Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Өзінің айтуынша, фотоөнерге деген қызығушылығы бала кезінен басталыпты. Мектепте оқып жүрген кезінде ауылға бір фотограф келіпті. Ауыл адамдарын фотоға түсіріп, кейін сол суреттерді өздеріне сатыпты. Сол кезде бала Шүкірдің ойына «Мұны мен де істей аламын ғой» деген ой сап ете қалады. Сөйтіп, «Смена» фотоаппаратына қол жеткізеді. Сурет шығаратын басқа да құрал-саймандарды түгендейді. Сосын ауыл-ауылды аралап, адамдарды суретке түсіре бастайды. Айналдырған аз уақытта ақшаға қарық болады. Осылайша, 8-сыныпта оқып жүргенде 1 200 рубльге су жаңа «Ява» мотоциклін сатып алады. Бұл оның фотографиядан тапқан алғашқы үлкен табысы еді.
ҚазМУ-ға үш рет тапсырып, үшеуінде де жолы болмайды. Сосын Алматыдағы Жеңіл өнеркәсіп техникумының фототехника мамандығында білім алады. Оны бітірген соң, алдымен Мақтаарал аудандық газетінің, кейін республикалық «Халық кеңесі» газетінің фототілшісі атанады. Одан соң «Социалистік Қазақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан» газетіне орналасады.
«Көпен Әмірбек ағам «СҚ»-ның сатира бөлімінде істейтін. Сол кісінің дәнекер болуымен «Социалистік Қазақстан» газетіне ауыстым. Жұмысқа қабылдар алдында Шерағаң: «Қасқырды аяғы асырайды, фототілшіні де аяғы асырайды. Жұмысқа қабылдандың», деді. Бұл 1991 жылғы 4 желтоқсан болатын.
Шүкір осы басылымда аттай алты жыл қызмет етті. Табанынан тозды, қатарынан озды. «Жиырма үш жасымда «Егемен Қазақстанға» жұмысқа тұрғаным, Шерхан Мұртаза бастаған ағалармен бірге жұмыс істегенім – Құдайдың берген бағы. Заманның қиын кезінде сол ағаларымның жақсылығын көрдім», дейді фотожурналист. Ол «Егемен Қазақстанда» жүріп бүгінде бақиға аттанып кеткен қазақтың талай тарланының бейнесін таспаға түсірді. Шүкір Шахайдың түсіріп үлгере алмай қалған адамы Шәмші Қалдаяқов екен.
«Бірде Шерхан Мұртаза журналист Аян Нысаналинге: «Шәмші ауруханада жатыр екен. Барып сұхбаттасып қайтыңдар. Шүкір суретке түсірсін», деп тапсырма беріпті. Аян ағаның қолы тимеді ме, әлде уақытымыз болмады ма, сол күйі бара алмадық. Кейін Шәмші қайтыс болып кетті. Шәмшіні алғаш және соңғы рет табытта жатқан кезде көрдім. Табытта жатқанын суретке түсірдім. Бір өкінішім осы» дейді фотожурналист күрсініп.
Ол уақытта фототілшілердің тақырыбы, бағыты болатын. Мысалы, Сайлау Пернебаев көбіне ақын-жазушыларды, Нұрғожа Жұбанов қыз-келіншектерді, Зейнел Үйсінбаев балаларды түсіретін. Шүкір Шахай да өз тақырыбын тапты. Ол көпшілікке репортаж, портреттер түсірумен танылды. Сонымен қатар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы көптеген маңызды сәтті суретке түсіріп, тарихи фотошежіренің тарланына айналды.

Фотожурналистке суретті түсіру ғана емес, оны уақыт тезінен аман алып қалып, келер ұрпаққа жеткізу – маңызды міндет. Кейде бір ғана кадр бүтін бір дәуірдің куәсіне айналады. Ал сол кадрларды жоғалтпай, жүйелеп сақтай білу – үлкен жұмыс. Шүкір Шахайдың шығармашылық болмысын айқындайтын ерекшеліктің бірі де осы. Ол бүкіл суретін цифрландырып, сақтап қойған. Бұл – фототілшілердің көбінде кездесе бермейтін ерекше қасиет. Өзінің айтуынша, бұл қасиетті ол Сайлау Пернебаевтан үйреніпті. «Арамыздағы суреттеріне өте тиянақты қарайтын фототілші Сайлау Пернебаев еді. Ол суреттерін жеке конвертке салып, сыртына атауын жазып қоятын. Осы ізбен сегіз жыл бойы суреттерімді цифрладым. Тіпті сол жолда үш сканерді істен шығардым. Күн сайын жұмыстан кейін 2 сағат уақытымды жұмсап, барлық суретімнің электронды нұқсасын жасадым. Біразы фотоальбом болып жарыққа шықты», дейді ол.
Рас, Шүкір Шахай шығарған фотоальбом жетерлік. Ел тарихының шежіресі іспетті «Қазақстан», «Түркістан», «Тәуелсіздік: қас қағым сәт», «Астана: қас қағым сәт», одан бөлек «Қаһарман Қасым», «Роза Рымбаева» секілді тұлғаларға арналған фотоальбомдары бар. Фототілші бізге «Қаһарман Қасым» фотоальбомының шығу тарихын ерекше тебіреніспен жеткізді.

«Бір күні «Мәдениет және тұрмыс» журналының басшылары Қасым Қайсеновтің суретін түсіріп беруімді сұрады. Қасым ағаның үйіне барып, суретке түсірдім. Сол суреттер ағаның өзіне ұнап, мені жақын тарта бастады. Кездесулері бола қалса, мені шақыратын. Екінші ұлым Ерланның тілі енді шығып келе жатқан кезі еді. Сөзін «Баяғыда...» деп бастайтын, таза қазақша сөйлейтін. Қасым аға соның сөйлегенін қызық көретін. Бірде хабарласып: «Ерланды сағындым, үйіңе барсам қайтеді?» деді. Ол кезде Таугүлдегі жатақханада тұратынмын. Үйдің алдына келгенде: «Сен жатақханада тұрасың ба?» деп сұрады. «Иә, бес-алты жылдан бері осында тұрамын», дедім. «Осы уақытқа дейін маған неге айтпайсың?» деп ұрысты. Үйге кіріп, бірге шай іштік. Ерланмен біраз «әңгімелесті». Сосын ақсақалды үйіне апарып тастадым. Сол кезде қолыма жеке бланкісіне жазылған хат ұстатты да: «Мынаны қала әкіміне апарып бер», деді. Әкімдікке бір-екі рет барып едім, кіргізбеді. Бір күні Қасым аға хабарласып: «Әй, Шүкір, хатты не істедің?» деді. Мен ол хат жайында ұмытып кеткем. Әкімге кіре алмағанымды айттым. «Қазір үйге кел», деді. Сөйтіп, мені ертіп алып әкімге апарды. Үш күннен кейін төрт бөлмелі үй алдым. Қасым ағаның осы жақсылығын өмір бойы ұмытпаймын», деп батырды есіне алды. Қасым батырдың суреттерін жинақтап, фотоальбомын дайындапты. Альбомды «Атамұра» баспасынан Мұхтар
Құл-Мұхаммед шығарып беріпті.

Суреттерді түсірген – Шүкір ШАХАЙ
Шүкір Шахай – портреттік фотоның шебері. Ол мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, зиялы қауым өкілдерінің, өнер мен мәдениет тарландарының бейнелерін тарихта қалдырды. Өзбекәлі Жәнібековтің басына тақия киіп, қолына кесеқап ұстап түскен атақты суреті бар. Осы суретті Шүкір Шахай түсірген.
Осы суреттің қалай түсірілгенін сұрадық. «Парламентте сурет түсіріп жүргем», деді фототілші. Өзбекәлі аға: «Әй, бала, кешке үйге келіп кетші», деді. Айтқан уақытында бардым. Өзіне арнап тіктірген шапандары, тақиялары, басқа да ұлттық киімдері бар екен. Соларды киіп, суретке түсті. Екі сағаттай фотосессия жасадық. Бір қарасам, қабырғада кесеқап ілініп тұр екен. Соны қолына ұстаттым да, соған қаратып түсірдім. Ең көп тараған суреттердің бірі осы болды», деп есіне алды.
Шүкір Шахай 2002 жылы Үкімет басшысының жеке фотографы болып жұмысқа қабылданған. «Содан бері тоғыз Үкімет басшысы ауысты. 24 жылдан бері осы жерде қызмет етіп келемін» деп, қазіргі жұмысына да тоқтала кетті.
Фотосурет те адам секілді, оның да жасырған сыры болады. Сурет арқылы біреулер табысып жатады. Сондай сәттер Шүкір Шахайдың өмірінде де кездесіпті. Түркістан облысындағы Ленгір ауданында болған. Фототілші осы аудандағы бір шаруашылықты суретке түсіруге барады. Шаруашылық басшысын да суретке тартады. Кейін суреттер репортаж болып газетке жарияланады. Сол суреттің арқасында Мажарстандағы бір кісі отыз жыл бұрын жоғалтып алған бауырын тауыпты. Осыған ұқсас тағы бір оқиға қазіргі Алматы облысының Қапал ауданында болыпты. «Үйгентас жайлауында Қабанбай батырдың 300 жылдығы тойланды. Тойға арғы беттен қандастар да келді. Олар ұлттық киімде екен. Қолдарына газет ұстатып, суретке түсірдім. Сол сурет баспасөз науқаны қарсаңында газетте жарияланды. Осы сурет арқылы бұрын екі жаққа ажырап кеткен туыстар бір-бірін тауыпты», дейді фотожурналист.
Сұхбатымыздың соңында өзін қандай мәселе алаңдататынын сұрадық. Соның бірі – фотолардың ұрлануы. Ол суреттерінің бәрін заңдастырған. «Өзім түсірген суреттерді көп жерден көремін. Қаламақысын төлемесе де, ең болмаса жанына аты-жөніңді жазбайтынына таңғаламын. Ешкіммен дауласып, соттасқым келмейді. Алайда бұлай істеу дұрыс емес. Бізде фотосуреттерге қатысты заң жоқ», деген ішкі қынжылысын да жеткізді. Сөзінен оны тағы бір мәселе алаңдататынын байқадық. «Бір-екі жыл бұрын бір фотограф Мұхтар Шахановтың қартайған кезін суретке түсірді. Әрине, фотографтың ниеті дұрыс шығар. Бірақ тұлғаларды әбден қалжыраған, қартайған шағында суретке түсірудің керегі жоқ», деді ол.
Қазір барлық адамның қолында смартфон бар. Содан болар, фотограф мамандығына деген көзқарас та өзгерді. Алайда фотоаппараты бар адамның бәрі фотограф емес. Ол – бар болғаны фотоаппараты бар адам. Ал фотография – өнер. Фотограф уақытты тоқтата алмайды. Дегенмен, қас қағым сәтті қағып алып, мәңгілікке сақтап қала алады. Шүкір Шахайдың әрбір кадрынан өткен дәуірдің ізі, уақыттың тынысы айқын сезіліп тұрады.