Қоғам • 13 Маусым, 2026

«Қазақмыс» әлеуметтік бағдарламаларымен 5,7 мыңнан астам адам қамтылды

3 мин
оқу үшін

«Қазақмыс» тобы үшін әлеуметтік жауапкершілік пен жұмыскерлерге қолайлы еңбек жағдайын жасау негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Компания қызметкерлердің өмір сүру сапасын арттыруға, кадрлық әлеуетті нығайтуға және өзіне қатысы бар өңірлердегі отбасыларды қолдауға бағытталған шаралар кешенін жүйелі түрде жүзеге асырып келеді, деп жазады Egemen.kz.

«Қазақмыс» әлеуметтік бағдарламаларымен 5,7 мыңнан астам адам қамтылды

2026 жылдың алғашқы төрт айында әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға 989 млн теңге бағытталды. Қолдау шарасымен 5 751 қызметкер мен олардың отбасы мүшелері қамтылды. Қаражаттың елеулі бөлігі өмірде қиын жағдайға тап болған жұмыскерлерге материалдық көмек көрсетуге бағытталды. 2 941 адамға қолдау көрсетіліп, төлемнің жалпы көлемі 604 млн теңгені құрады.

Қазақмыс

Қызметкерлердің денсаулығын сақтау мен сауықтыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде: 3 мыңға жуық қызметкер шипажайлық-курорттық ем қабылдаса, тағы 717 жұмыскер сауықтыру шығынын өтеу бағдарламасын пайдаланды. Ұзақ жылдар бойы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген зейнет жасы алдындағы қызметкерлерге арналған қосымша әлеуметтік кепілдіктерді көздейтін «55/7» бағдарламасы өз жұмысын жалғастырып келеді.

Қазақмыс

Компанияның әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі – қызметкерлердің отбасын қолдау. Жазғы кезеңде жұмыскерлердің 1 200 баласы Щучинск, Балқаш қалаларындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының филиалдарында демалады. Жолдама мен жол шығынын компания толық өз мойнына алды. Бұл мақсатқа 450 млн теңге қарастырылды. Ерекше қажеттілігі бар балаларды емдеу мен оңалтуға қосымша 31 млн теңге бөлінді.

Қазақмыс

Тұрғын үй бағдарламасы да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Биыл наурыз, маусым айларында Жезқазған мен Балқаш қалаларында компания қызметкерлеріне 29 пәтер өтеусіз негізде берілді. Жыл соңына дейін Балқаш қаласында жұмыскерлерге тағы 152 қызметтік тұрғын үй беру жоспарланып отыр.

Қазақмыс

Әлеуметтік бағдарламаларды іске асырумен қатар компания жұмыскерлердің еңбек жағдайын жақсартуға және өндірістік-тұрмыстық инфрақұрылымды дамытуға жүйелі түрде инвестиция салуда. 2026 жылы әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды жөндеу мен жаңғыртуға шамамен 2,4 млрд теңге қарастырылды. Бағдарлама аясында «Қазақмыс» тобының кәсіпорындарында 83 нысанды жаңарту жоспарланған. Олардың қатарында әкімшілік-тұрмыстық кешен, жатақхана, жуынатын бөлме, зертхана, бақылау-өткізу бекеттері және өндірістік инфрақұрылымның өзге де нысандары бар. Аталған жобаларды іске асыру қызметкерлердің жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ компания кәсіпорындарында өндірістік мәдениетті одан әрі дамытуға бағытталған.

Қазақмыс

Әлеуметтік қолдаудың кешенді жүйесі – «Қазақмыс» тобының корпоративтік саясатының маңызды құрамдас бөлігі. Іске асырылып жатқан бағдарламалар жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға, отбасылардың әл-ауқатын нығайтуға және компания қызмет ететін өңірлердің тұрақты дамуына ықпал етеді.

Айта кетейік, жыл басында «Қазақмыс» корпорациясына жаңа басшы тағайындалған болатын.

Соңғы жаңалықтар