соғыс шежіресіне қатысты небір сыр тұнып тұр.
Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді, сол майданнан аман келген, кейіннен бейбіт өмірде ел дәулетін еселеген Омар әулеті сынды соғыс, еңбек ардагерлерін жиі насихаттап, өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа үлгі етіп отырудың мән-маңызы ерекше. Ерлікті ұмытпау – баршаның парызы.
Әлімжан ЖАҚАН,
журналист
Қарағанды облысы